Вашингтон, 15 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами халықаралық әуежайында Copa Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 жолаушылар ұшағы мен UPS компаниясының Boeing 767 жүк ұшағы жерүсті қозғалысы кезінде соқтығысты. Бұл туралы АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) хабарлады.
Жолаушылар ұшағы терминалдағы қақпаға қарай бет алған кезде оның қанаты жүк ұшағының алдыңғы бөлігіне тиіп, фюзеляжында үлкен зақым пайда болған.
«Copa Airlines әуе компаниясының Boeing 737 ұшағы Майами халықаралық әуежайында жерүсті қозғалысы кезінде қанатының ұшымен UPS компаниясының Boeing 767 ұшағының тұмсығына соғылды», – делінген FAA хабарламасында.
Билік өкілдерінің мәліметінше, жүк ұшағы Колумбияға ұшуға дайындалып жатқан. Оның экипажына жолаушылар ұшағына жол беру туралы нұсқау берілген.
Copa Airlines компаниясының хабарлауынша, соқтығысқан жолаушылар ұшағының бортында 166 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған.
Оқиға салдарынан екі жолаушы жеңіл жарақат алған. Оларға әуежайда медициналық көмек көрсетілген.
Қазіргі уақытта жолаушылар ұшағы әуежай терминалының маңында тұр.
Ал UPS компаниясы өз ұшағымен болған оқиға туралы хабардар екенін мәлімдеді. Компания экипаж мүшелерінің қауіпсіз екенін және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.




