Астана. 16 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) басшылығымен кеңес өткізіп, ведомствоның жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, олардың алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті», – делінген хабарламада.
Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға, экономикалық салада мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғауға, сыбайлас жемқорлық пен өзге де заң бұзушылықтарға қарсы күреске басымдық беру керектігін айтты.
Сонымен қатар Президент кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алуды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шараларын, оның ішінде басым мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да күшейтуді тапсырды.
Бұған дейін, дүйсенбі күні Тоқаев 2022 жылғы қаңтардан бері ҰҚК-ні басқарып келген Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, оның орнына комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Ірменовті тағайындаған болатын.




