Астана. 18 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Құрылтай сәрсенбі күнгі отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады.
Келісім 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте жасалған.
Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым жөніндегі комитетінің қорытындысына сәйкес, келісімнің негізгі мақсаты – цифрлық экономиканың орнықты әрі инклюзивті дамуын қамтамасыз ету, экономикалық белсенділіктің өсуіне қолдау көрсету және Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.
Келісім электрондық сауда, цифрлық құжат айналымы, электрондық төлемдер, логистика, тұтынушылардың құқықтары мен дербес деректерді қорғау, қаржылық технологиялар (FinTech), киберқауіпсіздік және бәсекелестік саясаты мәселелерін қамтиды.
Сонымен қатар құжат шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің цифрлық экономикаға қатысуын кеңейтуге және тұтынушылардың цифрлық қызметтерге деген сенімін арттыруға бағытталған.
«Қазақстан үшін отандық тауарларды ілгерілетуге, цифрлық қызметтерді дамытуға және бизнеске қойылатын әкімшілік кедергілерді азайтуға қосымша мүмкіндіктер ашылады», – делінген комитет қорытындысында.
Заңның қабылдануы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, қазақстандық тауарлардың Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның цифрлық нарықтарына шығуына, сауда рәсімдерін жеңілдетуге, трансшекаралық электрондық саудадағы кедергілерді азайтуға және өңірлік цифрлық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
«Келісімді іске асыру Түркі мемлекеттері ұйымы аясында цифрлық экономика мен электрондық сауданы дамытуға қолайлы заманауи жағдай қалыптастыруды көздейді. Бұл Қазақстанның сауданы дамыту және экономиканы цифрландыру жөніндегі ұлттық әрі стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді», – деп көрсетілген қорытындыда.
Келісім бойынша мемлекеттердің егемендік өкілеттіктері басқа тарапқа берілмейді және ұлттық заңнамалардан жоғары тұратын ортақ реттеу жүйесі құрылмайды. Құжат әр елдің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы еліміздің ТМҰ елдерімен тауар айналымы 13,9%-ға өсіп, 13 млрд долларға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,2%-ға артып, 11,5 млрд долларды құрады.




