Астана. 18 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайы сәрсенбі күнгі отырысында «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады. Бюджеттің негізгі көрсеткіштері Үкімет ұсынған деңгейде сақталды.
«Жалпы, 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Үкімет ұсынған негізгі бюджеттік көрсеткіштер сақталды», – деді заң жобасын депутаттарға таныстырған Құрылтай депутаты Ольга Перепечина.
2027 жылы республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді қоса есептегенде 25,4 трлн теңгені, ал шығыстары 30,2 трлн теңгені құрайды. Салық түсімдері 19,5 трлн теңге, салықтық емес түсімдер 377 млрд теңге көлемінде болжанған. Өңірлерге бөлінетін бюджеттік субвенциялар көлемі 6,3 трлн теңгеге жетеді.
«Құрылтайда бюджет жобасын Үкіметпен бірлесіп қарау нәтижесінде бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, Мемлекет басшысының резервін 36,8 млрд теңгеге, Үкімет резервін 146,6 млрд теңгеге қысқарту есебінен қосымша 183,4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығыстары есебінен 77 млрд теңге қарастырылды», – деді Перепечина.
Осылайша, депутаттар 2027 жылы жалпы сомасы 262,6 млрд теңге болатын қосымша шығыстарды қарастыратын түзетулерді қолдады.
Атап айтқанда, Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауға 114,1 млрд теңге бөлінеді. Оның 75,9 млрд теңгесі ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін арттыруға жұмсалады. Бұл бюджет саласында жұмыс істейтін шамамен 370 мың адамның табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 20 млрд теңге, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге 600 млн теңге, өзге шығыстарға 17,6 млрд теңге қарастырылған.
Емханаларда жұмыс істейтін 77 мың қызметкердің еңбекақысын арттыру үшін жыл сайын қосымша 135 млрд теңге қажет болады.
Бұдан бөлек, Президенттің жекелеген тапсырмаларын орындауға 101,5 млрд теңге бөлу көзделген. Оның ішінде Сәтбаев атындағы каналдан Астанаға дейін су құбырын тартуға 34,5 млрд теңге, шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртуға және қосымша техникалық жабдықтауға 21,9 млрд теңге, «Балқаш» атом электр станциясына қатысты инженерлік іздестіру жұмыстарына 16,2 млрд теңге, Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің штат санын ұлғайтуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,5 млрд теңге, өзге шығыстарға 26,6 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ депутаттар өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жалпы сомасы 47 млрд теңге бөлуді көздейтін түзетулерді қолдады. Оның 28,1 млрд теңгесі жылумен, газбен және электр энергиясымен жабдықтау салаларына, 4,9 млрд теңгесі сумен жабдықтауға, 2,5 млрд теңгесі денсаулық сақтау нысандарына, 6,5 млрд теңгесі арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға, 2,5 млрд теңгесі әуе көлігі саласына, тағы 2,5 млрд теңгесі Төтенше жағдайлар министрлігінің нысандарына бағытталады.
Сонымен қатар республикалық бюджеттің тиімді әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар арасында жалпы сомасы 135,5 млрд теңге қайта бөлінді.
18 қарашадағы ресми бағам – 1 доллар үшін 443,96 теңге.




