Астана. 18 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады, деп хабарлады сәрсенбі күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Хабарламаға сәйкес, кездесу барысында Президент екі елдің ортақ тарихына, тату көршілік қатынастарына, өзара құрметке және халықтар арасындағы берік байланыстарға негізделген Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының ерекше сипатын атап өтті.
«Мемлекет басшысы екіжақты қатынастардың жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтерілуі құқықтық саланы қоса алғанда, барлық негізгі бағытта ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуды көздейтінін атап өтті», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, Тоқаев Красновқа Қазақстанда мемлекеттік-құқықтық жүйені тұтастай жаңартуға бағытталған ауқымды саяси реформалар туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Ресей Жоғарғы сотының төрағасы қазақстандық соттармен белсенді ынтымақтастық орнатылғанын айтты.
«Екі елдің жоғары сот органдары арасында тарихта алғаш рет ынтымақтастық туралы келісім жасалғаны атап өтілді. Бұл құжат кәсіби тәжірибе алмасуға, сот төрелігін цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге негіз қалайды», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Краснов ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және цифрлық дағдыларын дамытуға мүдделі екенін растады.




