Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан бокс құрамасының төрт өкілі Халықаралық бокс федерациясының жаңартылған әлемдік рейтингінде бірінші орынға шықты.
Әлемдік рейтинг көшбасшылары:
– Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін);
– Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін);
– Наталья Богданова (70 келіге дейін);
– Айбек Оралбай (90 келіден жоғары).
Тағы төрт қазақстандық боксшы – Назым Қызайбай, Махмұд Сабырхан, Алуа Балқыбекова және Аида Әбікеева өз салмақ дәрежелерінде екінші орынға жайғасты.
Нұрбек Оралбай мен Дина Исламбекова да әлемдік рейтингтің үздік үштігіне енді.
Жалпы, Қазақстанның 16 боксшысы әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына енген.
Еуразия24 пікірі:
Қазақстан боксының тарихына үңілсек, әлемдік рейтингтегі төрт бірінші орын спортшыларымыз үшін ең жоғары көрсеткіш емес. 2026 жылдың наурыз айында қазақстандық боксшылар World Boxing рейтингінде бірден алты салмақ дәрежесі бойынша көш бастаған еді. Қарашаға қарай екі салмақ дәрежесіндегі жетекші орнымыздан айырылғанымызбен, Қазақстан әлі де әлемдегі ең мықты бокс державаларының бірі болып қала береді.
Қазақстанның басты бәсекелесі – Өзбекстан. Қазір бұл елдің бес боксшысы әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Әуесқой бокста Орталық Азияның екі бокс мектебінің көш бастап отырғаны көп нәрсені аңғартады. Оның үстіне қазақстандық және өзбекстандық спортшылар АҚШ, Куба, Ұлыбритания секілді бокс дәстүрі қалыптасқан, спорт тарихы бай елдердің өкілдерімен бәсекеге түсіп жүр. Бұл мемлекеттердің спортқа бөлетін қаржысы да мүлде басқа деңгейде.
Бокс – Қазақстан спортшылары әлемнің ең мықты қарсыластарымен тең дәрежеде бәсекеге түсіп қана қоймай, жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатын санаулы спорт түрлерінің бірі.




