«16 қараша күні сағат 13:18-де мектептегі үзіліс кезінде қайғылы оқиға орын алды. Мектеп ғимаратының үшінші қабатында баспалдақтың сүйенішінен сырғанап түспек болған оқушы құлап, екінші қабат деңгейіне түскен. Салдарынан бала ауыр бас-ми жарақатын алған», – деп Kazinform агенттігі Алматы облысының білім басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Зардап шеккен 11 жастағы бала аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Оның өмірін сақтап қалу үшін республикалық, қалалық және облыстық деңгейдегі жетекші балалар нейрохирургтері бар күшін салған. 17 қарашада балаға шұғыл операция жасалды.
«Медицина мамандарының барлық күш-жігері мен жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00-де баланың қайтыс болғаны тіркелді», – делінген хабарламада.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы – балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.
Алайда бұл оқиғаға қатысты бірқатар сұрақ бар. Бала кездейсоқ қаза тапты ма, әлде қайғылы жағдайға ересектердің салғырттығы себеп болды ма?
Бұл – жан түршігерлік оқиға. Қаза тапқан баланың да, оның отбасының да қайғысын сөзбен жеткізу қиын. Дегенмен біздіңше, мұндай жағдайда мектептің жауапкершілігі туралы мәселені біржақты қарастыруға болмайды. Кез келген мектепте балалар үзіліс кезінде жүгіреді, секіреді, бір-бірімен итеріседі, баспалдақ сүйенішінен сырғанайды. Өйткені олар – бала, мұндай әрекет олардың жасына тән. Сондықтан директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қаншалықты қатаң бақылау орнатса да, әр үзілістің ешбір оқыс оқиғасыз өтетініне жүз пайыз кепілдік бере алмайды.
Бір жағынан, мектеп әкімшілігінен бақылауды күшейтуді талап етсек, баспалдақтар мен терезелердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады? Әр баспалдақ алаңына, әр терезенің жанына кезекші қою керек пе? Әлде әр оқушының қасына жеке бақылаушы бекіту қажет пе? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ.
Екіншіден, бала мектепте болған уақытта оның қауіпсіздігіне білім беру ұйымы жауапты. Тергеу барысында баспалдақ құрылымының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, үзіліс кезінде мұғалімдердің кезекшілігі қалай ұйымдастырылғаны және баланың құлауына жол бермеудің нақты мүмкіндігі болған-болмағаны анықталуы ықтимал. Баланы біреу байқамай немесе әдейі итеріп жіберген болуы да мүмкін емес пе?
Қайғылы кездейсоқтық пен қылмыстық салғырттықтың арасында түбегейлі айырмашылық бар. Тергеудің міндеті – осы екеуінің аражігін нақты ажыратып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау.




