Астана. 25 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайы сәрсенбі күнгі отырысында «Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, заң жобасында отандық медициналық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту мақсатында медициналық туризмді дамыту тетіктерін заң жүзінде бекіту ұсынылған.
«Бүгінде Қазақстанда күрделі операциялар жасалып, жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Отандық медицинаның мүмкіндіктеріне шетел азаматтары да қызығушылық танытып отыр. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізу ұсынылады», – деді ол.
Қазақстанға емделуге келетін шетел азаматтарына медициналық қызмет көрсету және олардың емделу кезеңінде қажетті қолдау алу тәртібін реттеу жоспарланып отыр. Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, салаға қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, ол Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.
Бұдан бөлек, заң жобасында медициналық бұйымдарға қойылатын талаптарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру көзделген.
Атап айтқанда, медициналық бұйымдарды өндіру, елге әкелу және пайдалану тәртібі нақтыланады. Тексеру жүргізу кезінде олардың адам денсаулығына төндіретін қауіп деңгейі ескеріледі. Сондай-ақ сапасыз және жалған медициналық бұйымдарды анықтау мен айналымнан алып тастау шараларын жетілдіру жоспарланып отыр.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, медициналық ұйымдардың қызмет сапасын бағалау және оларды аккредиттеу тәртібі де заңнамалық тұрғыдан жетілдіріледі. Жаңа ауруханалар мен емханалардың құрылысын жоспарлау кезінде өңірлердегі халық саны мен медициналық көмекке деген қажеттілік ескерілетін болады.
Сонымен бірге, заң жобасында ағзалар мен тіндерді, сондай-ақ қан түзетін дің жасушаларын трансплантациялауға қатысты мәселелер нақтыланған.




