Брюссель. 27 қараша. ИНТЕРФАКС – Еуропалық одақ қорғаныс саласында АҚШ-қа тәуелділікті азайтып, өз әскери әлеуетін нығайту үшін қосымша ондаған миллиард еуро бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Bloomberg ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
«Мәселеден хабардар дереккөздердің айтуынша, Еуропа Вашингтонға тәуелділікті азайтуға ұмтылып отырғандықтан, Еуропалық одақ АҚШ-тың әскери құралдары мен мүмкіндіктерін алмастыру үшін ондаған миллиард еуро көлемінде несие мен грант бөлуді әзірлеп жатыр», – деп хабарлады агенттік.
Агенттіктің мәліметінше, бұл қаражат ауқымды әскери қақтығыс жүргізуге қажетті техникалық және логистикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталмақ. Алайда қаржыландырудың нақты көлемі әзірге белгіленген жоқ. Бағдарламаның түпкілікті шарттары оны әзірлеушілердің ЕО және НАТО елдерімен келіссөздерінен кейін айқындалады. Сондай-ақ АҚШ-тың Еуропада қандай әскери күштерін қалдырып, қайсысын әкететіні де ескеріледі.
Дереккөздердің нақтылауынша, жаңа бағдарлама 2027 жылдың екінші жартысында іске қосылады. Оны қаржыландыруға 2028–2034 жылдарға арналған Еуропалық одақтың ұзақ мерзімді бюджетінен (Multiannual Financial Framework, MFF) де қаражат бағытталады.
Bloomberg мәліметінше, жаңа бастама Еуропалық одақтың қорғаныс саласын қаржыландыруға арналған SAFE (Security Action for Europe) бағдарламасын алмастырады. Бюджеті 150 млрд еуроны құрайтын бұл тетік ЕО-ның ұзақ мерзімді бюджеті күшіне енгенге дейін қорғаныс саласындағы бірқатар қажеттілікті өтеуге арналған болатын. Алайда агенттік дерегіне сәйкес, SAFE бағдарламасы аясында ұсынылған ұзақ мерзімді несиелердің 21 млрд еуросы сұраныссыз қалған.
Бұған дейін жаңа бюджетте қорғаныс саласына 130 млрд еуро бөлу көзделген еді. Оның жартысын стратегиялық әскери мүмкіндіктерді дамытуға бағыттау жоспарланған.
Еуропалық одақ бұған дейін бірлескен қорғаныс қаржыландыруының басым бағыттарын айқындаған болатын. Олардың қатарында зымыранға қарсы және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, барлау, бақылау және барлау мақсатындағы ақпарат жинау бар. Алайда Bloomberg мәліметінше, қаржының жеткіліксіздігінен ЕО елдері бұл бағыттарда әзірге айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған.
Жұмаға қараған түні Германия канцлері Фридрих Мерц Брюссельдегі саммитте Еуропалық одақ елдерінің басшылары 2028–2034 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бюджет бойынша келісімге келе алмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселені шешуге келесі талпыныс 17–18 желтоқсанда өтетін саммитте жасалады.
Ал Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта 21 қарашада өзі ұсынған бюджет жобасына қатысты пікір білдіріп, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға арналған қаржыландыру 120 пайызға, ал қорғаныс саласына бөлінетін қаражат 232 пайызға ұлғаятынын атап өтті.




