Евразия24Экономика«Күтіп отыра алмаймыз»: Қазақстан ЖЭО құрылысын өзі бастады

«Күтіп отыра алмаймыз»: Қазақстан ЖЭО құрылысын өзі бастады

|

|

Tengrinews.kz хабарлағандай, Қазақстан Көкшетаудағы жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысын өз күшімен бастады. Бұл туралы Премьер—министр Олжас Бектенов Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан жеңілдетілген әрі кепілді қаржыландыру бойынша нақты ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан Көкшетауда құрылыс жұмыстарын өз күшімізбен бастап кеттік. Бұл жобамен “Самұрық—Энерго” айналысып жатыр. Ал Семей мен Өскеменге қатысты да ресейлік тараптың жауабын күтіп отырмыз. Егер жақын арада жауап болмаса, бұл жобаларды да өзіміз жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырамыз. Біз күтіп отыра алмаймыз», — деді Олжас Бектенов.

Премьер—министрдің айтуынша, мұндай жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға мүмкіндік бар. Оның сөзінше, ЖЭО пайдалануға берілгеннен кейін табыс әкеліп, салынған инвестицияны өтейді.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Премьер—министрі Олжас Бектенов еліміздің солтүстік өңірлерін газбен қамту мәселесі бойынша Ресей Федерациясымен кеңес жүргізіліп жатыр.

«Біз ресейлік әріптестерімізбен кеңес үдерісін жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда нақты мерзімдер немесе жобалар жөнінде айту ерте деп санаймын. Күтейік, әзірге белсенді келіссөздер мен кеңес жүргізілуде. Нәтиже шыққан жағдайда, бұл туралы ресми түрде хабарлаймыз», – деді Үкімет басшысы ТАСС агенттігінің сұрағына жауап бере отырып. Ол келіссөздердің мазмұнына қатысты нақты ақпарат беруден тартынып, егжей—тегжейін ашып айтпады.

Евразия24 пікірі:

Қазақстан Премьер—министрі Олжас Бектеновтің Ресеймен арадағы бірлескен жобалар – үш қалада жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу және елдің солтүстік пен шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері бойынша айтқан сөздері бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралды. Үкімет басшысының бұл бағыттағы мәлімдемелері прагматикалық тұрғыдан айтылғанына қарамастан, кейбір пікірлерде оларға саяси реңк беріліп отыр.

Анығында, Премьер—министр тек ел мүддесіне сай экономикалық мақсат—міндеттерді атап өтті. Қазақстан тарапының бұл мәселеде сабырмен, салқынқанды ұстаным танытып отырғаны байқалады. Ел үкіметі Ресейде биылғы мамыр айында 14 жылу электр станциясын жаңғырту жобасының санкциялық шектеулер мен қажетті құрал—жабдықтардың жетіспеушілігіне байланысты кейінге шегерілгенін жақсы біледі. Демек, мұндай тәуекелдер Қазақстанмен бірлескен жобаларда да болуы әбден мүмкін. Бұл – қалыпты құбылыс, қазіргі геосаяси жағдайда объективті шындық. Жеке бір елге бағытталған уәж емес.

Қазақстан өз энергетикалық әлеуетін өз бетінше дамытуға құқылы және оған сырттан ешкім кедергі жасай алмайды. Тек өз ішінде саяси ерік пен нақты қадамдар қажет. Мәселен, Көкшетауда ЖЭО салу жөніндегі бастама бұдан он үш жыл бұрын көтерілген. 2012 жылдың 1 наурызында Ақмола облысының солкездегі әкімі Қайрат Қожамжаров халықпен есептік кездесуінде өңірдегі электр энергиясының өзіндік құнын төмендетудің бір жолы ретінде Көкшетауда жылу электр орталығын салу ұсынылғанын және жобаға техникалық—экономикалық негіздеме әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінгенін мәлімдеген.

Егер сол кездегі Үкіметтер – Кәрім Мәсімов пен Серік Ахметовтің кабинеттері бұл бастамаларды дер кезінде іске асырғанда, қазіргі таңда Қазақстан солтүстік көршінің техникалық мүмкіндіктерін күтіп отырмас еді.

Газдандыру мәселесінде де ұқсас жағдай байқалады. 2012 жылы Мемлекет басшысы болған Нұрсұлтан Назарбаев елдің солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды Үкіметке тапсырған еді. Алайда бұл бастама күні бүгінге дейін толық жүзеге аспаған.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Вашингтон мен Брюссельдің қарым-қатынасын өзгерте ме?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілуі Вашингтон мен Еуроодақ арасындағы қатынас өздігінен жақсарады деген сөз емес. Бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.