Евразия24Арғы беттеҒалымдардың еңбегі жоққа шығарылмасын: ИЯФ Жақсалиевке жауап қайтарды

Ғалымдардың еңбегі жоққа шығарылмасын: ИЯФ Жақсалиевке жауап қайтарды

|

|

Бірнеше апта бұрын «Eurasia24.media» порталында «ЯФ – Қазақстанның атом болашағының негізі» атты авторлық материал жарияланды. Одан кейін «Жақсалиев Мемлекеттік сыйлық пен Ядролық физика институтының рөліне қатысты жағдайға алаңдаулы» деген мақаласы жарық көрді.

Евразия24 пікірі:

Біз өзімізді еліміздегі жетекші ядролық физиктер қатарына қоспаймыз және басты мүддеміз – Мемлекеттік сыйлықтың шын мәнінде лайықты үміткерлерге берілуін қамтамасыз ету. Бұл процесcтің ашық әрі әділ өтуі – негізгі қағидатымыз. Осыған орай, аталған жағдайға қоғамдық назар аударудың бір бөлігі ретінде Ядролық физика институтының Ғылыми кеңесінен келіп түскен ресми хатты назарларыңызға ұсынамыз.

Қорытынды жасау мен пікір білдіру – оқырманның еншісінде.

Ядролық физика институтының Ғылыми кеңесі (құрамында 3 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты және 8 PhD докторы бар) 2025 жылғы 25 шілдеде KazTAG ақпарат агенттігінде жарық көрген Б.М. Жақсалиевтің пікір-мақаласына бейжай қарай алмады. Ол мақалада Институт авторлар ұжымы әзірлеген және әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған «Ядролық физика институтының Қазақстанның стратегиялық және тұрақты дамуына атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер, әзірлемелер мен жаһандық технологияларды енгізу арқылы қосқан үлесі» атты ғылыми жұмысына қатысты көзқарастар білдірілген.

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыс Комиссияға жолданар алдында Ядролық физика институтының Ғылыми кеңесінде қаралып, әр автордың үлесі мен жетістіктері жеке сараланды. Ғылыми кеңес мүшелерінің ортақ пікірінше, авторлар (Сахиев С.К., Борисенко А.Р., Гизатулин Ш.Х., Ермаков Е.Л., Жүсіпов М.А., Кислицин С.Б., Чакрова Е.Т., Шаймерденов А.А.) жұмыста қамтылған нәтижелерге тікелей қатысы бар мамандар және Ядролық физика институтында нақты ғылыми бағыттар бойынша жауапты орындаушылар болып табылады. Аталған бағыттарға іргелі және қолданбалы зерттеулер, зерттеу реакторын конверсиялау, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотоптар мен радиофармацевтикалық препараттар технологияларын әзірлеу, бұзбай бақылау әдістері, ядролық нысандарды сараптау және жобалау жұмыстары кіреді. Әрбір авторға қатысты шығармашылық үлесі туралы анықтамалар ресімделіп, Комиссияға ұсынылған. Сонымен қатар, Жұмыста Ядролық физика институтының жалпы ұжымының үлесі де атап көрсетілген. Осы ретте Мемлекеттік сыйлықты иелену – тек авторлардың еңбегіне берілген баға ғана емес, сонымен бірге ұйымның елдің ғылыми-техникалық әлеуетіне қосқан елеулі үлесінің жоғары бағалануы ретінде қабылданады.

Екіншіден, С.К. Сахиевке қатысты Б.М. Жақсалиев ұсынған ақпарат шындыққа жанаспайды және бұрмаланған. 2015 жылы дәл С.К. Сахиевтің бастамасымен Институттың ұзақ мерзімді даму стратегиясы әзірленіп, кейін Энергетика министрлігімен бекітілді. Оның басшылығымен реакторды конверсиялаудың маңызды кезеңі, яғни оны іске қосу — сәтті жүзеге асты. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында CERN және Лауэ-Ланжевен институтымен халықаралық ғылыми әріптестікке қолжеткізді. Мұндай нәтижелерге бір жыл ішінде жету – ауқымды еңбек пен кәсіби тәжірибені талап етеді.

2022 жылы С.К. Сахиев қызметке қайта оралғаннан кейін, ЯФ институтының ғылыми және өндірістік әлеуетін дамыту ісін жалғастырды. 2022 жылдан бері өндіріс көлемі 4 есе, ғылыми жобалар саны 3 есе артты, институттың инфрақұрылымы жаңартылып, қайта жарақтандырылуда. 2022–2025 жылдар аралығында ИЯФ ЦЕРН (Женева) – NA62, LHCb және SHiP; FermiLab (Чикаго) – DUNE; және ОИЯИ (Дубна) – SPD NICA секілді жетекші халықаралық коллаборациялардың толыққанды серіктесіне айналды.

Үшіншіден, Жүсіпов М.А.-ның Ядролық физика институтымен аффилирленуі жөнінде мына жайтты атап өткен жөн: профессор М.А. Жүсіпов – Қазақстандағы теориялық ядролық физика ғылымының негізін қалаушы. Бұл бағыттағы барлық зерттеу жұмыстары оның жетекшілігімен жүргізілген, Институттағы тәжірибелік қондырғыларда бериллий мен литий сияқты жеңіл ядроларды зерттеу бойынша атқарылған жұмыстар  ғылыми жұмыста қамтылған.

Халықаралық рецензияланатын басылымдарда ЯФ институты қызметкері мәртебесінде жарияланымдардың болмауына қатысты айтылған сынға келсек, Уәжді кеңес профессор Жүсіповтің 1962–1966 жылдары аралығында ЯФ институтында қызмет атқарғанын, сонымен қатар М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Д.В. Скобельцын атындағы ядролық физика ғылыми-зерттеу институтына іссапармен жіберілгенін түсіндіреді. Профессор ЯФ институтынығ қызметкерлерімен бірлесе отырып, Дубна қаласындағы Ядролық зерттеулердің біріккен институты (ОИЯИ) шығаратын ғылыми журналдарда, атап айтқанда Physics of Particles and Nuclei басылымында 2009 және 2011 жылдары мақалаларын жариялаған.

1969 жылы профессор Жүсіпов ЯФ институты пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ядро теориясы мен құрылымы бойынша ғылыми мектеп құрды. Оның жетекшілігімен профессор, ЯФ институтының 2004–2014 жылдар аралығындағы зертхана меңгерушісі Е.Т. Ибраева кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғады.

Осыған байланысты М.А. Жүсіповтің ЯФ институты қызметіне тікелей қатысы бар екені дәлелденген. Сонымен қатар, Мемлекеттік сыйлыққа ғылыми жұмысты ұсыну қағидаларына сәйкес әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ЯФ институттың Ғылыми кеңестерінің ұсынымы негізінде Жүсіпов М.А. жұмыстың авторлар құрамына енгізілген.

Төртіншіден, кейбір авторлардың (Чакрова Е.Т., Борисенко А.Р.) ғылыми дәрежесінің жоқтығына қатысты пікірге жауап ретінде, Ғылыми кеңес бұрынғы вице-министрге Мемлекеттік сыйлыққа жұмыс ұсыну тәртібін реттейтін қағидалармен мұқият танысуды ұсынады. Аталған ережедеавторлардың ғылыми дәрежесінің болуы міндетті талап ретінде көрсетілмеген. Ғылыми жұмыста радиофармпрепараттар (РФП) мен медициналық технологияларды өндіріске енгізу, ядролық медицина клиникаларын жобалау және сараптау салаларындағы нақты жетістіктер ұсынылған. Бұл бағыттар бойынша ғылыми дәрежесі жоқ, алайда жоғары біліктілігі бар мамандар табысты жұмыс істеуде. Қазіргі таңда дәл осы мамандардың арқасында Қазақстанда адам өмірі үшін аса маңызды радиофармпрепараттар өндіріліп, ядролық медицина орталықтары тұрақты түрде жұмыс істеуде. Аталған дәрі-дәрмектердің көмегімен жыл сайын 18 мыңнан астам азаматқа емдеу және терапиялық қызмет көрсетіледі.

Жақсалиев Б.М.-ның барлық авторлар рецензияланатын ғылыми басылымдарда жариялануы тиіс деген пікірі де түсініктеме беруді қажет етеді. Бұл ретте, автор тарапынан технологияларды өндіріске енгізудің нақты нәтижелерін қамтитын технологиялық құжаттар мен патенттер тізбесі ескерілмеген болуы мүмкін. Аталған құжаттар да ғылыми-зерттеу қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады және технологияның практикалық қолданысын растайтын дәлел ретінде бағаланады. Бұл Мемлекеттік сыйлықтың мақсаты мен талаптарына қайшы келмейді.

ВВР-К зерттеу реакторын жоғары байытылған ураннан төмен байытылған уран отынына көшіру (конверсиялау) жобасына қатысты Ғылыми кеңес бұл бастаманың іске асырылу кезеңдері туралы халықты хабардар ету қажет деп есептейді.

Реакторды конверсиялау жобасы 2003 жылдан 2017 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асырылды. 2010 жылға дейінгі аралықта дайындық жұмыстары жүргізілді, олардың қатарында:

2003–2009 жылдары – реакторды төмен байытылған уран отынында жұмыс істейтін жүйеге көшіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді, сондай-ақ жаңа актив аймақтың тұжырымдамалық жобасы мен төмен байытылған уран негізіндегі жылу шығаратын шоғырламаның жобасы дайындалды. Сонымен қатар, конверсия жоспары жасалып, негізгі инженерлік-есептік жұмыстар атқарылды.

2010 жылы төмен байытылған уран отынымен жұмыс істейтін жылу бөлу жинақтарына (ЖБЖ) арналған конструкторлық құжаттама әзірленді.

Реакторды конверсиялау жобасын іске асыруға бағытталған негізгі жұмыстар 2010–2017 жылдар аралығында жүргізілді:

2010–2013 жылдары – эксперименттік жылу бөлу жинақтарының (ЭЖБЖ) тәжірибелік партиясы дайындалып, реакторда олардың ресурсқа төзімділігіне сынақтар жүргізілді;
2014–2016 жылдары – реактордың негізгі жабдықтары мен жүйелері жаңғыртудан өткізілді;
2016 жылы – физикалық және энергетикалық іске қосу жұмыстары аяқталып, реактордың жаңартылған техникалық паспорты рәсімделді. Осы жылы төмен байытылған уран отынымен штаттық жұмыс кезеңі басталды;
2017 жылы – Ядролық физика институтынан (ИЯФ) жоғары байытылған уран отынының соңғы партиясы шығарылды.

Аталған жұмыстардың белсенді кезеңі 2011–2018 жылдар аралығына, яғни Б.М. Жақсалиевтің ҚР Энергетика вице-министрі қызметіндегі өкілеттік мерзіміне сәйкес келеді.

Осыған орай, бұрынғы вице-министрдің аталған ғылыми жұмысқа қатысты пікірінде шындыққа жанаспайтын, тарихи деректерді бұрмалауға ұқсайтын тұстар бар. Бұл – Ядролық физика институтының ғылыми ұжымының көпжылдық еңбегін жоққа шығару әрі атом саласы мамандарының кәсіби беделіне нұқсан келтіретін тұжырым. Мұндай негізсіз бағалаулар қоғам арасында ғылыми ұйымның шынайы бейнесіне күмән келтіруі ықтимал.

Ядролық физика институтының Ғылыми кеңесі атом энергетикасы саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерге қатысты бұрынғы вице-министрдің кейбір тұжырымдарын негізсіз деп санайды. Атап айтқанда, Институттың шағын модульдік реакторлар технологиясын дамытуға қосқан үлесі жөніндегі сыни пікір шындыққа жанаспайды. Бұрынғы вице-министрдің мұндай пайымдауға қандай уәждер мен дәлелдер негізінде келгені түсініксіз. Осыған байланысты ЯФ институты Ғылыми кеңесінің мүшелері халықты мұндай негізсіз мәлімдемелерге ермеуге және тек нақты ғылыми деректерге сүйенуді ұсынады.

Бүгінгі күннің нақты дерегі ретінде ИЯФ пен Жапонияның атом энергетикасы агенттігінің жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар (ВТГР) технологиясын дамытуға бағытталған ортақ жұмысы 15 жылдан бері үздіксіз жалғасып келе жатқанын атауға болады. Бұл реакторлар ядролық энергетикадағы төртінші буынға жатады және шағын модульдік реакторлардың перспективалы үлгісі ретінде бағаланады.

ЯФ институт ұжымы осы реакторлардың қауіпсіздігін арттыру бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл зерттеулердің нәтижелері халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалған. Мәселен, HTGR технологиялары бойынша атқарылған жұмыстар Жапония Үкіметі тарапынан тұрақты қаржыландырылып келеді. 2019 жылы осы бағыттағы зерттеулердің авторлары – Ш.Х. Гизатулин мен А.А. Шаймерденов Жапонияның атом энергетикасы агенттігі Президентінің алғыс хатымен марапатталған.

ВТГР бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулер қазіргі таңда әлемдік ғылыми журналдарда кеңінен дәйектеліп, болашақ ядролық қондырғылардың конструкциялық және жобалық шешімдерінде қауіпсіздік талаптарын күшейту негізінде қолданылып келеді.

Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары М.Б. Жақсалиев ЯФинститутының қызметін тікелей қадағалаған вице-министр болғанына қарамастан, оның пікірінің мазмұны мен мазмұндық қисыны Институттың нақты қандай жұмыстармен айналысқанын білмегенін немесе біле тұра назар аудармағанын аңғартады. Сондай-ақ, авторлар ұжымы әзірлеген ғылыми жұмыстың мазмұнымен толыққанды таныспағаны байқалады.

Бұл жағдай М.Б. Жақсалиевтің Ядролық физика институтының қызметі туралы шынайы ақпараттан хабарсыз болғанын, әрі аталған ғылыми жұмысты сараптауға қажетті кәсіби құзыретінің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Ядролық физика институтының
Ғылыми кеңесі

Аталған материал редакция қарауына 2025 жылғы 30 шілдеде жолданған. Жарияланым техникалық себептерге байланысты кейінге шегерілді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Поделиться:

Читать далее:
Related

Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуы тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналып,...

Тоқаев Үкіметке мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектті енгізу бойынша шаралар әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке...

Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейтіп, қызметтік хат алмасуды отандық мессенджерге көшіруді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік...

Жыл соңына дейін қазақстандық кәсіпорындар өндірісте жасанды интеллект енгізудің экономикалық нәтижесін көрсетуі тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды...