Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасында айтылған уәде бойынша, алдағы бес жыл ішінде өңірлерді дамыту және өңірлік саясатты іске асыру бағытында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді және тұрақты дамуына ықпал ететін сапалы өзгерістер жүзеге асады. 3,8 миллион сапалы жұмыс орны құрылады, ал өңірлерді білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, сондай-ақ өңірлік стандарттар жүйесіне сай инженерлік және көлік инфрақұрылымын қоса алғанда, негізгі игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 96%-ды, ауылдарда 71%-ды құрайды.
25 тамызда Үкіметтің қаулысымен жаңа құжат бекітілді. Ол 2021 жылы қабылданып, іске асырылған 2025 жылға дейінгі Аумақтық даму жоспарының орнына енгізілді. Бұл тұжырымдаманың кездейсоқ емес, нақты негізде пайда болғанын және оның – бұрынғы стратегиялық құжаттың құқықтық мұрагері екенін атап өтуіміз бекер емес. Себебі екі құжатта да әзірлеушілер елдегі өзекті мәселелерді көрсетіп, оларды шешу жолдарын және қол жеткізуге тиіс нәтижелерді нақтылайды.
Біз байқаған тағы бір маңызды мәселе – бағдарламалық құжаттарда нақтылықтың азайып бара жатқаны.
Атап айтқанда, қаржыландыру көлемі бұрынғыдай нақты көрсетілмейді. Оның орнына «республикалық және жергілікті бюджеттер шеңберінде» деген жалпылама тіркеспен шектелу үрдісі қалыптасқан.
Бұл, бір жағынан, қоғам тарапынан жыл сайын бір мәселелерге бөлінетін ірі көлемдегі қаржы шығындарына деген қызығушылықты бәсеңдетуі мүмкін. Екінші жағынан, көзделген нәтижелерге қол жеткізілмеген жағдайда бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғаны үшін нақты жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді.
Мұндай ой түю — тым аңғалдық болар еді. Себебі, Жоғары аудиторлық палата бәрібір кім, қанша қаржы және не мақсатқа жұмсағанын, сонымен қатар қандай нәтижеге қол жеткізгенін есептеп шығарады. Жақында біздің редакция аймақтарды дамытуға бөлінген бюджет қаражатына арналған арнайы материал жариялаған болатын (https://eurasia24.media/glavnoe/nerezinovyj-byudzhet-bolee-3-lishnih-trln-tenge-za-2-goda-seli-regiony/ ). Сол зерттеу нәтижесінде 2024 жылы аймақтарды қолдауға бөлінген 2 трлн теңгеден астам қаржының мақсатсыз немесе артық жұмсалғаны анықталды. Алайда, осыған қарамастан, еліміздегі 20 өңірдің 17-сі әлі күнге дейін дотациялық сипатынан және қаржылық дербестікке қол жеткізе алмауынан арылған жоқ.
2024 жылғы бюджетке қатысты Жоғары аудиторлық палатаның өткір талдауынан кейін үкімет жаңа бағдарламалық құжат қабылдады. Бір жағынан, ол орталық пен өңірлер жұмысының үйлесімділігін қамтамасыз етуге қажет. Бірақ екінші жағынан, көзге көрінер нәтиже бермейтін мұндай жоспарлардан қандай пайда?
25 тамызда қабылданған жаңа Тұжырымдамада келесі мәліметтер келтірілген (бірнеше үзінді ұсынамыз):
«Жалпы, өңірлік бөліністе экономикалық даму деңгейінде айырмашылықтар сақталуда. Мысалы, жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші бойынша ең жоғары (Атырау облысы) және ең төмен (Түркістан облысы) мәндердің айырмасы 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 9,5 есені құрады».
«Экономикалық дамудағы теңгерімсіздік елдегі өнеркәсіп өндірісінің біркелкі орналаспауынан да көрініс табады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өнімінің жартысына жуығы елдің бес өңірінде – Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында – өндірілген».
«Экономикалық белсенділіктің біркелкі бөлінбегенін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің жан басына шаққандағы көрсеткіштері де айғақтайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, негізгі капиталға жан басына шаққандағы инвестиция көлемі бойынша Атырау облысы (3 072,5 мың теңге) Жамбыл облысынан (414,5 мың теңге) 7 еседен астам артық».
«Экономикалық даму деңгейіндегі теңгерімсіздік халық табысы мен өмір сүру деңгейінен де көрініс табады. Ең жоғары жалақы мөлшері Батыс макроөңірінде (Атырау, Маңғыстау облыстары), Орталық-Шығыс макроөңірінде (Ұлытау облысы), сондай-ақ ірі агломерациялар – Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Ал Оңтүстік және Солтүстік макроөңірлерде орташа айлық жалақы республикалық деңгейден төмен (2024 жылы Қазақстан Республикасы бойынша орташа жалақы – 402,6 мың теңге)».
«2024 жылдың 4-тоқсанында халықтың ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын үлесі бойынша өңірлер арасындағы айырмашылық 4 есеге жетті (Қазақстан Республикасы бойынша орташа көрсеткіш – 4,8 %). Ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын халықтың ең көп үлесі Оңтүстік макроөңірде (3,6 %-дан 8,4 %-ға дейін), сондай-ақ Батыс макроөңірде, атап айтқанда, Маңғыстау (7,9 %) және Ақтөбе (5,5 %) облыстарында тіркелді. Сонымен қатар, Батыс және Оңтүстік макроөңірлерде жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен (4,7 %) жоғары».
Бұл 2025 жылғы жағдай бойынша тіркелген өңірлік мәселелердің толық тізімі емес. Осындай мәселелер 2021 жылы да болған, сол кезде алдыңғы өңірлерді дамыту жоспары қабылданған еді. Бірқатар оң өзгерістер де жоқ емес, оларды атап өтпей кетуге болмайды. Біріншіден, 2020 жылдан бері еліміздің халқы 18,6 миллионнан 20,3 миллион адамға дейін артты. Екіншіден, халықтың өмір сүру ұзақтығы 73,2 жастан 75,44 жасқа дейін ұлғайды. Үшіншіден, урбанизация деңгейі 58,7 пайыздан 63 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9,1 мың АҚШ долларынан 14,3 мың долларға дейін артты.
Алайда, өткен жоспар да, қазіргі концепция да тек дотациялық өңірлерге емес, бүкіл Қазақстан аумағына, соның ішінде ірі дамыған қалаларға да қатысты екенін естен шығармауымыз керек. Дәл осы донор қалалардағы оң өзгерістер елдегі «орташа көрсеткіштерді» жақсартуға елеулі үлес қосты.
Ресми статистикаға жүгінсек, елдегі демографиялық жағдай, әсіресе табиғи өсім тұрғысынан алғанда, негізінен қалалық тұрғындардың, соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында халық санының өсуі есебінен жақсарған. Мәселен, 2000 жылы Астана қаласындағы табиғи өсім 1513 адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 22,7 мың адамға жеткен. Алматы қаласында да ұқсас динамика байқалады.
Алайда өңірлерге жеке тоқталсақ, оң динамика тек Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында байқалады. Ал, мысалы, Ақмола облысында табиғи өсім 2000 жылғы 1081 адамнан 2024 жылы 958 адамға дейін төмендеген. Қостанай облысында бұл көрсеткіш 1121 адамнан бар болғаны 40 адамға дейін қысқарған. Солтүстік Қазақстан облысында тіпті табиғи өсім емес, табиғи кемігені тіркелген – 2000 жылы +314 адам болса, 2024 жылы –407 адамға дейін құлдыраған. Яғни, туғандар саны қайтыс болғандар санын жаппай отыр.
Бұл жағдай 2022–2025 жылдары іске асқан өңірлерді дамыту жоспары аясында орын алып отырғанын айта кету керек.
Мұндай стратегиялық құжаттарда билік өкілеттіктерін орталықсыздандыру, қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық беріліп келеді. Алайда халықтың азаюын тоқтатып, әсіресе әлеуметтік-экономикалық жағынан әлсіз өңірлерден жаппай көшуді болдырмау үшін тұрғындарға ең қажет үш негізгі жағдай – тұрмыстық инфрақұрылымның қолжетімділігі, тұрақты жұмыс орындарының болуы және жанұялық толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін әлеует.
Ұлттық экономика министрлігі өз әзірлеген Өңірлік даму тұжырымдамасында ең қарапайым қажеттіліктерге қалай қол жеткізбек? Солтүстік және оңтүстік өңірлерде халықтың үштен бірінен астамы – тұрақты табыс пен әлеуметтік кепілдіктері жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш тіпті жартысына жуық.
Жақында қабылданған тұжырымдамада мынадай деректер келтірілген: «Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың басым бөлігі 35–44 жас аралығындағы азаматтар. Олардың саны сәйкесінше – 159,5 мың және 577,3 мың адамды құрайды. (…) Әрбір үшінші ауыл тұрғыны (1,2 миллионнан астам адам) – өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бұл олардың ресми түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ екенін көрсетеді (яғни жалдамалы еңбекке тартылмаған). (…) Ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінде жастардың үлесі – 38 %, зейнет жасындағы адамдар – 6 %».
Жағдайдың ауыр екені байқалады. 2025–2030 жылдар аралығындағы көші-қон үдерістері ескерілген демографиялық болжамдарға сәйкес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерде ахуалдың жақсаруына қатысты оң өзгерістер күтілмейді.
Ұлттық экономика министрлігінің жоспарына сай, 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 21,5 млн адамға жетуі мүмкін. Алайда бұл өсім негізінен ірі қалалардағы тұрғындар санының артуы есебінен қамтамасыз етілмек. Атап айтқанда: Астанада халық саны 2025 жылғы 1,5 млн адамнан 2030 жылы 1,8 млн-ға дейін, Алматыда – 2,3 млн-нан 2,6 млн-ға дейін, Шымкентте – 1,2 млн-нан 1,4 млн-ға дейін ұлғаяды деп болжануда.
Үкімет тіпті өз болжамдарына өзі де сенбейтіндей әсер қалдырады. Өйткені жаңа Концепцияны бекіте отырып, басқа елді мекендерде халық санының табиғи өсімін болжау да қарастырылмаған. Соған қарамастан, ел аумағындағы барлық өңірлерде даму мәселелерінің бар екенін мойындауының өзі – оң қадам.
«Бүгінде орталық деңгейде өңірлердің дамуына қатысты мәселелерді қамтитын тиісті саясаттар шеңберінде 20-дан астам түрлі мемлекеттік орган қызмет атқарып жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдар сол мәселелер бойынша бір мезгілде әртүрлі орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерімен және олардың аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жүргізеді. Осы орайда орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара байланысында функциялар қайталанатыны байқалады. Бұл жағдай өңірлерге қатысты орталық тарапынан артық реттеуге және жергілікті атқарушы органдарға қосымша әкімшілік жүктеме түсіруіне алып келуде», – деп Ұлттық экономика министрлігі концепцияда жазған.
Бұл ретте қайталанатын мемлекеттік құрылымдарды қаржыландыруға жұмсалатын едәуір шығындар ескерусіз қалған.
Құжат ауқымды, онда өңірлік проблемаларды шешу үшін әлеуметтік салада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта және басқа да бағыттарда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға негізделген мемлекет жоспарлары жан-жақты қамтылған.
2025–2030 жылдарға арналған жобалар тізбесін қалыптастыру – өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға ықпал етеді. Бұл келесі қызмет түрлері бойынша жүзеге асырылады:
- қолданыстағы өндірістерді кеңейту және терең өңдеу саласындағы жаңа өндірістерді іске қосу;
- мұнай-газ секторы, тау-кен өндірісі және ауыл шаруашылығы салаларында ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнестің белдеулерін дамыту арқылы жобаларды жүзеге асыру;
- өңдеуші өнеркәсіпте дайын өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту – бұл ретте басымдық қосылған құнды ұлғайтуға, жергілікті өндірісті оқшаулауға және отандық шикізатты ел ішінде терең өңдеуге беріледі;
- өңірлердің (соның ішінде шекара маңы өңірлерінің) көлік-логистикалық әлеуетін ашу және іске асыру;
- өңірлердің туристік әлеуетін дамыту, оның ішінде туристік және сервистік инфрақұрылымды (шекара маңы өңірлеріндегі нысандарды қоса алғанда) жетілдіру.
Бұл тізім, сөзсіз, әсерлі. Ең бастысы – жоспарланған жобаларды мерзімінен кешіктірмей, сәтсіздіктерге сылтау іздемей, сыртқы геосаяси жағдайларға арқа сүйемей жүзеге асыру. Алайда, өкінішке қарай, бұл тұрғыда бізде үлкен үміт жоқ. Себебі көз алдымызда жоспарлар мен ресми мәлімдемелердің нақты іс-шаралармен үйлеспей жататын жарқын мысалы бар.
«Алматы агломерациясының дамуына серпін беретін маңызды бастама – Жетіген ауылына қала мәртебесін беру арқылы оны Алатау қаласына айналдыру шешімі болды. Бұл жоба аясында халықаралық деңгейдегі қаржы, білім және медицина орталықтары, сауда-логистика хабы, заманауи академиялық кластер, орнықты урбанистика мен сәулет орталығы, сондай-ақ интеграцияланған курорт салу жоспарлануда. Алатау қаласын дамыту жұмыстары бекітілген Бас жоспар және құрылған «Алатау» арнайы экономикалық аймағы шеңберінде жүргізіледі», – делінген Концепцияда.
«Алатау қаласын құру туралы» Президент Жарлығы 2024 жылдың 9 қаңтарында қабылданған болатын. Яғни бұл шешім қабылданғанына екі жылға жуықтады. Алайда осы уақыт аралығында Алатау қаласында қандай өзгерістер орын алды? Осы мақаланың авторы — қазіргі Алатау қаласы, бұрынғы Жетіген ауылының тумасы. Аталған елді мекен Алматы қаласынан бар болғаны 50 шақырым жерде орналасқан. Соған қарамастан, бүгінгі күні де бұл жер қарапайым, орта деңгейдегі ауыл күйінде қалып отыр: көшелерінде жол жоқ, сапалы жұмыс орындары мен күнделікті тұрмысқа қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз. Қала мәртебесін алғаннан бергі кезеңде баға өсімінен (тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге қатысты) өзге ешқандай нақты өзгеріс байқалмайды.
Жақында ғана Алатау қаласына орталықтандырылған газ құбыры тартылды. Алайда әрбір үй шаруашылығы үшін газ желісіне қосылу құны шамамен 1–1,2 млн теңгені құрады. Мұндай шығынды әрбір тұрғын көтере алмағандықтан, қаланы толық газдандыру мүмкін болмады. Алатауда орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ, әр үйдің ауласында жеке септик орнатылған. Сондай-ақ, орталық су жүйесі түгелдей электр қуатына тәуелді. Ауа райының қолайсыздығы кезінде бүкіл елді мекен бірнеше сағат бойы жарықсыз қалып жатады. Қыс мезгілінде мұндай жағдай әсіресе қиын сезіледі – жарық та, су да, жылу да болмайды, себебі газ пештерінің өзі электр энергиясымен жұмыс істейді.
Мемлекеттік органдардағы біреу-міреу ең алдымен Алатауға келіп көрсін, содан кейін барып бұрынғы ауылдың президент тапсырмасымен қандай ірі хабқа айналып жатқаны туралы өз Концепцияларына жаза жатар. Біздіңше, басқа өңірлер де «даму» жолында дәл осындай сценариймен алға жылжып жатыр…