Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Парламенті күдікті ақша аударымдарын бақылауға мүмкіндік беретін заңды қабылдады

Қазақстан Парламенті күдікті ақша аударымдарын бақылауға мүмкіндік беретін заңды қабылдады

|

|

Астана. 4 қыркүйек. Интерфакс-Қазақстан – Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста екі оқылымда қаралған «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Құжат Парламент тарапынан толық қабылданды және Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Бұл түзетулер салалық заңнаманы қаржылық шаралар жөніндегі жұмыс тобының (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкестендіру мақсатында әзірленген.

Заң аясында жаңа қаржылық мониторинг субъектілері енгізілді. Олардың қатарында байланыс операторлары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бар.

Жаңа нормаларға сәйкес, байланыс операторлары мобильді балансқа толтырулар туралы мәлімет беретін болады, ал «Азаматтарға арналған үкімет» – нотариустардағыдай 50 млн теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жөнінде ақпарат ұсынады. Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, бұл тетіктер күдікті операцияларды тиімді анықтап, олардың жолын кесуге ықпал етеді.

Сонымен қатар заңда скорингтік жүйені енгізу қарастырылған. Бұл – қаржылық мониторинг субъектілеріне клиенттердің (олардың өкілдерінің және бенефициарлық меншік иелерінің) тәуекел деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе, ол тиісті тексеру рәсімдерін жүргізуде қосымша құрал ретінде қолданылады.

Заңда «күдікті қызмет» ұғымы енгізіледі. Ол ақша аударымдарының жиілігіне, көлеміне және бағытына байланысты айқындалады. Мысалы, бір есепшотқа күн сайын бірдей сома аударылса, мұндай операциялар тексеріледі және олар бойынша әрі қарайғы жұмысты Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді. Қаржылық мониторинг субъектілері уәкілетті органға күдікті қызмет жөнінде хабарлама жіберуге міндеттеледі.

Сонымен бірге түзетулерде «мінсіз іскерлік бедел» түсінігі күшейтіледі. Яғни, бұдан былай қылмыстық кірістерді жылыстатуға немесе терроризмді қаржыландыруға қатысы бар адамдармен байланысы бар кандидаттар қаржы ұйымдарын басқарушы лауазымға тағайындала алмайды.

Алғаш рет барлық цифрлық активтермен операцияларға қаржылық мониторинг жүргізудің шегі белгіленді. Енді сомасы 5 млн теңгеге тең немесе одан асатын операциялар қаржылық бақылауға жатады.

Сонымен бірге мәдени құндылықтарды қолма-қол ақшаға сатып алу-сату операциялары бойынша қаржылық мониторинг шегі 45 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетілді. Сарапшылардың пікірінше, кейбір заттардың құны төмен болғанымен, олардың мәдени немесе тарихи маңызы жоғары болуы мүмкін. Бұл норма мұндай құндылықтардың елден әкетілу тәуекелін азайтуға бағытталған.

4 қыркүйектегі ресми айырбас бағамы – 1 АҚШ доллары 540,18 теңге.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Иран Пикакс тауындағы жерасты нысанының қорғанысын күшейтіп жатыр

Иран Пикакс тауының астындағы ядролық бағдарламамен байланыстырылатын нысанның кіреберістерін қосымша бекіте бастаған. Вашингтондағы Ғылым және халықаралық қауіпсіздік институты (ISI) 11 қыркүйекте түсірілген спутниктік суреттерді зерттеп, осындай қорытындыға келді.

SpaceX 28 қыркүйекте Starship-ті алғаш рет Жер орбитасына ұшырады

Ай мен Марсқа адам ұшыру үшін жасалып жатқан Starship ғарыш кемесі 28 қыркүйекте алғаш рет Жер орбитасына шығады. SpaceX мәліметінше, бұл жолы кеме бұған дейінгі сынақтардағыдай суборбиталық бағытпен шектелмей, Жерді толық айналып ұшады.

Азия қор нарықтарының басым бөлігі өсіп жатыр

Жұма күні Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі қор индекстерінің басым бөлігі жоғарылап келеді. Австралия нарығында ғана аздаған төмендеу байқалды.

Еурокомиссия Украинаға дрондар мен зымырандар сатып алуға 3,3 млрд еуро бөледі

Еуропалық комиссия Украинаға қару-жарақ сатып алуға 3,3 млрд еуро аударатынын мәлімдеді. Қаражат Украинаға қолдау көрсетуге арналған 90 млрд еуролық несие бағдарламасы аясында жұма күні Киевке беріледі.