Евразия24ЖаңалықтарҚазақстанда инвесторлар үшін әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында заңнамаға ревизия жүргізіледі

Қазақстанда инвесторлар үшін әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында заңнамаға ревизия жүргізіледі

|

|

Астана. 5 мамыр. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов инвесторлар үшін әкімшілік кедергілерді анықтау және жою мақсатында ел заңнамасына ревизия жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Сейсенбі күні Үкімет басшысы инвесторлардың құқықтарын қорғау және шетелдік капиталды тарту жұмыстарын күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға мемлекеттік органдардың, Бас прокуратураның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ басшылары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері қатысты.

«Инвестордан түсетін әрбір сұраныс – капиталды орналастыру, жаңа өндірістерді ашу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру туралы шешімдердің белгісі. Сондықтан инвесторлардың туындаған мәселелерін жедел реттеу – мемлекеттік аппараттың инвестиция тарту бағытындағы жұмысының тиімділігінің көрсеткіші», — деді О. Бектенов.

Премьер-министр өтініштерге атүсті қарап, жауапкершіліктен қашатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына қатысты ең қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеді. «Екіұштылыққа жол берілмеуі тиіс – инвестордың әрбір өтініші нақты және объективті шешімді талап етеді», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін себептердің жүйелі сипатына тоқталды. Негізгі түйткілдер мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігіне, жауапкершіліктің нақты бөлінбеуіне, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуына және жергілікті жерлердегі бақылаудың әлсіздігіне байланысты екені айтылды.

Өңір басшыларына негізгі инвестициялық жобаларды «қолмен басқару» режимінде сүйемелдеу, туындаған кедергілерді уақтылы жою және инвесторларға жер учаскелерін, инфрақұрылым мен рұқсат беру құжаттарын ұсыну кезінде формальды тәсілдерге жол бермеу тапсырылды.

Сондай-ақ кеңесте Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны (ҰЦИП) толтыру қарқынының баяулығы атап өтілді. Бүгінгі таңда ҰЦИП-қа жалпы сомасы шамамен 100 трлн теңгені құрайтын 3 мыңнан астам жоба енгізілген. Алайда 400-ден астам жоба әлі жүйеге жүктелмеген, бұл өңірлердегі шынайы көріністі бұрмалайды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр «бір цифрлық терезе» қағидатымен инвесторлардың өтініштеріне жүйелі мониторинг жүргізуді және жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, жедел әрекет етуді тапсырды. Сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасында хабарлама алмасу функциясы бар платформаның мобильді қосымшасын іске қосуды жеделдетуді жүктеді.

«Kazakh Invest» компаниясына СІМ-мен бірлесіп, шетелдік өкілдіктердің толыққанды жұмысын бастау үшін ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелерді жедел шешу тапсырылды. Сонымен қатар инвесторларға инвестициялық келісімшарттар мен жер мәселелері бойынша рұқсат беру құжаттарын пакеттік қағидатпен ұсыну, инвестициялық келісімшарттарды келісу және қол қою мерзімдерін түбегейлі қысқарту міндеттелді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ішкі істер министрлігі заңға қайшы діни насихатқа тосқауыл қойды

Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадағы жария мәлімдемелеріне байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жеке зейнетақы активтерін басқарушылардың мүмкіндігі кеңейеді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) зейнетақы активтерін басқару жүйесін түбегейлі өзгертетін түзетулер топтамасын жариялады. Басылымның бағалауынша, бұл шешімді жеке инвестициялық басқарушылар бес жылдан астам уақыт күткен.

Партиялар жаңа парламенттік міндеттерге дайын ба?

Жеті саяси партия Құрылтайдағы орындар үшін саяси бәсекенің белсенді кезеңіне қадам басты. Сайлауалды бағдарламалар жарияланып, кандидаттар тізімі бекітілді, сондай-ақ жалпыұлттық телевизиялық дебаттар басталды. Қабылданған Ата заң парламенттің рөлін жаңаша пайымдауды талап етеді. Мемлекеттік институттар жаңғыртылып, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді, парламентаризмнің жаңа үлгісі қалыптасты. Соған қарамастан, парламенттің орны мен қызметіне қатысты бұрынғы көзқарастар әлі де басым.

Трамптың Африка жөніндегі кеңесшісі Эритреямен құпия келіссөздер туралы ақпаратты жоққа шығарды

АҚШ президенті Дональд Трамптың Африка жөніндегі кеңесшісі Масад Булос Вашингтонның Эритреямен үшінші бір елге қарсы бағытталған құпия келісім жасауға ниетті екені туралы ақпаратты жоққа шығарды.