Леонид Ильич Брежнев:
«Кеше Жолдас Сусловтың жерлеу рәсімінде … , айтпақшы, ол қайда? …»
(Тарихта болған әзіл )
«Евразия-24» порталы бұған дейін президенттің тапсырмасына үкіметтің таңғаларлықтай жедел әрекет еткенін жариялаған болатын. Мемлекет басшысы жұмыс аптасының соңына дейін азаматтардың мүддесіне бағытталған экономикалық реформалар бағдарламасының іске асырылу барысын реттеуге қатысты нақты жоспар ұсынуды тапсырды. Айта кетерлігі, бұл тапсырма аптаның басында емес, тек бейсенбі күні таңертең жарияланған. Алайда сол күні кешке-ақ үкімет өз жоспарымен көпшіліктің алдына шықты. АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына бағаның өсуіне уақытша мораторий енгізіледі, сондай-ақ келесі жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтер деңгейі тұрақты күйде сақталады. ҚҚС реформасы бойынша бұрын қабылданған шешім қайта қаралып, «жеңілдетілген режим» қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, үкімет арзан ипотека көлемін екі есеге ұлғайтып, отандық автокөлік сатып алушыларға төмен пайызбен несие беру тетіктерін енгізуге уәде беріп отыр.
Осының барлығы, асығыс жеке-жеке бастамалар түрінде ұсынылды. Алайда енді, біздің пайымдауымызша, осы апта соңына дейін үкімет бұрын-соңды болмаған қарқыннан таймай, Мемлекет басшысының тапсырмасын толық орындап, азаматтардың мүддесіне бағытталған экономикалық реформалар бағдарламасына тиісті түзетулер енгізуі тиіс.
Айтпақшы, ол бағдарлама қайда?
Мүмкін, мұндай маңызды құжатты үкіметтің ресми сайтынан іздеген жөн шығар. Алайда primeminister.kz порталында… ондай бағдарлама мүлде жоқ. Нақтырақ айтқанда, бұл сайтта үкіметтің бірде-бір ресми бағдарламасы жарияланбаған. Ал егер іздеу жүйесіне «бағдарлама» деген сөзді терсеңіз, 3500-ден астам нәтиже шығады, бірақ олардың барлығы жай ғана жаңалықтар мен хабарламаларда аталып өткен сөздер ғана, ал нақты бағдарламаның өзі – жоқ.
Біз «ашық үкіметке» қарағанда ақпараттардан көбірек хабардармыз. Сондықтан болар, «2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар», «Энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба», «Бизнес жол картасы», ауыл шаруашылығын қолдау және жастар саясаты, цифрландыру, тұрғын үй бағдарламалары туралы естігенбіз. Алайда үкіметтің сайтынан осы бағдарламалар мен ұлттық жобалардың нақты тізімін табу мүмкін емес. Ал оларды іске асыру барысы туралы есептерді мүлде табу қиын.
«Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары» деген бір құжат туралы да естігенбіз. Бәлкім, сөз сол жоспар жайында болып отырған шығар деп жорамалдауға да болады. Мемлекет басшысы Үкіметке басты сындарының бірі ретінде экономикалық өсімге ұмтылғанымен, халықтың шынайы тұрмыс деңгейін назардан тыс қалдырғанын атап өтті.
Дегенмен бұл жоспарды әзірлеген Үкімет емес, Мемлекет басшысының жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі екенін айта кеткен жөн. Құжаттың өзі Президент Жарлығымен бекітілген. Алайда оның орындалуына тікелей жауапты – Үкімет. Жоспарда жылдар бойынша нақты көрсеткіштермен белгіленген 39 негізгі индикатор бар. Соның тек біреуі ғана, әрі жанама түрде болса да, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты. Ол – №5 индикатор: халықтың ақшалай шығыстары құрылымындағы азық-түлік тауарларына жұмсалатын шығынның үлесі. 2024 жылы бұл жоспар қабылданған кезде көрсеткіш 49,4% деңгейінде болған және ол биылғы жылы 47,5%-ға дейін төмендеуі тиіс еді. Алайда Статистика бюросының екінші тоқсанға қатысты деректері бұл үлестің 52,5%-ға дейін артқанын көрсетіп отыр. Жыл қорытындысы бойынша қазақстандықтар азық-түлікке одан да көп қаражат жұмсауға мәжбүр болуы мүмкін деген қауіп бар.
Ал қалған негізгі көрсеткіштердің орындалу жайы – мысалы, оқырмандық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық деңгейі, әлемдік беделді рейтингтерге енген қазақстандық жоғары оқу орындарының саны немесе ішкі және сыртқы туристердің ағымы сынды бағыттар бойынша жағдайдың қандай екенін білмейміз, әрі білу мүмкін емес – өйткені ешқандай есеп жоқ. Мұндай есептілікті Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрамындағы Статистика бюросының өзінен де табу мүмкін емес. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне тікелей қатысы бар осы құрылымның Ұлттық даму жоспарының бар екенін өзі де байқамай отырғандай әсер қалдырады. Мүмкін, солай болғаны дұрыс та шығар – қалай ойлайсыз?
Бұл не дегеніміз?
Айтпағымыз — президент тапсырмалары мен үкімет жоспарлары орындалсын десек, ең құрығанда олардың өзара байланысқан біртұтас жүйесі мен атқарылған іс бойынша есеп беретін тетігі болуы керек.
Ал әзірге Үкімет ерекше жеделдік көрсетті, дәлірек айтқанда – икемділік. Біз мұны «қысымға көнді» деп тұрған жоқпыз, өйткені бұлай деу үшін белгілі бір ұстаным болу керек, ал бұл жағдайда сөз етіп отырғанымыз – барынша жан-жақты ыңғай таныту.
Иә, коммуналдық тарифтердің көктемге дейін, яғни бүкіл қыс бойы тоқтатылуы – тұтынушылар үшін жақсы жаңалық. Бірақ бұл энергетиктер мен коммуналдық қызмет көрсетушілер үшін қаншалықты тиімді? Сайып келгенде Үкімет қыс мезгілін тоқтата алмайды ғой – керісінше, сол қыс бізді тоңдырып жіберуі мүмкін. Әрине, «тарифке инвестиция есебінен» деген саясат – бұл ұлттық ауқымдағы өзін-өзі тұғырдан тайдыру, алайда дәл осы ұстаным негізінде Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар мен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба құрылған. Ал ең бастысы – сол жаңғыртуды тоқтатуға мүлде болмайды. Қазірдің өзінде тарифтерге салмақ салмай-ақ инвестиция тартудың балама жолдарын шұғыл түрде іздестіру қажет.
Жалпы алғанда, Үкіметтің «жедел икемділігі» деп сипаттауға болатын шаралар топтамасында мынадай қайшылықтар байқалады: жеңілдетілген ипотека мен автонесиелеу – сөз жоқ, халық үшін тиімді шешім. Алайда мұндай қадамдардың республикалық бюджетке қаншалықты салмақ түсіретіні ойлантады. Себебі бюджет онсыз да едәуір тапшылық жағдайында, ал бұл қосымша жүктемелер арқылы коммерциялық несие құралдарын субсидиялау шығындары бұрынғыдан да арта түседі. Оның үстіне, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 18 пайызға дейін көтеріп жіберді, бұл өз кезегінде кредиттердің құнын одан әрі қымбаттатып отыр.
Айтпақшы, Ұлттық банк туралы да бірер сөз. Бұл мекеме Президенттің немесе Үкіметтің бағдарламаларымен қандай да бір байланыс орната ма, өз саясатын солармен үйлестіре ме? Жоқ, ешқандай байланысы жоқ және саясатында ондай үйлесім көзделмеген.
Ұлттық банктің өзі әзірлеп, өзі бекіткен 2024–2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бар. Рас, бұл құжат Президент Әкімшілігімен келісілген, дегенмен оның Үкімет немесе мемлекеттік даму жоспарларымен ұштаспайды.
Сөйтсек, бұл стратегиялық жоспардың ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары туралы да, Үкіметтің бірде-бір бағдарламасы туралы да – тіпті ең өзекті энергетика мен ТКШ-ны шұғыл жаңғырту жоспары туралы да – бір ауыз сөз жоқ, тіпті жанама сілтеме де кездеспейді.
Осыдан кейін елде нақты жоспарлау мен жүйелі іске асыру болады деп үміттену орынсыз емес пе?
Қазіргі жағдай мынадай: бізде Президент жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (АСПиР) әзірлеген «Ұлттық даму жоспары…» студенттік реферат деңгейіндегі құжат қана бар. Бірнеше ондаған беттен тұратын жалпы сипаттағы пайымдаулардан кейін, қайдан және қалай таңдалғаны түсініксіз 39 «негізгі» көрсеткіштердің кестесімен аяқталады. Аппараттық іске асыру тұрғысынан онда нақты жұмыстарға негіз боларлық ештеңе жоқ, сондықтан есептілікпен де аса бас қатырмаған жөн деп қаралған сияқты.
Сондай-ақ бізде Үкіметтің түрлі жаңғырту бағдарламалары бар – оларда жаңартуды немесе кеңейтуді қажет ететін нысандардың тізімі, қаржы көлемдері көрсетілген. Алайда бұл қаражаттың қайдан алынатыны және оның тарифтерге қаншаға түсетіні туралы түсінік жоқ.
Айтпақшы, президенттік сайттан «2029 жылға дейінгі Ұлттық даму бағдарламасын» табу мүмкін емес. Оның есесіне, akorda.kz сайтындағы «Стратегиялар мен бағдарламалар» бөлімінде бірінші орында әлі күнге дейін Тұңғыш Президенттің 2012 жылы ұсынған «Қазақстан–2050» стратегиясы тұр. Одан кейін бірден, транзит қарсаңында, яғни 2018 жылы бекітілген сол кездегі бұрыңғы Елбасы әзірлеген «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы» жайлы ақпарат кеңінен берілген.
Екінші президент кезінде СЖРА-ға «Қазақстан–2050» стратегиясын өзектендіру тапсырылғаны есімізде. Алайда стратегиялық жоспарлауға жауаптылар бұл тапсырманы орындаудан бас тартқан сыңайлы. Ал 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы Тұңғыш Президенттің атымен бекітілгенімен, кейін оның орнын екінші президент бекіткен 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму бағдарламасы алмастырғаны жайлы сайтқа жауаптылар, шамасы, ұмытып кеткен.
Сонда, Қазақстан Республикасының ресми президенттік сайты әлі күнге дейін бұрынғы президенттің бағдарламалық өсиеттерімен көмкеріліп тұр. Мұның астарында аса жақсы емес белгі жатқандай әсер қалдырады…
Бұған қоса, бізде «Ұлттық банк» деп аталатын құрылым бар, шын мәнінде ол ұлттық мүддеден гөрі сыртқы басқаруға бейім орган іспетті. Оның басты мақсаты – ішкі несиелеуді тұсаулап, сырттан қаржы тартуға басымдық беру, бұл ретте табыстардың сыртқа шығарылуына да жол ашық. Сонымен бірге, теңге бағамының жүйелі түрде әлсіреуіне ықпал етіп отыр – бұл, әрине, шикізат экспорттаушыларының пайдасына шешілуде.
Осылайша, Президент жанындағы Конституциялық референдум бойынша жұмыс тобы өз қызметіне кіріскен жағдайда, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында еліміздің «тәуелсіз» Ұлттық банкін де шын мәнінде халықтың әл-ауқаты мен ұлттық экономиканың жай-күйі үшін жауапты әрі есеп беретін органға айналдыру мәселесін қатар қарастырған жөн болар еді.