Евразия24Редакция бағаныМинсктегі үшінші конференция: қауіпсіздік, серіктестік және жаңа бастамалар

Минсктегі үшінші конференция: қауіпсіздік, серіктестік және жаңа бастамалар

|

|

Үшінші Минск еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі конференциясы  ерекше назар аударарлық форматта өтті. Іс-шараға 40-тан астам мемлекеттің және жеті халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Бірінші конференция 2023 жылдың қазан айының соңында ұйымдастырылды. Бұл кезде арнайы әскери операция басталғанына бір жарым жылға жуықтап, жағдай айтарлықтай шиеленіскен еді: Стамбулда жасалған келісімдер жүзеге аспай, Харьков пен Часов Яр маңында Украина Қарулы күштері әскери бастаманы өз қолына алғаны есімізде. Сонымен қатар Украина қарулы күштері белсенді дайындалған «қарсы шабуыл» әрекеті де «Суровикин шебіне» тіреліп, текетірестің ұзаққа созылатыны айқын аңғарылған-ды. Ал биылғы, үшінші конференция, тура сол қараша айының соңында, арада екі жыл өткенде ұйымдастырылды. Бұл жолғы кездесудің маңыздылығы – бір жағынан, қақтығыстың аяқталуы айқындала бастағанымен, екінші жағынан, шиеленістің одан әрі ушығу қаупі әлі де жоғары екендігін көрсетіп отыр.

Кездесу уақтылы ұйымдастырылып, терең әрі ашық пікір алмасуға лайықты деңгейде өтті.

Ал Қазақстан азаматтары үшін, Украиндағы соғыс – тек сырт елдегі қақтығыс емес, ол біздің болашағымызға тікелей әсер ететін геосаяси үрдіс. Осы тұрғыдан алғанда, Минскіде өткен Еуразиялық қауіпсіздік конференциясындағы қазақ тарапының қатысуы біз үшін ерекше мәнге ие. Бұл қатысу жай ғана өкілдікпен шектелмей, айрықша мазмұн және маңызбен ерекшеленді.

Енді осыны рет-ретімен тарқатып көрейік.

Конференцияның тақырыбы: «Жаһандық әлемдік (бей)тәртіп және Еуразиялық қауіпсіздік мәселелері». Атаудың өзі қалыпты ресми форматтан тыс, мәнерлі де мазмұнды қойылған. Тіпті белгілі бір дәрежеде бұл – жай атау емес, халықаралық ахуалға берілген бағалау әрі терең талқылауға шақыру іспетті.

Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген тұлғалар тізімі мен олардың реті – тек протоколдық тәртіп емес, символдық мәні зор тізбек болды. Бұл ретпен сөз берудің өзінде де мазмұнды ишара, геосаяси реңк бар еді. Алдымен, әрине, конференцияны қабылдаушы ел – Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко мінберге шықты. Одан кейін Еуроодақ пен НАТО мүшесі саналатын Венгрияның сыртқы істер министрі сөз алды. Оның ізін ала Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі сөйледі. Сосын Мьянма (Бирма) елінің сыртқы саяси ведомствосының басшысы, одан кейін Қытай Халық Республикасының Еуразиялық істер жөніндегі арнайы өкілі өз пікірлерін ортаға салды. Мұнан соң сөз кезегі ҰҚШҰ Бас хатарына – Иманғали Тасмағамбетовке берілді. Оның артынан Үндістан сыртқы істер министрінің орынбасары мінберге көтерілді. Одан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев (ол да – біздің жерлесіміз), содан соң ТМД Атқару комитеті Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов (тағы бір отандасымыз) сөз сөйледі. Одан әрі Иран мен Тәжікстан сыртқы істер министрлері өз елдерінің көзқарасын білдірді. Ашылу отырысының соңына таман Ресей-Беларусь Одақтық мемлекетінің жаңадан тағайындалған Мемлекеттік хатшысы Сергей Глазьев мінберге шықты. Ол – ресми түрде біздікі болмаса да, бізге жақсы таныс тұлға.

Сараптамамызды Сергей Глазьевтің баяндамасынан бастайық. Себебі, «Еуразия–24» редакциясы пікірінше, конференция мінберінен айтылған мазмұнды ойлардың ішіндегі ең маңыздысы – дәл осы. Бұған қоса, Глазьев өз сөзінің соңында өзі көтерген негізгі мәселелерді ықшамдай отырып, келесі мазмұндағы нақты әрі қатаң ұстанымды мәлімдеді: «НАТО елдерінің валюталарынан бас тарту, олардың есептеу техникасы мен ақпараттық технологияларын қолдануды доғару, сондай-ақ ортақ моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген әлеуметтік желі мен одақ құру – Еуразиялық қауіпсіздікті шын мәнінде берік негізде қалыптастырудың жолы».

Енді әңгімені басынан бастайық. Беларусь Президенті Александр Лукашенко конференцияны келесі сөздермен ашты: «Бүгінгі халықаралық қатынастарды бұрынғыдай сенім мен әріптестік тұрғысынан сипаттау мүмкін болмай қалды. Қазір бұл ұғымдардың орнын жаңа шекара тосқауылдарының ұзындығы мен жойқын қарулардың мегатоннасы туралы деректер басты. Батыс саясаткерлері әлі де барлығын өз мүдделеріне күштеп бағындыруға болатынына сенімді. Олар қазіргі шынайылықты түсінгісі де, мойындағысы да келмейді. Заңсыз санкциялар мен жаңа шекаралар саясаты – мейлі ол идеологиялық тосқауыл болсын, шекара мен әуе кеңістігінің жабылуы болсын – мұның бәрі біз ұмтылып отырған әлемнен оқшаулануға апаратын тура жол».

Енді Сергей Лавровтың сөзіне тоқтала кетейік: «Украинадағы қасақана жоспарланып, басталған қақтығыс Еуроатлантикалық қауіпсіздік үлгісінің түбегейлі күйреуіне әкелді. Бұл жүйе НАТО мен ЕҚЫҰ-ға сүйеніп келген болатын. Соңғы сегіз жылда Еуроодақ та осы құрылымның еуроатлантикалық құрамына айналып кетті. Украинада дәл осы НАТО-ның еуропалық мүшелері қарулы қақтығыстың ұзаруына себепші болып отыр, олар Киев режимін қарумен қамтамасыз етіп, оған қаржылай және саяси қолдау көрсетуде… Еуропада Ресейге негізсіз айып тағылып, оның НАТО мен Еуроодақ елдеріне басып кіруді жоспарлап жатқаны айтылады. Мұндай қисынсыз айыптауларды еуропалық саясаткерлер өздері ойлап тауып, халыққа шындық ретінде ұсынып отыр. Осы орайда мынадай сауал туады: өз элитасы соғыс өртіне май құйып жатқанда, еуропалықтар өздерін қауіпсіз сезіне ме екен? Біз бұған дейін де, қазір де НАТО мен Еуроодаққа мүше мемлекеттердің ешқайсысына шабуыл жасау ниетті емеспіз. Бұл ұстанымымызды Еуразияның осы бөлігіндегі болашақ қауіпсіздік кепілдіктерінде нақтылап көрсетуге дайынбыз. Алайда мұндай шынайы ұжымдық форматтағы талқылаудан Еуроодақ басшылығы саналы түрде бас тартып отыр. Олар мақтанышпен былай дейді: украин дағдарысынан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері Ресеймен бірге емес, Ресейге қарсы негізде құрылуы керек».

Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзін кеңінен келтіріп отырғанымыз бекер емес – ол өз баяндамасында Қазақстанды да арнайы атап өтті. Бұл – Ресей президенті Владимир Путиннің Еуразиялық кең ауқымды әріптестік құру жөніндегі бастамасы мен Еуразиялық қауіпсіздікті бөлінбейтін тұтастық қағидаты негізінде қалыптастыру туралы ұсынысына қатысты бөлімде айтылды. Бұл ретте Лавров мырза Африка мен Латын Америкасы құрлықтарындағы тәжірибеге назар аударды: ол өңірлерде сан алуан аймақтық бірлестіктермен қатар, ортақ құрылықтық форумдар жұмыс істейді. Ал Еуразияда, оның айтуынша, «барша тараптың тең құқықты пікір алмасуына арналған бірыңғай, кең ауқымды диалог алаңы – бірде-бір бөлек ұйым жоқ». Министр бұдан әрі нақтылай түсті: «Қауіпсіздік бәріне ортақ болмайынша, ол мүлде болмайды. Онда әркім өз бетінше әрекет етуге мәжбүр болады… Жуырда Қазақстан Президентінің бастамасымен ТМД+ атты жаңа интеграциялық формат құру туралы шешім қабылданды. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Сондай-ақ Қазақстанның Азиядағы сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды ұйымға, оның ішінде бүкіл Еуразияны қамтитын құрылымға айналдыру туралы ұсынысын да қолдаймыз».

Минскте өткен Еуразиялық форум туралы шолудың соңына жеттік. Алайда ортақ әрі бөлінбейтін Еуразиялық қауіпсіздік мәселесі бұнымен аяқталған жоқ. Бұл тақырып, әсіресе Украинаның болашағын болжау қиын жағдайда, одан сайын өзекті бола түсуде.

 

 

 

 

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Азия нарықтары төмендеді: Инвесторлар ФРЖ шешімі мен Трамп–Си кездесуінің нәтижесін бағалауда

Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі (АТР) ірі мемлекеттердің акция нарығы бейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша негізінен төмендеді.

Макронның рейтингі рекордтық төмен деңгейге түсті

Франция президенті Эммануэль Макронның қызметіне қоғамның қолдауы оның билікке келгелі бергі ең төменгі деңгейге жетті.

2025 жылы Түркияға келетін ресейлік туристер саны 7 миллионға жетуі мүмкін

Ресей мен Түркия кәсіпкерлері қауымдастығының (RTIB) басқарма төрағасы Иззет Экмекчибашының айтуынша, 2025 жылы Түркияға келетін ресейлік туристер саны 7 миллион адамға дейін артуы мүмкін.

Ресей ядролық сынақтарға байланысты ұстанымын АҚШ-тың әрекетіне қарай айқындайды

Ресей ядролық қару сынақтарына мораторийді қандай да бір ел бұзған жағдайда, қалыптасқан жағдайға қарай әрекет етеді, деп мәлімдеді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.