АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін фентанилге байланысты енгізілген 20 пайыздық баж салығын 10 пайызға дейін төмендететінін мәлімдеді, деп хабарлады CNN телеарнасы.
«Білесіздер, бұған дейін мен Қытайға фентанил импортына байланысты 20 пайыздық баж салығын енгізген едім. Бұл айтарлықтай жоғары салық», – деді Трамп. «Мен бұл салықты 10 пайызға дейін қысқарттым. Жаңа мөлшерлеме бірден күшіне енеді – енді 20 пайыздың орнына 10 пайыз болады», – деп толықтырды АҚШ президенті.
Бұған дейін Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде АҚШ-тағы қытайлық фентанил мәселесін көтеретінін және оны шешуге қол жеткізетінін мәлімдеген болатын.
Кездесуден кейін Трамп Си Цзиньпиннің фентанилден болатын өлім-жітімді тоқтату үшін «жан аямай жұмыс істейтінін» айтты.
Трамп әкімшілігі Қытай үкіметіне қысым жасаудың тетігі ретінде тарифтерді тиімді құрал деп санайды және бұл Бейжіңді фентанил мен оны өндіруге қолданылатын химиялық заттардың экспортын шектеу шараларын күшейтуге мәжбүр етеді деп үміттенеді.
Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуі бейсенбі күні Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтті.




