Sports.kz хабарлайды: Даниялық скауттар «Қайраттың» жас ойыншысына қызығушылық танытуда. Алматылық «Қайрат» клубының 18 жастағы шабуылшысы Мансұр Бірқұрманов еуропалық мамандардың назарын өзіне аударды. Дереккөз мәліметінше, Даниядан келген скауттар Бірқұрмановпен байланыс орнатуға тырысуда. Бұл қызығушылық оның УЕФА Жасөспірімдер лигасы аясында «Копенгаген» қақпасына гол соғуынан кейін (есеп — 2:2) туындаған. Айта кету керек, өткен маусымда Бірқұрманов Бірінші лигада «Қайрат-Жастар» сапында тоғыз ойын өткізіп, үш гол соқты. Ал Жасөспірімдер лигасының қазіргі маусымында төрт кездесуге қатысып, бір голмен көзге түсті.
Евразия24 пікірі:
Қазақстандық футбол үшін мұндай жаңалық — қуанарлық жайт. Демек, елде болашағы бар жас спортшылар тәрбиеленіп жатыр деген сөз. Иә, іс жүзінде шетелдік клубтарға табысты ауысқан отандық футболшылардың мысалдары көп емес, дегенмен ондай тәжірибе бар. Мәселен, қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті – бас хатшысы қызметін атқарып отырған аты аңызға айналған қақпашы Давид Лория бұған дейін Швецияның «Хальмстад» клубында, сондай-ақ Түркияның «Ризеспор» және «Каршияка» клубтарында өнер көрсеткен. Футболдағы кәсіби мансабын аяқтап, жуырда ғана «Жетісу» футбол клубының бас бапкері қызметінен кеткен Самат Смақов та кезінде Түркияның «Ризеспор» командасында ойнаған. 2025 жылдан бері «Жеңіс» сапында доп теуіп жүрген жартылай қорғаушы Исламбек Қуат бұған дейін Ресейдің «Химки» және «Оренбург» клубтарында тәжірибе жинақтаған. Бұл, әрине, Чемпиондар лигасы деңгейі емес, алайда сөзсіз кәсіби тәжірибе және халықаралық мойындау. Айта кету керек, егер Дания тарапы Мансұр Бірқұрмановқа нақты келісімшарт ұсынатын болса және футболшы өзінің қазіргі клубымен ауысым шарттарын реттей алса — бұл маңызды көрсеткіш болмақ. Өйткені скауттар тарапынан білдірілген қызығушылықтың өзі футболшының нақты трансфері болатынын білдірмейді. Оның үстіне әңгіме Еуропа клубына ауысу туралы болып отыр. Мансұрға спорттық мансабында сәттілік тілейміз!




