Астана. 26 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Өтіп бара жатқан 2025 жыл Қазақстан үшін ауқымды жаңа реформаларды – салық және парламенттік реформаларды жариялау және соған дайындық кезеңімен ерекшеленді. Қоғамда бұл бастамалар кеңінен талқыланып, кейбір жоспарланған өзгерістер күшіне енбей жатып-ақ азаматтардың күн тәртібіне әсер етті.
Инфляцияның күрделі сипаты, парламенттік реформа аясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумның жариялануы, кадрлық ауыс-түйістер, халықаралық келіссөздер мен сапарлар, заңнамадағы елеулі түзетулер – осы және өзге де мәселелер елдің қоғамдық-саяси кеңістігінде ең көп талқыланған тақырыптардың қатарында болды. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі дәстүрлі жыл қорытындысында сол маңызды оқиғаларды еске салады.
БІРПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ
Қазақстанда саяси маусым жыл басымен емес, дәстүрлі түрде күзде – мемлекет басшысының жаңа парламенттік сессияның ашылуында халыққа Жолдауымен басталатыны белгілі. 2025 жылғы саяси маусым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың резонанс тудырған мәлімдемесінен басталды: Қазақстанда парламент бірпалаталы болуы мүмкін, ал Сенат (жоғарғы палата) таратылуы ықтимал.
«Бұл мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан, дәл бүгін елімізде болашақта бірпалаталы парламент құру жөніндегі ұсынысты ортаға салғым келеді», – деді Президент 8 қыркүйекте Парламенттегі сөзінің соңында.
Қазіргі Қазақстан Парламенті 1995 жылдан бері екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұрады.
Мемлекет басшысы бұл мәселенің аса маңызды екенін атап өтіп, оны қоғамдық талқылауға кемінде бір жыл қажет болатынын, ал 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізіліп, содан кейін Конституцияға өзгерістер енгізу көзделетінін айтты.
Президенттің пікірінше, егер қоғам бұл бастаманы қолдайтын болса, жаңа бірпалаталы парламент толықтай партиялық тізімдер бойынша сайлануға тиіс.
Көп ұзамай парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Президент әкімшілігінің өкілдері, сарапшылар мен депутаттар кірді. Топқа Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жетекшілік етті.
Жұмыс тобының алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Кейінірек, қараша айында өткен бірқатар жария іс-шараларда Президент алдағы реформаның ауқымын «бұрын-соңды болмаған» деп атап, референдумда халық «іс жүзінде жаңа Конституцияға дауыс береді» деп мәлімдеді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы жаңа бірпалаталы парламентте президенттік квота болмайтынын, барлық депутаттар бірыңғай тәртіппен сайлануы тиіс екенін айтты.
Бұл бастама сарапшылар арасында қызу пікірталас туғызды. Кейбір саясаттанушылар парламенттік реформаны билік транзитімен байланыстыра бастады. Мәселен, «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, бұл қадам арқылы 2029 жылы Президент өкілеттігі аяқталғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев үшін жаңа саяси лауазым – болашақ парламенттің спикері қызметі дайындалуы мүмкін.
«Егер Сенат жойылса, іс жүзінде парламент спикері Президенттен кейінгі екінші тұлғаға айналады», – деп атап өткен еді ол БАҚ-қа берген пікірінде.
Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин журналистердің «бұрынғы, қазіргі немесе болашақ президенттердің парламент спикері лауазымына басымдықпен үміткер болу құқығы бола ма?» деген сұрағына былай жауап берді: «Жастардың тілімен айтсам, спойлер жасай алмаймын».
БЕЛДІ БЕКЕМ БУУ
2025 жылы азаматтар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – қаржы жағдайы болды. Жыл бойы негізгі түйткілдердің қатарында халықтың табысын едәуір азайтқан жоғары қарқынмен өскен инфляция тұрды.
Жаһандық факторлармен қатар, ішкі себептер де жағдайды күрделендірді. Олардың ішінде коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі, сондай-ақ ішкі нарықтағы бағаның төмен болуына байланысты көрші елдерге жанар-жағармайдың кетуі және тапшылықтың туындауы аталды.
Бағаның өсуіне әсер еткен тағы бір маңызды фактор – салық реформасының жариялануы болды. 2025 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосылған құн салығын арттыру, сондай-ақ салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қысқарту қажеттігі айтылды. Бұл реформаның негізгі себебі ретінде бюджет тапшылығы көрсетілді, ол соңғы жылдары Ұлттық қордан тұрақты түрде қаражат алу арқылы жабылып келген.
Салық реформасы қоғамда әртүрлі реакция тудырды: бастапқыда қарсылық, кейін ашу мен келіссөз кезеңдері байқалды. Бұл бастамалардың толық қабылдануы 2026 жылы, жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде айқын болмақ.
Алайда салық жүктемесінің артуы жөніндегі күтулердің өзі 2025 жылы-ақ халық табысына әсер етті. Кәсіпкерлер болашақ тәуекелдерді ағымдағы бағаларға енгізе бастады, ал қарапайым азаматтарға реформалар ресми түрде басталмай тұрып-ақ үнемдеуге тура келді.
Инфляцияның жоғары қарқынына байланысты билік тұрғын үй-коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай бағасын көтеруді 2026 жылға шегерді. Дегенмен бұл инфляцияны айтарлықтай тежеуге мүмкіндік бермеді.
Осылайша, алдағы жылы да қазақстандықтарды бағаның өсу кезеңі күтіп тұр, оған қоса салық жүктемесінің артуы әсер етпек.
КАДР – МЕМЛЕКЕТ НЕГІЗІ
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық өзгерістер әрдайым қоғам назарында болады. 2025 жылы да бұл үрдіс жалғасын тапты: жаңа ведомстволар құрылып, дәстүрлі кадрлық ауыс-түйістер жүзеге асырылды.
Көктемде Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылса, күзде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пайда болды.
Маңызды кадрлық шешімдердің қатарында Ерболат Досаевтың Алматы әкімі қызметінен кетуі бар. Ол 2022 жылдың қаңтарынан бері осы лауазымды атқарған. Күзде ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің басшылығы ауысты. Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясына сапардан кейін қызметінен босатылып, Президенттің көмекшісі болды. Оның орнына Ермек Көшербаев тағайындалды. Бұл өзгеріс қоғамда түрлі пікірлер туғызды.
Ал Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай бұл кадрлық шешімдерді мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жоспарлы ротация деп түсіндірді.
ДИПЛОМАТИЯ
2025 жылы Қазақстан Президентінің шетелдік әріптестермен халықаралық байланыстары мен сапарлары жалғасын тапты. Маңызды кездесулердің қатарында Мемлекет басшысының АҚШ-қа Орталық Азия елдері көшбасшыларының саммитіне қатысуы және Дональд Трамппен келіссөздері; Қытай Халық Республикасына Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға баруы; сондай-ақ Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары атап өтуге тұрарлық.
АҚШ-қа жасалған сапар мен Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан жалпы сомасы 17 млрд АҚШ долларынан асатын бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Осы сапар барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Израиль мен араб елдері арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалыпқа келтіруге бағытталған, АҚШ-тың делдалдығымен жасалған «Авраам келісімдеріне» қосылу ниетін мәлімдеді.
Саясаттанушы Марат Шибутовтың пікірінше, бұл қадам Қазақстанға Израиль және АҚШ-пен қарым-қатынасты жедел жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Джексон–Вэник түзетуіне байланысты сауда саласындағы шектеулердің алынып тасталуына, екіжақты қатынастардың жалпы жақсаруына, сондай-ақ гуманитарлық және технологиялық ынтымақтастықтың кеңеюіне жол ашады.
Күз мезгілінде Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өткен, Екінші дүниежүзілік соғыстағы және жапон милитаризміне қарсы күрестегі Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысқан жоғары лауазымды меймандардың қатарында болды. Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атынан ұйымдастырылған ресми қабылдауға да қатысты. Қоғамда және БАҚ-та Қазақстан Президентінің Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның жанында отырған сәті бейнеленген ресми фотосурет ерекше назар аудартты.
Қараша айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына алғаш рет мемлекеттік сапармен барды. Бұған дейін ол Ресейге ресми және жұмыс сапарларымен келген болатын. Мемлекеттік сапардың әрбір деталі қоғам мен БАҚ назарында болды. Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің ұшағын Ресей әуе кеңістігінде Мәскеуге дейін Су-35 жойғыш ұшақтары ілесіп жүрді, ал президенттік кортеж қозғалған бағыт бойында Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік туларымен қатар құттықтау баннерлері орналастырылды. Сонымен бірге әуежайда Қазақстан Президентін Ресей Президенті емес, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуровтың қарсы алуы да қызу талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойды. Бұдан бөлек, тараптар түрлі мемлекеттік органдар мен компаниялар арасында ынтымақтастықты көздейтін 13 келісім жасасты.
Қазақстан Президенті тағы да екі ел арасында елеулі түйткілдер жоқ екенін, ал қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда олар жедел түрде шешілетінін атап өтті.




