Евразия24Арғы беттеТеңсіздік тереңдеп барады

Теңсіздік тереңдеп барады

|

|

Рахимбек Абдрахманов, экономист. Теңсіздік – Қазақстан үшін №1 қауіп  Дереккөз:

2025 жылдың басында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында арнайы баяндама ұсынылып, онда Қазақстанға қатысты да жекелеген тұжырымдар айтылды. Атап айтқанда, еліміз болашақта әскери қақтығыс қаупі жоғары он екі елдің қатарына енгізілген. Бұл қауіп-қатердің негізгі себептерінің бірі ретінде – әлеуметтік теңсіздік көрсетілген. Экономист Рахимбек Абдрахмановтың пікірінше, бұл фактор елдің тұрақтылығына тікелей әсер ететін басты сын-қатерге айналып отыр.

Тұрғын үй саласындағы теңсіздік:

Елімізде халықтың небәрі 6 пайызы бүкіл тұрғын үй қорының 40 пайызына ие. Ал оның ішінде 1,5 пайызы — тұрғын үйдің 15 пайызын иемденіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда 1,5 миллион отбасы бар, олардың әрқайсысында бес адамнан артық тұрады. Сол отбасылардың 40 пайызы — бір ғана бөлмеде күн кешуде. Тағы бір маңызды дерек: елімізде 7 миллионнан астам азаматтың атына тіркелген жеке тұрғын үйі жоқ.

 

Евразия24 пікірі:

Экономист Рахимбек Абдрахманов көтерген мәселелерге өз тарапымыздан толықтырып, түсініктеме беріп өтейік.

Қазақстандағы үш ірі мұнай кен орны – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған (тиісінше: Теңізшевройл – ТШО, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг – ҚПО, және NCOC консорциумы) шетелдік операторлардың басқаруында. Бұл жобалар өнімді бөлу туралы құпия келісімшарттар (СРП) негізінде жұмыс істейді. Бүгінде бұл үш жоба елдегі мұнай өндірісінің шамамен 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Алайда салықтық түсімдер бойынша жүктеме 30 пайыздан аспайды.

Жеке тұлғалардың банк депозиттері бойынша жинақ көлемінде айқын теңсіздік байқалады. Мәселен, Алматы қаласында – 11,86 трлн теңге (жалпы салымдардың 40,6%-ы), Астана қаласында – 5,51 трлн теңге (18,9%). Яғни, екі ірі қалада елдегі барлық жинақтың шамамен 60 пайызы шоғырланған. Салыстырмалы түрде қарасақ, Алматы облысында – небәрі 0,8%, Атырау облысында (еліміздегі ірі мұнай жобалары орналасқан аймақ) – 2,9%, Маңғыстау облысында – 2,5%, Батыс Қазақстан облысында (Қарашығанақ кен орны орналасқан) – 2,3% ғана.

Ал еліміздегі ең тығыз қоныстанған өңір – Түркістан облысында, ислам әлемінің тарихи орталығы Хожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан және Түркістан қаласы қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, облыстың барлық салым көлемі небәрі 0,8%.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың үштен екісі – нақтырақ айтқанда, 69,2 пайызы – жеке жинақ пен қаржылық қорсыз өмір сүріп жатыр. Ал ірі қалаларда жұмыс істейтін азаматтардың тек 4,4 пайызы ғана орта тап санатына кіреді. Бұл санатқа айлық табысы 700 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жететін адамдар кіреді. 2024 жылы елдегі ең жиі кездесетін жалақы мөлшері – 97 557 теңге. Бұл — қазіргі есеппен алғанда, күніне небәрі 6,3 АҚШ долларына тең (айына шамамен 190 доллар).

Қазіргі уақытта халықаралық кедейлік шегі – адам басына шаққанда күніне 3 АҚШ доллары. Осы сомадан төмен табысы бар адамдар аса ауыр жағдайда өмір сүреді деп есептеледі. Бірақ Қазақстанда пальма жапырағынан лашық салып, бананмен күн көру мүмкін емес. Біз – қысы қатты елміз. Жылу, қысқы киім мен құнарлы азыққа шығын екі есеге көп. Осыны ескерсек, елдегі ең жиі тіркелетін жалақы – 97 557 теңге (күніне 6,3 доллар) – ресми түрде аса ауыр кедейлік санатына кірмегенімен, әлеуметтік тұрғыдан кедейлік шегіне жақын.

Экономист Рахимбек Абдрахмановтың мәліметінше, ЮНЕСКО деректері бойынша Қазақстан шетелде білім алып жатқан студенттер саны жөнінен әлем бойынша тоғызыншы орында. Қазіргі таңда 91,2 мың қазақстандық студент шетелдік оқу орындарында білім алуда. 20 миллион халқы бар ел үшін бұл – айтарлықтай көрсеткіш.

Алайда шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттердің үштен екісі – нақты айтқанда, 62 пайызы – елге оралуды жоспарламайды. Олар шет мемлекеттерде тұрақтап қалғысы келеді. Соңғы он жыл ішінде елден 366 мың адам тұрақты түрде көшіп кеткен.

Жас, білімді азаматтардың Қазақстаннан кету себептеріне келсек: өмір сүру деңгейі – 52%, мансаптық өсу мүмкіндігі – 38%, білім мен медицина сапасы – 32%, жемқорлықтың төмен деңгейі – 28%.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда жалпы әл-ауқаттың жартысына бар болғаны 162 адам иелік етеді. ЖИ дерегі бойынша, 2025 жылдың басында елімізде 44 307 долларлық миллионер тіркелген.

Жалпы қорытынды жасау қиын емес: Қазақстан — негізінен «шығаруға бағытталған» экономикалы ел. Бұл жүйедегі негізгі тұлғалар  — долларлық миллиардерлер. Сондай-ақ, осы үлгіге қызмет көрсететін бизнес-класс пен кәсіби орта да табысты. Миллионерлердің саны — 44 мыңнан астам. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан егер алғашқы ондықта болмаса да, «бәсекеге барынша қабілетті» отыз елдің қатарына әлдеқашан енген.

Ал қалғандары үшін – ең төменгі деңгейге жуық жалақы деңгейі ғана қолжетімді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Жапония Қытайдың әскери ұшағының әрекетіне байланысты алаңдаушылық білдірді

Жапония үкіметі Қытай тарапына наразылық білдірді. Бұған Қытайдың әскери ұшағы Жапонияның Окинава аралы маңында жапондық F-15 жойғыштарына радарын бағыттағаны себеп болды, деп хабарлайды жексенбі күні Associated Press (AP) агенттігі.

Индонезияның шығысында 5,5 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді

Индонезияның шығыс бөлігіндегі Банда теңізі аумағында жексенбі күні 5,5 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлады Ресей ғылым академиясы Біріккен геофизикалық қызметінің Алтай-Саян филиалы.

Трамптың Венесуэлаға қатысты әрекеттері аралық сайлауға кері әсер етуі мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамптың есірткі тасымалдауға қатысы бар делінген кемелерге соққы беруі және Венесуэлаға қарсы құрлықтағы әскери операция жүргізу туралы мәлімдемесі республикалық партияның кейбір өкілдері арасында алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды The Washington Post.

Макрон, Стармер және Мерц дүйсенбі күні Лондонда АҚШ пен Украина өкілдерінің келіссөздерін талқыламақ

Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Германия канцлері Фридрих Мерц дүйсенбі күні Лондонда кездесіп, АҚШ пен Украина өкілдерінің Майамидегі келіссөздерінің нәтижелерін ескере отырып, Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі бірлескен іс-қимылды үйлестіруді жоспарлап отыр.