Евразия24Арғы беттеТеңсіздік тереңдеп барады

Теңсіздік тереңдеп барады

|

|

Рахимбек Абдрахманов, экономист. Теңсіздік – Қазақстан үшін №1 қауіп  Дереккөз:

2025 жылдың басында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында арнайы баяндама ұсынылып, онда Қазақстанға қатысты да жекелеген тұжырымдар айтылды. Атап айтқанда, еліміз болашақта әскери қақтығыс қаупі жоғары он екі елдің қатарына енгізілген. Бұл қауіп-қатердің негізгі себептерінің бірі ретінде – әлеуметтік теңсіздік көрсетілген. Экономист Рахимбек Абдрахмановтың пікірінше, бұл фактор елдің тұрақтылығына тікелей әсер ететін басты сын-қатерге айналып отыр.

Тұрғын үй саласындағы теңсіздік:

Елімізде халықтың небәрі 6 пайызы бүкіл тұрғын үй қорының 40 пайызына ие. Ал оның ішінде 1,5 пайызы — тұрғын үйдің 15 пайызын иемденіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда 1,5 миллион отбасы бар, олардың әрқайсысында бес адамнан артық тұрады. Сол отбасылардың 40 пайызы — бір ғана бөлмеде күн кешуде. Тағы бір маңызды дерек: елімізде 7 миллионнан астам азаматтың атына тіркелген жеке тұрғын үйі жоқ.

 

Евразия24 пікірі:

Экономист Рахимбек Абдрахманов көтерген мәселелерге өз тарапымыздан толықтырып, түсініктеме беріп өтейік.

Қазақстандағы үш ірі мұнай кен орны – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған (тиісінше: Теңізшевройл – ТШО, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг – ҚПО, және NCOC консорциумы) шетелдік операторлардың басқаруында. Бұл жобалар өнімді бөлу туралы құпия келісімшарттар (СРП) негізінде жұмыс істейді. Бүгінде бұл үш жоба елдегі мұнай өндірісінің шамамен 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Алайда салықтық түсімдер бойынша жүктеме 30 пайыздан аспайды.

Жеке тұлғалардың банк депозиттері бойынша жинақ көлемінде айқын теңсіздік байқалады. Мәселен, Алматы қаласында – 11,86 трлн теңге (жалпы салымдардың 40,6%-ы), Астана қаласында – 5,51 трлн теңге (18,9%). Яғни, екі ірі қалада елдегі барлық жинақтың шамамен 60 пайызы шоғырланған. Салыстырмалы түрде қарасақ, Алматы облысында – небәрі 0,8%, Атырау облысында (еліміздегі ірі мұнай жобалары орналасқан аймақ) – 2,9%, Маңғыстау облысында – 2,5%, Батыс Қазақстан облысында (Қарашығанақ кен орны орналасқан) – 2,3% ғана.

Ал еліміздегі ең тығыз қоныстанған өңір – Түркістан облысында, ислам әлемінің тарихи орталығы Хожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан және Түркістан қаласы қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, облыстың барлық салым көлемі небәрі 0,8%.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың үштен екісі – нақтырақ айтқанда, 69,2 пайызы – жеке жинақ пен қаржылық қорсыз өмір сүріп жатыр. Ал ірі қалаларда жұмыс істейтін азаматтардың тек 4,4 пайызы ғана орта тап санатына кіреді. Бұл санатқа айлық табысы 700 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жететін адамдар кіреді. 2024 жылы елдегі ең жиі кездесетін жалақы мөлшері – 97 557 теңге. Бұл — қазіргі есеппен алғанда, күніне небәрі 6,3 АҚШ долларына тең (айына шамамен 190 доллар).

Қазіргі уақытта халықаралық кедейлік шегі – адам басына шаққанда күніне 3 АҚШ доллары. Осы сомадан төмен табысы бар адамдар аса ауыр жағдайда өмір сүреді деп есептеледі. Бірақ Қазақстанда пальма жапырағынан лашық салып, бананмен күн көру мүмкін емес. Біз – қысы қатты елміз. Жылу, қысқы киім мен құнарлы азыққа шығын екі есеге көп. Осыны ескерсек, елдегі ең жиі тіркелетін жалақы – 97 557 теңге (күніне 6,3 доллар) – ресми түрде аса ауыр кедейлік санатына кірмегенімен, әлеуметтік тұрғыдан кедейлік шегіне жақын.

Экономист Рахимбек Абдрахмановтың мәліметінше, ЮНЕСКО деректері бойынша Қазақстан шетелде білім алып жатқан студенттер саны жөнінен әлем бойынша тоғызыншы орында. Қазіргі таңда 91,2 мың қазақстандық студент шетелдік оқу орындарында білім алуда. 20 миллион халқы бар ел үшін бұл – айтарлықтай көрсеткіш.

Алайда шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттердің үштен екісі – нақты айтқанда, 62 пайызы – елге оралуды жоспарламайды. Олар шет мемлекеттерде тұрақтап қалғысы келеді. Соңғы он жыл ішінде елден 366 мың адам тұрақты түрде көшіп кеткен.

Жас, білімді азаматтардың Қазақстаннан кету себептеріне келсек: өмір сүру деңгейі – 52%, мансаптық өсу мүмкіндігі – 38%, білім мен медицина сапасы – 32%, жемқорлықтың төмен деңгейі – 28%.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда жалпы әл-ауқаттың жартысына бар болғаны 162 адам иелік етеді. ЖИ дерегі бойынша, 2025 жылдың басында елімізде 44 307 долларлық миллионер тіркелген.

Жалпы қорытынды жасау қиын емес: Қазақстан — негізінен «шығаруға бағытталған» экономикалы ел. Бұл жүйедегі негізгі тұлғалар  — долларлық миллиардерлер. Сондай-ақ, осы үлгіге қызмет көрсететін бизнес-класс пен кәсіби орта да табысты. Миллионерлердің саны — 44 мыңнан астам. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан егер алғашқы ондықта болмаса да, «бәсекеге барынша қабілетті» отыз елдің қатарына әлдеқашан енген.

Ал қалғандары үшін – ең төменгі деңгейге жуық жалақы деңгейі ғана қолжетімді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Платформа бар, нәтиже жоқ

Мемлекеттік органдар елдегі жұмыссыздықты төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстың сандық көрсеткіштері туралы кезекті мәлімет ұсынып отыр. Азаматтарға білім беру және кәсіби дағдыларын жаңартуға мүмкіндік жасау маңызды екені сөзсіз. Сонымен қатар мемлекеттік шаралардың тиімділігін бағалау үшін оқудан өткен азаматтардың ресми түрде жұмыспен қамтылғаны жөніндегі деректердің ашық түрде жариялануы орынды болар еді.

Кәсіпкерлікке кепілдендірілген сұраныс: саясат және сараптамалық көзқарас

Кепілдендірілген сұраныс, оффтейк-шарттар, өндірісті жергіліктендіру және квоталар – бұл дамушы өнеркәсіптік елдер жүргізіп отырған саясаттың кең таралған элементтері. Мысалы, Оңтүстік Кореяда ұзақ мерзімді оффтейк-келісімдер мен мемлекеттік тапсырыстар негізінде Samsung, Hyundai және LG сияқты ірі компаниялар қалыптасты.

Еуроодақ пен Ұлыбритания: ішкі дағдарыс және геосаяси салдар

Еуропалық одақ пен Ұлыбританияның саяси аппарат қызметкерлері даңғаза мәлімдемелерінің тасасында «кәрі Еуропаның» терең дағдарысқа ұшырағаны айқын байқалады. Еуропа құрлығында Черчилль, де Голль немесе Аденауэр деңгейіндегі саяси көшбасшылар пайда болған жағдайда, германдық рейхтер бағытындағы трансформациялардан қашып құтылу мүмкін емес. Бұл өз кезегінде милитаризацияға, нәсілдік теориялардың түрлі нұсқаларының қайта жандануына және көрші елдермен жоғары қарқынды соғыстарға әкелуі ықтимал.

КҚК шектеуіне жауап: экспорт қайта бағдарланды

Қазақстан мұнайының сыртқы нарықтарға жеткізілуі уақытша шектеулерге тап болуы мүмкін. Бұған Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында шварттық құрылғылардың бірінің жоспарлы жөндеуден өтуі және екіншісінің дрон шабуылы салдарынан істен шығуы себеп болып отыр.