Будапештте Дональд Трамп пен Владимир Путин арасындағы жоспарланған кездесудің тоқтатылуын АҚШ президенті мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Оңтүстік Кореяда 31 қазан – 1 қараша күндері өтетін АТЭС саммитінде жүздесу ықтималдығынан бөлек қарастыру қиын. Ақ үй басшысы бұл алаңда Пекинге геосаяси артықшылықтарын көрсетпек болған еді. Алайда қазіргі жағдай Вашингтонның ондай тетіктерден қағылғанын көрсетті. Бұл ахуал, өз кезегінде, Қазақстанның Қытайдың экономикалық және саяси ықпал аймағына одан әрі тереңдей ену үрдісін айқын байқатады.
Әлемдік ықпалдың ауысу процесі — ұзақ әрі күрделі құбылыс. Мәселен, Еуропада 1618–1648 жылдары болған отыз жылдық соғыстан кейін ғана құрлықтағы саяси басымдық Испаниядан Францияға өтті. Дональд Трамп геосаяси өзгерістерге «блицкриг» арқылы қол жеткізуді көздегенімен, бұл жоспары жүзеге аспады.
АҚШ-тың 47-президентінің басты стратегиялық ойы – Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесу кезінде Қытай көшбасшысына Еуропа да, Үндістан да – Вашингтонның жағында, ал Ресей кемінде бейтарап ұстанымда екенін көрсету еді. Бұған қоса, Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин сынды серіктестер де бар. Осы жағдайды пайдалана отырып, Трамп Қытай басшысына: «Жетекшілікке таласуды доғар, әлемдік өндіріс шеберханасындағы бас технолог болуға келіс, ал бас директор да, қаржы бөлімінің жетекшісі де – мен боламын», – деген астарлы емеурін жеткізуді көздеді.
Үндістанға қатысты жоспар жүзеге аспады. Делидің Ақ үйдің нұсқауларын бұлжытпай орындауының орнына, Қытай жағына ойысқаны байқалды. Дегенмен, бұған дейін премьер-министр Нарендра Моди Пәкістанға күш көрсетіп көрді. Алайда бұл тұста Исламабадтың қолындағы қытайлық ұшақтар, зымырандар, спутниктер мен нысананы дәл анықтайтын жүйелердің жоғары деңгейде жұмыс істейтіні анықталды. Сондықтан Нью-Дели Бейжіңмен қарсылас емес, әріптес ретінде ынтымақтастық орнатқан әлдеқайда тиімді деген қорытындыға келгендей.
Аляскадағы кездесуде Дональд Трамп пен Владимир Путин белгілі бір келісімге келген сыңайлы. Жанама деректерге қарағанда, Ақ үй басшысы Владимир Зеленскийді Мәскеу үшін қолайлы шекаралармен қарсы тараптарды ажыратуға негізделген бейбіт келісімге көндіруге тиіс болған.
Зеленский өз ұстанымынан қайтпады. Кремльге ұсынылған бейбіт келісім нұсқасы Мәскеу үшін онша қолайлы болмады. Бұл жолы да Ресей Федерациясы келісімге келуден бас тартты. Будапештте ешқандай мәміле жасалмайтынын түсінген Дональд Трамп Венгрия астанасындағы Владимир Путинмен кездесуді тоқтатты.
Ірі құрылыс жобаларымен айналысатын кәсіпкерге тән прагматикалық тәсіл дипломатиялық алаңда өзін ақтамады. Дипломатияда қалыптасқан ереже бойынша, басталған келіссөздер соңына дейін жеткізілуі тиіс – яғни алдын ала жарияланған кездесуден бас тартуға болмайды. Тіпті екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері арасындағы диалог шиеленісті жағдайда өтсе де, бұл жоғары деңгейдегі кездесудің күшін жоюға негіз болмауы керек.
Енді Дональд Трамп Қытай басшысымен кездесуге қандай саяси мүмкіндіктермен бармақ? Үндістан жоқ, Ресей де қатардан тыс. Еуропа бар, алайда бір жағынан ол – АҚШ-тың Демократиялық партиясына жақтас еуроатлантикалық элиталардың ықпалында, екінші жағынан – ЕО мен Ұлыбританияның мүмкіндігі шектеулі. Вашингтон Украинаға әскери көмекті тоқтатып, бұл міндетті толығымен Еуропаға жүктегеннен кейін, еуропалық қолдау көлемі 40 пайызға қысқарды. Яғни Киевке әскери көмек көрсету жауапкершілігін Брюссель мен Лондонның мойнына арта салу да мүмкін болмай қалды.
Азия елдері АҚШ-тың күш-қуаты шектен тыс асыра бағаланып жүргенін байқай бастады.
Филиппин жағалауын күзететін BRP Datu Pagbuaya кемесін Қытайдың жағалау күзеті кемесі Оңтүстік Қытай теңізінде қасақана соғып өткеннен кейін, Манила бұл аймақтағы Бейжіңмен арадағы теңіз текетіресінде әлсін-әлсін белсенділік танытып отыр. Осы ретте Оңтүстік Корея мен Жапония Қытаймен арадағы шиеленісті бәсеңдетуге тырысуда. Өйткені ҚХР өз ұстанымын дәйекті түрде қорғап, нақты әрі ұйымшыл саяси ерік-жігер көрсете алатынын аңғартты.
Егер Дональд Трамп Кёнджуда өтетін АТЭС саммитіне қатысатын болса, оныңмақтанарлықтай жетістігі жоқ. Ал егер саммитке мүлде бармай қалса, бұл Шығыс дипломатиясы үшін «абыройдан айырылу» болып саналады, ал мұндай жағдай АҚШ-тың беделіне оң әсер етпейтіні анық.
Трамп белгілі бір деңгейде аса тәуекелді халықаралық саясатқа бет бұруға мәжбүр болды. Алайда мұндай бағытта табысқа жету үшін оның бастапқы позициясы тым әлсіз еді. Бұл әлсіздік АҚШ-тың шарықтап кеткен мемлекеттік қарызына, «көлеңкелі мемлекетпен» күреске, Сорос бағытын ұстанатын жаһандық оппозицияның қысымына және ел ішіндегі деиндустриализация үдерісіне байланысты. Осындай жағдайда нәтижеге қол жеткізу үшін Трамп саяси қарқын мен бастамашылдықты бір сәтке де бәсеңдетпеуі қажет еді.
Инаугурациядан бері тоғыз ай өтті, алайда бастамадағы серпін жоғалды, стратегиялық тұрғыда айтарлықтай жетістік байқалмайды. Ал әлеуметтік желідегі белсенділік нақты саяси жетістіктердің орнын баса алмады.
АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси текетірес Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Бұл процестер қай күш орталығы әлсіреп бара жатқанын, ал қайсысы жаңа биікке көтеріліп келе жатқанын дұрыс бағамдауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда кетіп бара жатқан жұлдызды жаңа туып келе жатқан жұлдызбен шатастырып алмау — елдің сыртқы саяси бағытын айқындауда аса маңызды.




