Евразия24Басты бетДепутаттар мемлекеттік дәрі-дәрмек жүйесіндегі түйткілдерді шешуді талап етті

Депутаттар мемлекеттік дәрі-дәрмек жүйесіндегі түйткілдерді шешуді талап етті

|

|

Әрине, біз сәл әсірелеп айтып отырмыз. Дегенмен елдегі дәрілік қамтамасыз етудің қолжетімділігі мен үздіксіздігі мәселесіне арналған депутаттар мен үкімет арасындағы соңғы талқылаудан дәл осындай қорытынды туындайды. Мәселе 2025 жылдың желтоқсанында қазақстандықтардың дәріханаларда инсулиннің жоқтығына байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне жаппай шағымдануынан басталды. Бұл – өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі бір ғана мемлекеттік органның құзыретінен шығып, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселеге айналатынын көрсететін мысалдардың бірі. 2025 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректеріне сәйкес, дәрі-дәрмек беруден бас тартуға қатысты 3 мыңнан астам шағым тіркелген.

УАҚЫТ ЕМШІ ЕМЕС

Қазақстандық диабетиктер үшін қалыпты жағдайға айналған инсулин тапшылығы мәселесінен бастасақ. Жыл сайын дерлік желтоқсан айына қарай дәріханаларға бұл препаратты жеткізуде іркілістер орын алады. 2025 жыл да бұл тұрғыда ерекшеленген жоқ. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармация» қоймаларында препарат тапшылығы жоқ екенін мәлімдейді.

Желтоқсан айының соңында өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова жағдайға қатысты төмендегідей түсініктеме берді: «Қазіргі таңда «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының хабтарында аталған дәрілік заттардың қажетті қоры бар. Бұл қор ағымдағы жылдың соңына дейін ғана емес, келесі жылдың қаңтар-ақпан айларын қоса алғанда, алдағы үш айға толық жетеді. Сондықтан пациенттерді препаратпен қамтамасыз етуде ешқандай жүйелі іркілістер жоқ».

Сонымен қатар вице-министр медициналық ұйымдарда да инсулин қоры жеткілікті екенін және тұрғындар қажет болған жағдайда сол жерлерге жүгіне алатынын айтып сендірді. Ресми мәлімдеме солай болғанымен, министрліктің бұл жауабынан өзге нақты шағымдар бойынша жүргізілген тексеріс нәтижелерін кездестіре алмадық. Себебі халықтың Денсаулық сақтау министрлігіне инсулин мәселесімен арыздануы тегін емес екені анық.

2026 жылдың ақпан айында Сенат депутаты Жанна Асанова бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Ол жергілікті уәкілетті органдар әрбір пациентпен жеке жұмыс істеуі тиіс екенін айта келе, препараттарды жеткізу мерзімі мен халықтың нақты қажеттілігі әрдайым сәйкес келе бермейтінін мойындады.

«Мемлекеттік сатып алудың өзіндік ережелері бар. Кейде осы рәсімдердің мерзімі сәйкес келмей жатады, бірақ адам ағзасына «күте тұр» деп айта алмайсың. Сондықтан дәрі-дәрмек жеткізілімі үздіксіз болуы тиіс. Жалпы алғанда, қазіргі басты түйткіл осында. Жүйенің кейбір тұсында іркіліс бар», – деп келтіреді БАҚ сенатордың сөзін.

Ал оның әріптестері Қазақстандағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тиімділігі мәселесін Үкімет деңгейіне дейін көтерді.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ МӘСЕЛЕСІ

«2025 жылғы 24 желтоқсанда Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету: дәрілік заттардың қолжетімділігі, сапасы және импортты алмастыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Сарапшылар мен кәсіби қоғамдастық, сондай-ақ пациенттер ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен талқылау барысында импортқа тәуелділіктің жоғары деңгейі, тіркеу, баға белгілеу және сатып алу саласындағы шешімдердің бытыраңқылығы, логистикалық тізбектердің осалдығы мен дәрі-дәрмек саясатындағы ұзақ мерзімді болжамдылықтың шектеулілігі әлі де сақталып отырғаны атап өтілді. Бұл мәселелер медициналық ұйымдар деңгейінде өнімдерді жеткізудің кешігуі немесе орталықтандырылған сатып алу тізімінде жекелеген позициялардың болмауы жағдайында ресурстарды шұғыл қайта бөлу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету схемаларын қайта қарау қажеттілігіне әкеп соғады», — деген деректерді алға тартып, бір топ сенатор Вице-премьер Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады.

Сенаторлардың пайымдауынша, басқарушылық және клиникалық шешімдер ұзақ мерзімді жоспарлау шеңберінде емес, көбіне ағымдағы жағдайға бейімделу режімінде қабылданады. Бұл жүйенің тұрақтылығын төмендетіп, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қиындатады.

Депутаттар созылмалы аурулары бар пациенттерге тегін дәрі-дәрмек тізіміне енгенімен, жүгінген сәтте қоймада жоқ препараттар тағайындалатын жағдайларды мысалға келтірді.

«Бұл ретте препаратты баламалы қаржыландыру көздері есебінен сатып алу қиынға соғады, ал оның бөлшек саудадағы құны күтілген деңгейден айтарлықтай жоғары. Тағы бір мысал: аудандық емханаларда өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектің жеткізілуі кешігуіне байланысты емдеу схемаларын өзгертуге тура келеді. Бұл пациенттердің үрейін туғызып, дәрігерлерге қосымша жүктеме түсіреді. Осындай жағдайлар мемлекеттік саясат деңгейінде жүйелі басқарушылық шешімдер қабылдау қажеттігін көрсетеді», — деп атап өтті депутаттар.

Осыған байланысты сенаторлар Премьер-министрдің бейінді орынбасарынан мынадай шараларды қарастыруды сұрады:

Біріншіден, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесіне жеке бағыт ретінде енгізу мүмкіндігін пысықтау. Бұл ретте мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілікті нақты бөлу, өмірлік маңызы бар дәрілік заттардың ең төменгі қорын белгілеу және жеткізілімдер іркілген немесе өзге де тәуекелдер туындаған жағдайдағы іс-қимыл регламенттерін бекіту ұсынылды. Мысалы, аса маңызды препараттардың бір жылға жететін міндетті қор көлемін және жеткізілім кешіккен жағдайда оларды толықтыру тәртібін айқындау қажет.

Екіншіден, еліміздегі дәрі-дәрмек айналымын нормативтік-құқықтық реттеудің болжамдылығы мен тұрақтылығын арттыру шараларын қарастыру. Оның ішінде, сапа стандарттарын сақтай отырып, жаңа медикаменттерді жедел тіркеу және олардың нарыққа шығу процедураларын жеңілдету тетіктерін енгізу көзделуі тиіс.

Үшіншіден, қымбат тұратын және инновациялық препараттарға деген сұраныстың артуы жағдайында, ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) шеңберіндегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің қаржылық тұрақтылығына талдау жүргізу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, Сенат депутаттарының пікірінше, отандық фармацевтика өнеркәсібін ынталандыру арқылы импортты алмастыру мәселесімен де тыңғылықты айналысып, дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті болжау тетіктерін жетілдіру керек. Шынында кімнің, қашан және қандай дертке шалдығатынын алдын ала дөп басып айту мүмкін емес, ал бюрократиялық кедергілер пациент үшін ең құнды ресурс — уақытты ұрлайтыны анық.

БАРЛЫҒЫ БАҚЫЛАУДА

Біз Аида Балаеваның депутаттарға жолдаған жүйелі, толық жауабын тұтас келтіріп жатпай, тек негізгі тұстарына тоқталуды жөн көрдік.

Мәлімдемеде ең алдымен неге назар аудардық? Вице-премьер дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында енгізілген шараларды атап өтіп, әлі де әзірлеу сатысында жатқан жобаларға сілтеме жасайды.

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу мерзімі 210 жұмыс күнінен 100 күнге дейін қысқартылды. Сонымен қатар, реттеушілік беделі жоғары елдердің (Америка Құрама Штаттары (FDA), Еуропалық Одақ (EMA), Ұлыбритания (MHRA), Жапония (PMDA)) дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары үшін 15 жұмыс күнінен аспайтын жеделдетілген тіркеу тәртібі енгізілді», — деп атқарылған жұмыстар туралы мәліметте көрсетілген.

Ал жоспарларға қатысты мынадай мәліметтер берілген:

«2025 жылғы желтоқсаннан бастап инвестициялар туралы келісімдер (бұдан әрі – ИтК) жасасу тетігі іске қосылды. Бұл құжат инвесторларға ғылымды дамыту (R&D), дәрілік заттарды өндіруді терең оқшаулау (локализация), технологиялар трансфері және экспорт үлесін 40 %-ға дейін жеткізу бойынша міндеттемелер жүктейді. Бүгінгі таңда әлемнің жетекші фармацевтикалық өндірушілерімен (оның ішінде Еуропа елдері, Қытай және Үндістан) серіктестік аясында жалпы сомасы 316,3 млрд теңгені құрайтын 6 ИтК-ге қол қойылды. Аталған келісімдерді ескере отырып, 2028 жылға қарай отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін 15 %-дан 42 %-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, дәрілік заттардың 400-ге жуық түрін шығару және 1100-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда (…) Қазақстан Республикасының фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленді (қазіргі уақытта келісу рәсімдерінен өтуде)».

Демек, Үкімет тек импортқа иек артудың қауіпті екенін түсініп отыр. Себебі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде шетелден келетін дәрі-дәрмектің жеткізілу мерзімі кешігуі мүмкін, ал бұл елдің фармацевтикалық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.

Алайда депутаттардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесіне жеке бағыт ретінде енгізу туралы ұсынысына Үкімет тарапынан нақты жауап берілген жоқ. Тек жоғарыда аталған, әлі қабылданбаған Фармацевтика өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасына сілтеме жасаумен шектелді.

Біздің депутаттар мен вице-премьер арасындағы бұл диалогқа ерекше назар аударуымыздың себебі неде? Себебі дәрі-дәрмектің қолжетімділігі — халықтың негізгі қажеттілігі. Ұлттық банктің инфляциялық күтулер бойынша сауалнамаларында респонденттер дәрілік заттарды бағасы ең жылдам өсетін тауарлардың үштігіне дәстүрлі түрде жатқызып келеді. Ал «дәрі-дәрмек» инфляциясы препараттардың тапшылығымен тікелей байланысты. Мысалы, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) маусымы басталғанда вирусқа қарсы препараттардың бағасы күрт өсіп, дәріхана сөрелерінен жоғалып кетеді. Қант диабетімен ауыратындарға, гипертониктер мен жүрек ауруына шалдыққандарға арналған сұранысқа ие медикаменттердің жайы да осындай.

Тіпті беделі жоғары елдерден келетін импорттық дәрілерді тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылғанымен, әлемдік фармацевтика алпауыттары біздің шағын нарыққа біз күткендей жылдам кіруге дайын ба? Әсіресе, ұзақ мерзімді перспективадағы саясатымыздың болжамсыздығын ескерсек, бұл үлкен сұрақ тудырады.

Фармацевтика өнеркәсібін дамыту — экономика үшін өте маңызды, бірақ бұл қазіргі сәттегі дәрі-дәрмек қауіпсіздігімен тең емес. Елімізде ондаған зауыт салуға болады, алайда «СК-Фармацияның» сатып алу жүйесі іркіліспен жұмыс істеп, дәрі-дәрмектің жеткізілу мерзімі пациент ағзасының қажеттілігімен сәйкес келмесе, зауыттардың болуы нақты науқастарды құтқара алмайды.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Иран мұнай жеткізілімдерін Ормуз бұғазы арқылы тұрақты деңгейде сақтауда

Иранның Ормуз бұғазы арқылы мұнай экспорты Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғанға дейінгі деңгейге жуық күйде сақталып отыр.

Тоқаев «Қазатомөнеркәсіпке» уран саласындағы ресурстық базаны ұлғайтып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев уран саласының минералдық-шикізат базасын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды іске асыруды жалғастыруды тапсырды.

Қазақстан Австриямен реадмиссия туралы келісімді ратификациялады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Австрия Республикасы Федералдық үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды.

Тоқаев Президент жанынан отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы жарлыққа қол қойды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанынан отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы жарлыққа қол қойды.