Евразия24Басты бетЭкономика өркендегенімен, табыс төмендеді: Ұлттық экономика министрлігі не дейді?

Экономика өркендегенімен, табыс төмендеді: Ұлттық экономика министрлігі не дейді?

|

|

«Халықтың нақты табыс индексі төмендеуінің бір себебі — жалақы өсімі қарқынының бизнес пайдасынан артта қалуында. Сарапшылардың бағалауынша, компаниялардың шамамен 50%-ы үнемдеу мақсатында еңбекақыны 10%-дан асырмай өсірсе, кейбірі тіпті бұрынғы деңгейде қалдырған. Бұл өз кезегінде алшақтықты тудыруда: ЖІӨ өнеркәсіп, қызмет көрсету және экспорт есебінен артқанымен, бұл қаражат нақты жұмысшылардың жалақысына кешігіп жетеді», — деп Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді. Бұл — бізге ұсынылған түсініктеме. Дегенмен, ҰЭМ келтірген дәлелдер — мәселенің салдары ғана, ал оның негізгі себептері әлдеқайда тереңде жатқанын түсіндіріп көрейік.

ӘДІСНАМА МЕН СЕНІМ АРАСЫНДАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚ

Соңғы бірнеше айда «Еуразия24» басылымы қазақстандықтардың әл-ауқатының төмендеуіне бірнеше рет назар аударды.
Мәселен, қараша айында біз Қазақстанда халқы кедей өңірлердің саны артқаны туралы жазған болатынбыз.

Ал желтоқсанда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың «Taldau Talks» подкастында өткен қоғамдық пікірталас қорытындысы бойынша, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің де азаматтардың нақты табысының азаюына қатысты жағдайды растағанын атап өттік.

«Қазіргі таңда біз нақты табыстың айтарлықтай өсімін көріп отырған жоқпыз. Жекелеген тоқсандарда тіпті теріс көрсеткіштер тіркелуде. Бұл жалақының атаулы мәнде өсіп отырғанын аңғартады: жұмыс беруші оны 10–15%-ға ұлғайтқанымен, жоғары инфляция әсерінен халық нақты өсімді сезінбей отыр. Яғни, азаматтардың тұтыну деңгейі мен сатып алу қабілеті бұрынғы күйінде қалып қойды. Ал инфляция жоғарылаған сайын, нақты өсімге қол жеткізу қиындай береді», – деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қатар, жақында ғана «Halyk Finance» талдауына сілтеме жасай отырып, біз 2025 жылы тіркелген ЖІӨ-нің жоғары өсімі азаматтар табысының ұлғаюына сәйкес келмейтінін жазған болатынбыз. Бұл өткен жылғы экономикалық өсімнің тұрақсыздығын және оған мұнай секторының айтарлықтай әсер еткенін дәлелдейді.

Яғни, Қазақстан экономикасы сырттай табысты көрінгенімен, іс жүзінде жағымсыз үрдістердің белең алып жатқанын сарапшылар қауымдастығы бұрыннан айтып келеді. Алайда, Ұлттық экономика министрлігі бұл жағдайға бейжай қарап, мәселенің бетін ашпауға тырысты. Тіпті 2025 жылдың қарашасында Үкімет Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдаған кезде де, Серік Жұманғарин басқаратын ведомство тарапынан соңғы мәлімдемедей ашық түсініктеме берілген жоқ.

Енді міне, сәуір айында коммуналдық тарифтердің өсуіне қойылған мораторий аяқталып, қарапайым үй шаруашылықтарының жағдайы қиындай түскен тұста, Ұлттық экономика министрлігі статистикалық көрсеткіштер мен оларды қалыптастыру әдіснамасына, сондай-ақ халық табысын арттыру шараларына қатысты егжей-тегжейлі талдау ұсынды.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша халықтың нақты табыс индексі өткен жылмен салыстырғанда 98,9%-ды құрады. Жан басына шаққандағы орташа табыс 238 070 теңгені көрсетті. Табыстың номиналды өсімі +10,2% болса, нақты өсімі (инфляцияны ескергенде) -1,1%-ды құраған. Нақты табыстың төмендеуі экономикалық өсімнің халықтың әл-ауқатына әлі де толық әсер етпей отырғанын, яғни пайданы қайта бөлу мәселесі туындағанын көрсетеді. Бұл жағдай халықты жұмыспен қамтуды кеңейту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ жалақыны көтеру жөніндегі шаралардың өзектілігін айқындайды. Аталған шаралар Халықтың табысын арттырудың жаңартылған бағдарламасында қарастырылған», — деп Ұлттық экономика министрлігі өзінің ресми Telegram-арнасында жазды.

Ал келесі хабарламада министрлік «желтоқсан айында қызу талқыланған халықтың нақты табысы 6%-ға төмендеді деген тезис жедел деректерге және «желтоқсаннан желтоқсанға дейінгі» принципіне негізделгенін, яғни бұл жылдық жиынтық динамиканы емес, бір ай ішіндегі көрсеткіштің өзгеруін көрсететінін» мәлімдеді.

Статистикалық тұрғыдан алғанда, бұл түсіндірме қисынды көрінеді. Шын мәнінде, «желтоқсаннан желтоқсанға дейінгі» көрсеткіш қысқа мерзімді динамиканы сипаттайды және оған инфляциялық ауытқулар немесе маусымдық факторлар әсер етуі мүмкін. Алайда, нақты табыстың азайғаны — бұл даусыз факт. ЖІӨ-нің өсуіне қарамастан, динамика бәрібір теріс мән көрсетіп отыр. Демек, Ұлттық экономика министрлігі мәселені жоққа шығармайды, тек оның ауқымын «жұмсартып» көрсетуге тырысады.

ЖҮЙЕЛІК СӘЙКЕССІЗДІКТІ МОЙЫНДАУ

Енді мәтіннің бастапқы бөлігіне қайта оралайық. Министрлік экономикалық өсімнің халықтың әл-ауқатына әлі де толық әсер етпей отырғанын және пайданы қайта бөлу мәселесі туындағанын ашық айтып отыр. Бұл — қосымша құн жасаушы жұмысшылардың емес, қаражаттың бизнес өкілдерінің қолында шоғырлануы сияқты құрылымдық мәселені әшкерелейтін негізгі тұжырым.

«Еңбекақы қоры – компаниялардың тұрақты шығындарының бірі. Кәсіпорын бюджеті жасақталған кезде, әсіресе ірі бизнес субъектілері, бүгінде көбіне сыртқы сипаттағы тәуекелдерді алдын ала есепке алады. Олардың қатарында логистикалық тізбектердің үзілуі, тұрақсыз геосаяси жағдай, санкциялық шектеулер, әлемдік бағалар мен валюта бағамдарының құбылмалылығы және тағы басқалар бар. Бизнес ықпал ете алмайтын осы факторлардың барлығы жалақыны белсенді түрде арттыру мүмкіндіктерін шектейді. Жүйелі мәселе мынада: Қазақстанда жалпы экономикалық көрсеткіштегі (ЖІӨ) жалақы үлесі шамамен 31%-ды құрайды (2024 жылдың қорытындысы бойынша). Салыстырмалы түрде алсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40%-дан жоғары.

Үкіметтің міндеті — табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз ету және бизнестің пайданы тек дивидендтерге ғана емес, сонымен қатар еңбекақы төлеуге көбірек жұмсауына жағдай жасау», — деп Ұлттық экономика министрлігінің жарияланымында жазылған.

Келтірілген негіздеменің қисыны бар десек те, оның талас тудыратын тұстары аз емес. Егер бизнес қауымдастығы тіпті ықтимал пайданың өзіне тәуекелдерді алдын ала есептеп қосатын болса, демек, біздегі ішкі қаржы-экономикалық саясаттың сипаты сондай: кез келген қатердің зардабы экономиканың барлық қатысушыларына тең бөлінбей, негізгі салмақ жұмысшылардың иығына түседі.

Экономикалық субъектілер мұндай белгісіздік жағдайында тек өз мүддесін қорғауға тырысады, ал мемлекет болса толассыз реформаларымен оларды осыған еріксіз итермелеп отырғандай. Соның ең айқын дәлелі — 2025 жылдың соңында салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер қарсаңында инфляцияның екпін алуы. Соның салдарынан биылғы жылдың басынан наурыз айына дейін бағаның өсуі елдегі жағдайды айтарлықтай қиындатты.

Дегенмен, босаңсуға әлі ерте. Жаңа Салық кодексі күшіне енген алғашқы үш айдан кейін экономика енді қалпына келе бастағанда, коммуналдық тарифтердің өсуіне қойылған мораторий де аяқталды. Ал тарифтердің тек жеке тұлғалар үшін емес, бизнес өкілдері үшін де қымбаттайтыны белгілі. Бұл шығындар, сайып келгенде, кез келген өнімнің соңғы құнына әсер етіп, бағаның өсуіне әкеп соғады.

ИНФЛЯЦИЯМЕН КҮРЕС ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ТӘРТІП

Қазіргі қалыптасқан жағымсыз жағдайды талқылап, алаңдаушылық білдіруге болар еді, алайда Олжас Бектенов басқаратын Министрлер кабинеті үшін мұндай босқа уақыт жоғалту — кешірілмейтін іс. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі негізгі басымдықты классикалық макроэкономикалық қағидаттарға — инфляцияны тежеу мен бюджеттік тәртіпті нығайтуға бағыттап отыр.

2028 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарына сәйкес, инфляция деңгейін 5-7 пайызға дейін төмендету, нақты табысты 2-3 пайызға арттыру, бюджет тапшылығын қысқарту және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемін азайту көзделуде. Сонымен қатар «2026 жылы соңғы бес жылда алғаш рет бюджеттің нысаналы трансферттерді тартпастан атқарылып жатқаны» ерекше атап өтілген. Бұл, әрине, құптарлық жетістік болғанымен, аталған қадамның халықтың әл-ауқатына қаншалықты оң әсер еткені әлі де үлкен сұрақ.

Әзірге бұл шаралардың нәтижесі мүлдем байқалмайды. Себебі инфляцияны тежеуге бағытталған қадамдардың жанама әсері ретінде халықтың сатып алу қабілеті артуы тиіс еді, алайда ол табыспен бірге төмендеп кетті. Бюджет қашан тұрақтанып, экономика қай уақытта нығаятыны әзірге белгісіз. Ең бастысы — Үкімет ұсынған шаралар табысты қайта бөлу тетіктерін өзгертуге бағытталмаған.

Тіпті бағдарламаның өзінде мемлекет «еңбекақы қорының үлесін арттыру», «жалақыны көбейту» және «тұрақты жұмыс орындарын ашу» қажеттігін мойындайды. Бірақ бұл қағидалар арнайы бағдарламасыз да белгілі еді. Мәселе — бұған қалай қол жеткізуге болатынында. Кәсіпкерлерді бұған мәжбүрлеу мүмкін емес, өйткені бұл мемлекеттің бизнеске тікелей араласуы болып табылады. Ал ынталандыру тетіктеріне келсек, қазіргі қабылданған шаралар кері әсерін тигізуде: салық реформасы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау әрекеттері нақты сектордың оптимизмін арттырып отырған жоқ. Демек, бюджеттік мекеме қызметкерлерін есептемегенде, жеке сектордағы жұмысшылардың жалақысы өседі деуге әзірге ешқандай негіз көрініп тұрған жоқ.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Жасырын патруль: уақытша шара ма, әлде жүйелі шешім бе?

Неге елдегі ең цифрландырылған қалалардың бірінде жолдағы тәртіп әлі де реттелмей отыр? Полицияның азаматтық көліктер арқылы бақылау жүргізуі қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Өндірістік сынақ: ЕАЭО-да кооперация іске қосылды

Қазақстан өндірісті оқшаулау мүмкіндігіне ие болса, ЕАЭО-дағы серіктестер — жаңа нарық пен өзара іс-қимылға, ал бизнестің өзі — арзан қаржыландыруға қол жеткізеді.

Мұнай бекеттері отқа оранды: Украина КҚК нысандарына дронмен шабуыл жасады

Ұшқышсыз аппараттардың Қазақстан қатысатын инфрақұрылым нысандарына бағытталған шабуылдары жиілеп отырғанын ескерсек, біздіңше, үкімет тек «жағдайды бақылаумен» шектелмей, ұлттық мүдделерді неғұрлым батыл әрі дәйекті қорғауы қажет.

Израиль Йеменнен ұшырылған бірнеше дронды жойды

Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) мәліметінше, дүйсенбі күні Йемен аумағынан елдің оңтүстігіндегі Эйлат бағытына дрондар ұшырылған, олардың бір бөлігі жойылды, деп хабарлайды The Times of Israel.