6 қыркүйекте, сенбі күні Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғариннің жетекшілігімен үкімет шұғыл отырыс өткізді. Жиында инфляцияның күшеюі мен азық-түлік бағасының шарықтауы талқыланды. Министрлер кабинеті мемлекет басшысы бұл тақырыпты назардан тыс қалдырады деген үмітте болған сыңайлы. Бірақ президент, керісінше, мәселенің өткірлігін айрықша атап өтті. Бағаның өсуі сонша, арзан әрі қолжетімді өнім саналатын кәдімгі тауық еті де көп отбасының дастарханынан сиреп, бүгінде қымбат тағамға айналды. Бұл – ауыл шаруашылығын қолдауға 2025 жылы рекордтық көлемде, яғни бір триллион теңге қаржы бөлінген аграрлық мемлекет үшін үлкен қайшылық.
«Бүгінгі басты мәселе – жоғары инфляция. Ол экономикалық көрсеткіштердің өсімін де, халық табысының артуын да тежеп отыр. Бұл түйткілдің дайын шешімі жоқ, оған әлемнің көп елі тап болып отыр. Яғни, ол жалпыға ортақ құбылыс. Алайда біздің жағдайда ол ерекше өткір сипат алды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауында.
Бірақ бұл мәселе мұнымен шектелмейді.
«Үкіметтің стратегиялық міндеті – ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту. Әрине, толықтай өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес, бәлкім, қажет те шығар. Бірақ қазіргі нарықтағы жағдай – ел үшін ұятты құбылыс», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бағаның қымбаттауын тікелей атап айтпағанымен, сөзінің астарында инфляция тұрғаны анық. Әсіресе халықты қинайтыны – азық-түлік инфляциясы мен күнделікті тұтынылатын қызмет түрлерінің қымбаттауы.
Алайда бұған дейін, екі күн бұрын ғана Жұманғариннің қатысуымен өткен жиында мүлде басқа тұжырымдар айтылған еді.
«Екінші тоқсанның басынан бері азық-түлік инфляциясының қарқыны екі есеге төмендеді: тамыз айында бар болғаны 0,5 пайыздық өсім тіркелді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төрт апта қатарынан өзгермей тұр. Бұл – жыл басынан бері алғаш рет олардың индексін 7,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді», – деп вице-премьерге баяндады Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин.
Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова жағдайды біршама «жұмсартып», бір апта ішінде көкөністер мен күріш арзандағанын, қант бағасының индексі төмендегенін, ал тұз бен күнбағыс майының қымбаттау қарқыны баяулағанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нәтижеге көбіне өндірушілермен жасалған бағаны ұстап тұру жөніндегі келісімдер арқылы жеткен. Сонымен қатар вице-министрдің мәліметінше, еліміздегі азық-түлік инфляциясына айтарлықтай әсер етіп отырғаны – импорттық тауарлар. Қазір азық-түлік құрылымында олардың үлесі 23–27 пайызды құрайды. Осыған байланысты «азық-түлік инфляциясын тиімді тежеу үшін импортты алмастыру бағдарламалары аясындағы шараларды күшейту қажет», – деді Бижанова.
Амрин мен Бижанованың сөздеріне ой жүгіртіп көрейік. Бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мүлде өзгермей тұр дейді. Екіншісі – көптеген тауарлар арзандап жатыр деп сендіреді. Егер дүкен мен базарға бармай, бағаларды өткен айдағы деңгейімен өз көзіңмен салыстырмай, тек өңірлік әкімдіктерден түсетін есептерге ғана сүйенсек, расымен де әлеуметтік тауарлар себетінің бағасы тұрақты тұрғандай не төмендегендей әсер қалдыруы мүмкін.
Алайда халық күн сайын азық-түлік сатып алып, бағаның өсуін анық сезінеді. Бұл құбылыс ресми статистика деректерінен де, Ұлттық банктің инфляциялық күтулерге қатысты жүргізген сауалнамаларынан да көрініс тауып отыр.
Мысалы, 3 қыркүйекте Бірінші кредиттік бюроның Data HUB аналитикалық порталы ет бағасының бұрын-соңды болмаған өсімі туралы жаңа деректер жариялады.
«Тамыз айында «Ет пен құс еті» санатындағы тауарлардың бағасы шілдемен салыстырғанда еліміз бойынша орта есеппен 3,2%-ға қымбаттады. Бұл — соңғы 14 жылдағы (2011 жылдың қарашасынан бері) кез келген айдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы уақыт ішінде 3 пайыздық «психологиялық межеге» көрсеткіш тек бір рет — 2022 жылдың наурызында жеткен, ал 2017 жылдың ақпанында бір рет жақындаған (+2,8%). Сөз әртүрлі өңделмеген ет түрлері (сиыр еті, қой еті, жылқы еті, шошқа еті; қой етінен басқа өнімдер бірнеше түрге бөлініп бақыланады), субөнімдерден — сиыр бауыры, құс өнімдерінен — тауық еті мен оның бөліктері туралы болып отыр», – делінген жарияланымда.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің есіне сала кетейік: тауық еті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетінің құрамында. Демек, ол айтқандай «нөлдік өсім» туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз.
Data HUB сарапшылары ет бағасының қымбаттау себептеріне де тоқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған дейін бірнеше рет атап өткендей, негізгі факторлар – экспорттың күрт артуы мен тарифтердің өсуі. Ал өндірушілер мәселені тек сыртқы факторлармен байланыстырмайды. Олардың айтуынша, мал шаруашылығында жүйелі түйткілдер, соның ішінде мамандар тапшылығы бар. Бұл да өнімнің өзіндік құнына және ақыр соңында бағаға тікелей әсер етіп отыр.
Дәл сол күні, яғни 3 қыркүйекте, «Бірінші кредиттік бюро» деректерін жариялаған мезетте, Ұлттық банк те өз баяндамасын ұсынды. Онда ақша-кредит саясатына қатысты талдау мен макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы берілген. Құжат 2025 жылғы 14 тамыздағы статистикалық деректер негізінде әзірленген.
«Инфляцияның жоғары деңгейі ішкі және сыртқы факторлардың қысымымен сақталып отыр (…). Ішкі факторлардың қатарында тұрақты тұтынушылық сұранысты атауға болады. Ол тұтынушылық несиелендірудің артуы мен бюджеттік ынталандыру шаралары арқылы қолдау тауып отыр. Бұған қоса, инфляциялық күтулер жоғары әрі құбылмалы күйде қалып отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі тауарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірқатарына өндіріс шығындарының өсуі есебінен бағаның қымбаттауы байқалуда. Жоғары инфляцияның басты қозғаушы күші – азық-түлік секторы. 2025 жылғы шілдеде бұл бағыттағы жылдық баға өсімі 11,2%-ды құрады. Азық-түлік бағасының өсуіне ет, май мен тоң май, қант, сондай-ақ кофе, шай және какао секілді тауарлардың қымбаттауы себеп болды. Мұндай үрдіс экспорт көлемінің ұлғаюымен, импорттық өнімнің қымбаттауымен және өндірушілер бағасының өсуімен байланысты», – делінген Ұлттық банктің құжатында.
Сол құжатта нақтылап көрсетілгендей, әлемдік нарықта ет пен өсімдік майлары бағасының қымбаттауы олардың экспортын арттырды. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы ұсыныстың азаюына алып келді. Ұлттық банк бағаның өсуін өндірушілердің өзімен байланыстырады. Яғни, Қазақстанда әдеттегідей бар кінәні артып қоятын сауда желілерінен немесе «спекулянт-делдалдардан» емес, өндіріс шығындарының қымбаттауынан болып отырғанын ашық мойындайды.
«Елімізде азық-түлікті тұтынуда отандық өндірістің үлесі жоғары екенін ескерсек, тұтынушылық бағаларды қалыптастыруда өндірушілер бағасының рөлі ерекше. Өндірушілер бағасының тұтынушылық бағаларға берілуін талдау көрсеткендей, бұл үдерістің сипаты мен жылдамдығы өндіріс пен өткізу тізбектерінің күрделілігіне байланысты. Өндіріс циклі қысқа әрі технологиялық тұрғыдан қарапайым тауарлар бойынша (нан, ет, жұмыртқа) өндіруші бағасының өсуі тұтыну бағасына дерлік бірден әсер етеді. Бұған сақтау мүмкіндігінің шектеулілігі, өндіріс технологиясының қарапайымдылығы және аралық кезеңдердің аздығы себеп», – делінген Ұлттық банктің баяндамасында.
Қарапайым қазақстандық тұтынушының көзімен қарағанда жағдай мынадай болып көрінеді: мемлекет фермерлердің шығынын үнемі субсидиялап, арзан азық-түлікке қолжетімді баға қалыптассын деп қолдау көрсетіп келеді. Ал іс жүзінде не болды? Салық төлеушілер қаржысын субсидия мен жеңілдетілген несиеге жұмсаған шаруалар өз етін сыртқы нарыққа сатып жіберді, себебі ол жақта бағасы әлдеқайда тиімді. Ал ішкі нарықтағы бағаға ешқандай мемлекеттік бақылау тікелей ықпал ете алмай отыр.
Кейбір азық-түлік тауарларына шекті баға белгілеу – ерікті емес, міндеттеу сипатына ие тетік екенін Сауда министрлігінің өзі де жасырмайды. Бұл тәсіл 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жояды, сондықтан ведомство қолда бар уақытты пайдаланып, одан барынша тиімділік алуға ұмтылуда.
Министрліктің шешіміне сәйкес, 2025 жылы қарашада ең әлеуметтік өнім саналатын картоптың көтерме бағасы килограмына 145 теңгеден аспауға тиіс. Ал 2026 жылдың көктемінде бұл шек 189 теңге болып бекітілмек. Келісімге құс өнімдері де енгізілді: жұмыртқаның бір данасы 55 теңгеден жоғары сатылмауы тиіс.
Айта кетерлігі, бұл шешімнің ресми тұжырымдамасы ерекше «айлакерлікпен» жазылған.
Сауда және интеграция министрлігі картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандумға қол қойды. Құжатта ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімді әкімдіктердің сұранысына сәйкес ішкі нарыққа жеткізу жөніндегі міндеттемелері және белгіленген бағалар көрсетілген: 2025 жылдың қарашасында картоптың көтерме бағасы – килограмына 145 теңгеден аспауға тиіс, ал 2026 жылдың көктемінде шығындарды ескере отырып – 185 теңгеден жоғары болмауы керек.
Осыған ұқсас келісімдер басқа өнімдер бойынша да жасалды. Мәселен, «Арал тұз» АҚ тұз бағасын 18%-ға төмендетуге (100 теңгеден 82 теңгеге дейін) міндеттелді, ал жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы бір данасының шекті бағасын 55 теңгеден асырмауға келісті.
Бұл туралы 6 қыркүйек, сенбі күні вице-премьер Серік Жұманғарин өткізген жиында вице-министр Айжан Бижанова мәлімдеді.
Бірақ бұрын жасалған меморандумдарды да еске түсірейік. Мәселен, жұмыртқа өндірушілермен мемлекет арасында мұндай келісімдер бұған дейін де болған. Алайда ол құжаттар жұмыртқаның дүкен сөрелерінде ондық қаптамасы 700 теңгеден жоғары сатылуына еш кедергі жасамады.
Мысалы, 2025 жылдың ақпанында сауда және интеграция министрлігі меморандум аясында бағаны бақылап, шарттардың орындалуын қадағалаймыз деп уәде берген еді.
Әрине, басты сауда ведомствосы туралы жаман ойлағымыз келмейді. Дегенмен, шын мәнінде бұл меморандумдардың тиімділігі жоқ сияқты, олар көбіне көпшілік алдында әсер қалдыру үшін жасалатын тәрізді. Ал базар мен дүкендердегі шынайы жағдай мүлде бөлек. Оның үстіне, министрліктің баға мониторингі бойынша нәтижелі есептерін ашық дереккөздерден таба алмадық.
Қазіргі жағдай шынында да оғаш көрінеді: нарықтық тауар саналатын өнімге мемлекет шекті баға қоя отырып, өндірушілерге талап қоюға мәжбүр. Егер халық табысы күнделікті азық-түліктің қымбаттауымен қатар өсіп отырса, мұндай шараларға ешқашан қажеттілік туындамас еді. Бірақ олай емес. Жалақыны объективті өсімге сәйкестендіріп арттырудың орнына, үкімет бизнеске шығынға жұмыс істеуді міндеттеп, төлем қабілеті төмен тұтынушыларды қамтамасыз ету жолын таңдады.