Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі халықтың қаржылық жағдайы мен болашаққа қатысты күтулеріне арналған қараша айындағы сауалнаманың жаңартылған нәтижелерін жариялады. Бұған дейін біз жазған кезеңдердегідей және үкімет тарапынан инфляцияны тежеу жөнінде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қоғамдағы көңіл күйде айтарлықтай оң өзгеріс байқалмайды. Отбасылар арасында ең көп тұтынылатын азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың басым бөлігі бойынша бағаның өскенін атап өткен респонденттердің үлесі артқан.
МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІНДЕГІ ЖЫЛДАМ ӘРЕКЕТ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯ ЖЫЛДАМДЫҒЫ…
«2025 жылғы қарашада алдағы 12 айға күтілетін инфляцияның медианалық бағасы өзгеріссіз қалып, 13,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың басынан бергі орташа деңгейге сәйкес келеді. 2025 жылғы қарашада бір жылдық кезеңдегі бағаның өсуіне қатысты белгісіздік деңгейі төмендегенімен, әлі де жоғары болып отыр. Сонымен қатар бір жылдан кейінгі инфляцияны сандық тұрғыда бағалауда қиналған респонденттердің едәуір бөлігі сапалық сұраққа жауап бере отырып, бағаның қазіргі өсу қарқыны сақталады немесе жеделдейді деп күтетінін білдірді», – делінген ақша-несие саясатын реттеуші орган есебінде.
Осы жалпы тұжырымдарды егжей-тегжейлі қарастырғанда, біршама назар аударарлық көрініс байқалады. 2025 жылдың басынан бері дәл қараша айында сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 82,5 пайызы алдыңғы аймен салыстырғанда ең қатты қымбаттаған тауар ретінде азық-түлік өнімдерін атаған. Бұл — қаңтар айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық банк сауалнамасына қатысушылардың алдағы айдағы баға деңгейіне қатысты болжамдары да негізінен теріс сипатта. Респонденттердің үштен біріне жуығы (28,2%) бағалар өте қатты өседі деп есептейді. Осыған байланысты бағаның қалыпты өсімін күтетін азаматтардың үлесі қысқарған: қазан айындағы 50,3 пайыздан қарашада 45,9 пайызға дейін төмендеген. Дәстүрлі түрде сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі соңғы 12 айда бағаның бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда жылдамырақ өскенін байқаған. Олардың шамамен төрттен бірі (23,2%) бұл өсімді 20 пайыз және одан жоғары деңгейде деп бағалаған. Сонымен қатар респонденттердің 48 пайызы алдағы бір жыл ішінде де бағаның өсуі жалғасады деп санайды.
Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға қатысқан азаматтардың үштен екісі бағаға қатысты бағалау мен болжамдарды таныстарынан естіген әңгімелерге немесе әлеуметтік желілердегі ақпаратқа емес, дүкендерде тауар сатып алу тәжірибесіне сүйене отырып берді. Бұл қазіргі кезеңдегі инфляциялық үрдістерді және болашаққа қатысты инфляциялық күтулерді қате қабылдау ықтималдығын төмендетеді.
5 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАҒДАЙ ОДАН ӘРІ НАШАРЛАЙ МА?
Ұлттық банк қоғамның қысқа мерзімді кезеңге қатысты пікірлерін зерттеумен қатар, халықтың экономикалық көңіл күйін алдағы бес жылдық кезеңде де бақылайды. Бұл бағыттағы ахуал тіпті алаңдатарлық.
2025 жылы қарашада алдағы бес жылдық кезеңге күтілетін инфляцияның медианалық бағасы 14,9 пайызға дейін өсті (2025 жылы қазанда 14,3%). Өткен аймен салыстырғанда жауаптарда бес жылдық кезеңдегі бағаның неғұрлым жоғары өсуін күтетін көзқарастардың басым түсе бастағаны байқалады. Сонымен қатар бір жыл алға инфляцияны сандық тұрғыда бағалауда нақты ұстаным білдірмеген респонденттердің едәуір бөлігі бес жылдық көкжиекте инфляция деңгейі жоғары болады деп күтеді. Жалпы алғанда, бұл респонденттердің алдағы кезеңдерде бағаның одан әрі өсуіне алаңдаушылық білдіретінін көрсетеді, әсіресе қысқа мерзімді кезеңдегі белгісіздік жоғары болып отырған жағдайда», – деп жазылған Ұлттық банктің есебінде.
Шынында да, сауалнама нәтижелерін егжей-тегжейлі талдау әрбір бесінші респонденттің бес жылдан кейін инфляция деңгейі 20 пайыз және одан жоғары болады деп есептейтінін көрсетеді. Ал инфляция 1–6 пайыз шегінде болады деп күтетін оптимистік көзқарастағылардың үлесі айтарлықтай аз — сауалнамаға қатысқандардың небәрі 8 пайызы. Сонымен қатар елдегі экономикалық жағдайдың алдағы бес жылдағы дамуына қатысты сұраққа жауап бергендердің үштен бірі ахуал «жақсы да емес, жаман да емес» деп бағалаған. Респонденттердің шамамен 20 пайызы жағдай жақсы болады деп сенсе, 18 пайызы экономикалық ахуалдың нашарлауынан қауіптенетінін білдірген.
ТАБЫС КҮНКӨРІСКЕ ЖҰМСАЛУДА
Бұл бөлімде Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан азаматтардың тұрмыстық жағдайына назар аударылады. Сауалнамаға ай сайынғы табыс көлемі мен кіріс көздері әртүрлі респонденттер қатысқан. Олардың арасында 40 мың теңгеден бастап 500 мың теңгеден жоғары табыс табатын азаматтар бар. Сауалнама қорытындысына сәйкес, респонденттердің басым бөлігі негізгі кіріс көзі ретінде жалақыны (76,3%) немесе зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді (36,3%) көрсеткен. Бұл көрсеткіштерде айлар арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ, тек шамалы ауытқулар байқалады. Табыс деңгейі бойынша ең үлкен үлесті айына 150–300 мың теңге аралығында табыс табатын азаматтар құрайды — олардың үлесі 34,8 пайыз. Ал ай сайынғы кірісі 500 мың теңгеден асатын респонденттердің үлесі 12,4 пайызды ғана құрайды.
Осылайша, табыс деңгейі мен әлеуметтік құрамы әртүрлі респонденттердің жартысынан көбі өздері үшін ең маңызды әрі ең қатты қымбаттаған ТОП-5 тауарлар мен қызмет түрін атап өткен. Олардың қатарында ет пен құс еті (67,9%), тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (56,7%), дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттар (54,5%), жеміс-жидек пен көкөністер (54,2%), ірімшік пен шұжық өнімдері (50,8%), сондай-ақ сүт және сүт өнімдері (48,7%) бар. Тұтынушылардың бағалауынша, бір реттік емес, күнделікті тұтынылатын осы негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бойынша тұрақты түрде алдыңғы қатардан көрінеді. Бұл ретте, еске сала кетсек, ет өнімдері мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге қатысты бағаны тежеу жөніндегі маңызды шешімдерді үкімет қазан айында қабылдаған болатын.
Біздің ойымызша, Ұлттық банктің сауалнамасы қазақстандықтардың басым бөлігі табысын түгелге жуық күнделікті тұтынуға жұмсап, қаржылық қор жинау мүмкіндігінен айырылғанын айқын көрсетіп отыр. Соңғы бір жылда табыстары өзгермегенін атап өткен респонденттер арасында (инфляцияның жоғары деңгейіне қарамастан) қаржылық жинағы бар азаматтардың үлесі небәрі төрттен біріне жуық. Осы топтың ішінде қаржылық қорының артқанын көрсеткендердің үлесі 37,7 пайызды құрайды. Жинақ көлемі өзгеріссіз қалғанын айтқандардың үлесі де соған жуық. Сонымен бірге депозиттерде немесе қолма-қол қаражат түрінде жинағы бар азаматтардың үштен екісі өткен айда жинақ көлемін ұлғайта алмаған. Бұл үрдіс 2025 жылдың қаңтар айынан бері тұрақты сипат алып отыр.
Ұлттық банк сауалнамасына қатысқан азаматтардың тек 34 пайызы ғана несиесіз өмір сүріп отыр. Қалған респонденттердің әртүрлі қарыздары бар: ипотекалық несие (10,2%), тұтынушылық несие (28,4%), шұғыл қажеттіліктерге алынған қолма-қол несие (14,4%) немесе өзге де қарыз міндеттемелері. Алайда осы қарыз алушылардың 35 пайызы ай сайын кредиттерді өтеуге 100 мың теңгеден астам қаражат жұмсайды.
Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Халық бағаның тұрақты түрде баяулауына сенбейтінін, нақты табыстардың өмір сүру құнының өсуіне ілесе алмай отырғанын байқаймыз. Ешқандай жинақ жоқ, не біртіндеп азаюда, ал сатып алу қабілетінің төмендеуін өтеп отырған негізгі құрал ретінде несиелер алдыңғы қатарға шығып отыр.
Біздің ойымызша, халық арасындағы ұзақ мерзімді инфляциялық пессимизм елдің экономикалық бағытына деген сенімнің жеткіліксіз екенін аңғартады. Әдетте, үкіметтің әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына реакциясы алдын ала емес, орын алғаннан кейін жүзеге асады. Осыған байланысты халықтың инфляциялық күтулері белгілі бір дәрежеде нақты инфляцияның қалыптасуына әсер ететін факторға айналып отыр.
Ешқандай дүрбелең жоқ, алайда пессимистік көңіл күй айқын байқалуда. Бұл үрдісті, мысалы, халық табысының өсуі немесе тауарлар мен қызметтердің нақты арзандауы белгілі бір деңгейде жұмсарта алар еді. Алайда бағаның төмендеуіне негіз жоқ: ішкі өндірістің өзіндік құны артып келеді, импорт қымбаттауда, ал жұмыс берушілер шығындарының жаппай өсуі жағдайында жалақыны көтеру мәселесін үнемі кейінге қалдыруда.




