Шамамен бір апта бұрын бизнес қауымдастықтар жаңа Салық кодексінде қарастырылған – қосылған құн салығын алдын ала төлеу тәртібіне қатысты – норманың іс жүзінде қолданылуына байланысты ақпараттық кеңістікте бұрын-соңды болмаған резонанс тудырды. Бұл мәселе туралы «Еуразия24» қысқаша ақпарат таратқан болатын. Осы уақыт ішінде мемлекет тарапынан ресми түсініктемелер мен сарапшылардың пікірі жарияланып, жаңа тәртіптің шынымен де қазақстандық кәсіпкерлікке қауіп төндіретіні немесе бұл – қосылған құн салығын әділ төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті қадам екендігі туралы пікірталас өрбіді.
Қазақстандағы бизнестің алдағы уақытта бетпе-бет келетін күрделі жағдайын барынша ұғынықты түрде сипаттап, оны қарапайым азаматтар мен жаңа бастаған кәсіпкерлерге түсінікті тілмен жеткізген кәсіпкер — Гүлбану Майгарина. Ол бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
2026 жылдан бастап Қазақстанда «eTamga» жүйесін енгізу көзделіп отыр. Алғашқы қарағанда бұл — цифрлық жаңашылдық. Алайда шын мәнінде, бұл қосылған құн салығын алдын ала төленетін міндетке айналдырып, кәсіпкерлік қызметті тоқырауға ұшыратуы мүмкін. Жаңа тәртіп бойынша электронды шот-фактура тек ҚҚС-тың арнайы шоттағы алдын ала төлемі болған жағдайда ғана рәсімделеді. Яғни кәсіпкер тауарды сатпай тұрып, табыс түспей жатып, клиенттен төлем алудан бұрын салық төлеуге мәжбүр. Егер арнайы шотта қаражат болмаса, шот-фактураны рәсімдеуге тыйым салынады, ал коммерциялық операциялар тоқтайды. Бұл бизнестегі қолбайлау ғана емес — заң мен Конституция қағидаттарына қайшы келетін әрекет, делінген кәсіпкер Гүлбану Майгаринаның жазбасында.
Кәсіпкердің пікірінше, Конституцияда кәсіпкерлік қызмет еркіндігі мен салық салудағы әділеттілік қағидаты кепілдендірілген — яғни салық міндеттемесі туындамай жатып, салық өндіріп алуға жол берілмеуі тиіс. Бұдан бөлек, Салық кодексінің 27-бабында: салықтар нақты белгіленіп, есепті кезеңнің қорытындысы бойынша төленуі керек екені, ал алдын ала төлеу тәртібі көзделмегені көрсетілген.
Гүлбану Майгаринаның пікірінше, бұл жүйенің салдары айқын: экономикадағы өтімділік шамамен 16%-ға төмендейді, кассалық алшақтықтар мен банкроттар көбейеді (мысалы, 2018 жылы 40 жағдай тіркелсе, 2024 жылы ЭСФ бұғатталуына байланысты олардың саны 1040-қа жеткен), құрылыс, медицина, білім беру салаларындағы жобалар мен мемлекеттік сатып алулар тоқтап қалуы мүмкін.
Бұл — қосылған құн салығына қатысты мәселенің бір қыры ғана. Ал екінші жағы — мемлекет ұстанып отырған ұстаным. Биліктің мұндай қатаң шараға баруы — елдегі ең көп жиналатын салық түрі саналатын ҚҚС-ты адал төлеуден жалтару жағдайларының жиілеуінен туындаған.
2025 жылы 22 тамызда өткен салық заңнамасын реформалау жөніндегі форум барысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қалыптасқан жағдайға байланысты жан-жақты түсініктеме берді.
«Барлық бизнеске жаппай ҚҚС-ты алдын ала төлеу міндеттелмейді. Бұл тек тәуекел тобына жататын белгілі бір санаттағы кәсіпорындарға ғана қатысты болады. Олардың үлесі барлық ҚҚС төлеушілердің 5 пайызынан аспайды — алдын ала есеп бойынша шамамен 6–7 мың кәсіпорын.
Біз «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, бақылау тетігі қай санатқа қолданылатынын және оны реттейтін ережелерді бірлесіп айқындауға келістік. Қыркүйек айының басында осы мәселеге арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өтеді, сол жерде тәуекел деңгейін анықтайтын негізгі өлшемдер ұсынылады. Қазір бұл бағытта талқылау жүріп жатыр, ал қазан айына қарай тиісті ережелер бекітіледі», – деп түсіндірді Қаржы вице-министрі.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда бюджет елеулі көлемде қосылған құн салығынан қағылып отыр. Себебі салық төлеушілер шын мәнінде төленбеген сомаларды қайтаруды талап етіп, миллиардтаған теңгеге жалған шот-фактуралар рәсімделуде.
Осы себепті eTamga — Қаржы министрлігі 2018 жылдан бері енгізіп келе жатқан тауар қозғалысын бақылау жүйесінің логикалық жалғасы саналады. ҚҚС төлеушілердің барлығы бүгінде осы жүйе аясында жұмыс істейді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың «аванс арқылы ҚҚС төлеу тек 6–7 мың кәсіпорынды қамтиды» деген мәлімдемесі шындыққа жанаса ма? Себебі «Атамекен» ҰКП деректеріне сүйенсек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС төлеушілер қатарына шамамен 200 мыңға жуық кәсіпорын қосылуы мүмкін. Бұл туралы ұлттық палатаның төраға орынбасары Тимур Жаркенов мәлімдеген болатын (https://bizmedia.kz/2025-08-27-200-tysyach-kompanij-mogut-okazatsya-pod-avtomaticheskoj-predoplatoj-nds/ ).
Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап медицина саласы салықтық жеңілдіктерден айырылып, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндеттеледі. Ал салықты алдын ала төлеу тәртібі бұл сектордың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп, күнделікті қызметін жүргізуді қиындатуы мүмкін.
«Бұл мәселеге қатысты біз Үкімет өкілдерімен талқылау жүргізіп, алдын ала өзара түсіністікке қол жеткіздік: адал кәсіпкерлер жаңа талаптардан зардап шекпеуі тиіс. Алайда бұл ұстанымның іс жүзінде де көрініс табуы маңызды», — деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары.
Демек, бизнес қауымдастығында белгілі бір деңгейде алаңдаушылықтың бары аңғарылады. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі де барлық тараптың мүддесін ескеруге дайын екенін көрсетіп отыр.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қыркүйектегі Жолдауында айтқан жаңа салық саясатына қатысты сөзін еске салған жөн:
«Салық кодексі салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа салықтық басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Кодексті оңтайландырып, оның ережелерін экономикалық белсенді азаматтардың барлығына түсінікті етіп жасау – аса маңызды. Бұл нормалардың әртүрлі ұғынылуына жол бермейді. Салық режимдерін оңтайландыру қажет, алайда бұл кәсіпкерлер үшін қолайлы әрі тиімді қолданыстағы шарттарды нашарлатуға әкеп соқпауы тиіс. Мысал ретінде бөлшек салықты енгізуді келтіруге болады. Кәсіпкерлер бұл бастамаға сенім білдіріп, көлеңкелі экономикадан шыға бастады, салықты айналып өту мақсатында бизнесін ұсақтаудың көлемі азайды. Дегенмен, бұл режим ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге арналуы қажет.
Салық кодексіндегі жаңа талаппен іс жүзінде бетпе-бет келетін жұмыс істеп жүрген бухгалтерлердің пікірі бір арнаға тоғысады.
«Біз 2026 жылдан бастап электронды шот-фактуралар тек ҚҚС алдын ала төленген жағдайда ғана қабылданатынын білеміз. Бірақ бизнес пен мемлекет арасындағы пікірталастарда әңгіме, негізінен, активі жоқ, тауар сатып алмаған, қызмет көрсетпеген кәсіпкерлер туралы болып отыр — олар бұрын шот-фактура рәсімдеп, кейін ҚҚС қайтаруды талап еткен. Дегенмен, мұндай мысалдардың негізінде барлық кәсіпкерді бір өлшемге салуға болмайды. Біз қазір күту режиміндеміз. Салық кодексінің 139–140-баптарына қарап нақты қорытынды жасау қиын, өйткені ол нормаларды толық түсіндіретін қосымша нормативтік актілер қажет. Ал ондай құжаттар әзірге жоқ, тек одан әрі талқыланатыны туралы айтылды», — деп бөлісті бухгалтерлер Eurasia24 редакциясымен.
Дегенмен бірқатар маңызды сауалдар әлі де ашық күйінде қалып отыр: ҚҚС-ты алдын ала төлеу талаптары Конституция нормаларына шынымен қайшы келе ме? Сондай-ақ, мұндай норма заңды күшіне енген Салық кодексіне қалай еніп кеткен? Өйткені бұл құжат мемлекеттік құқықтық сараптамадан өтуі тиіс еді.
Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында біз танымал салық адвокаты Александр Капланға жүгіндік.
«ҚҚС бойынша алдын ала төленетін салық арнайы шотқа емес, Қазынашылықтың есебіне аударылады. Бұл ретте кәсіпкерлердің орынды сұрағы бар: өз қаражатын неге өзінің иелігіндегі шотқа емес, мемлекеттік шотқа аударуы керек? Әсіресе мәміле әлі жасалмаған, тауар жеткізілмеген, қызмет көрсетілмеген жағдайда. Мұндай келісімдер бойынша нақты төлем жарты жылдан немесе бір жылдан кейін ғана түсуі мүмкін. Яғни табыс әлі түспеген, қосылған құн әлі қалыптаспаған, бірақ оған қатысты салық алдын ала төленуі тиіс. Мұның өзі қосылған құн салығының мәніне қайшы. Мәселе мұнымен шектелмейді. Салық енгізілмей тұрып, бизнес субъектісінен 16% қаржы айналымнан шығарылып, мемлекет қарауына өтеді. Бұл — кәсіпкер жалақы төлеуге, құрал-жабдық алуға, несиесін өтеуге жұмсауы мүмкін қаражат. Ал ол ақша кәсіпкердің өз бақылауында емес, басқару мүмкіндігі жоқ мемлекеттік есепшотта тұрып қалады», — деп түсіндірді Eurasia24 тілшісіне салық адвокаты.
Оның айтуынша, ҚҚС-ты алдын ала төлеу тәртібі ең алдымен айналымы шағын, маржасы төмен микро және шағын бизнеске кері әсер етеді.
Александр Капланның пікірінше, бұл нормадан бизнес өкілдерінің бас тартуға мүмкіндігі бар, алайда…
«Бұл — Мемлекеттік кірістер комитеті барынша қолдап отырған норма. ҚҚС – елдегі түсімі ең жоғары салық, ал комитеттің болжамдық модельдері осы нормаға негізделген. Мемлекет үшін бұл – жалған шот-фактуралармен күрес тәсілі. Комитеттің бизнеске жол беруі екіталай, себебі оның дәлелдері өте көп. ҚҚС жинау жүйесін және жалған құжаттармен күресті түбегейлі өзгерту үшін балама жоспар қажет. Ал ондай жоспар жоқ. Сондықтан бизнес бұл норманы кері қайтару үшін бар күшін салуға мәжбүр. Мәселені Президентке дейін жеткізіп, ҚҚС авансымен төлеудің экономикаға қаншалықты зиян екенін дәлелдеу – ықтимал жол», — деді Александр Каплан.
Салық саласында қызмет ететін адвокаттың пайымынша, егер салық әкімшілігі толық цифрлық форматта және жүйелі түрде құрылса, жалған шот-фактуралар мәселесі әлдеқашан өзектілігін жоятын еді. Өйткені тауар айналымының барлық тізбегі мемлекеттің бақылауында болар еді.
«Мұндай нормалардың заңнамаға қалай өтіп кететіні жөнінде сұрақ орынды. Жұмыс топтарында бір мазмұн талқыланады, ал Мәжіліс пен Сенатқа мүлде басқа нұсқасы түседі. Мұнда “құқықтық сараптама” деген ұғым бар, сонымен бірге мемлекеттің саяси және қаржылық мүдделері деген түсінік те бар. Өкінішке қарай, осы екі бағыт түйіскен сәтте сараптаманың объективтілігіне кепілдік берілмейді. Тіпті теріс қорытынды шыққан жағдайда да, оған көз жұма қаралуы мүмкін — себебі мемлекеттің экономикалық мүдделері басым қойылады», — деп түйіндеді адвокат.