Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, оның ашықтығы мен тиімділігі қаңтар айында бұрын-соңды болмаған қоғамдық сынға ұшырады. Қаржы министрлігінің медициналық қызмет көрсетудің ақпараттық жүйелеріне жүргізген IT-аудиті ауқымды заңбұзушылықтарды әшкерелеген соң, бірқатар шұғыл шешімдер қабылданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшылығы ауысып, ұйымның өзі Қаржы министрлігінің басқаруына берілді. Бірақ бұл әлі соңы емес. Олжас Бектенов «Халықтық» фракцияның медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлеушілерге Қор қаражатын инвестициялаудан табыс алуға және оны дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсауға мүмкіндік беру туралы сауалына жауап берді.
ҚОРДЫҢ ПАЙДАСЫН ҚАНДАЙ
«Азаматтар ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына МӘМС бойынша жарна аударады, бірақ өздері төлеген қаражаттың қалай пайдаланылып жатқанын немесе пайдаланылмай тұрғанын бақылай алмайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңнамасына сәйкес, Қор өзінің активтері, соның ішінде азаматтардың аударымдары есебінен инвестициялық қызметті жүзеге асырады. Алайда, Қорға жарна төлеуші болып табылатын азаматтар инвестициялық табыс алмайды. Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) фракциясының пікірінше, бұл жерде әлеуметтік әділетсіздік көрініс тауып отыр», — деп жазды депутаттар Үкімет басшысына жолдаған сауалында.
Шынында да, әлеуметтік медициналық жарналарды аудару — міндетті әрі тұрақты үдеріс, ал дәрігерге қаралу — мезгіл-мезгіл болатын жағдай. Сондықтан әрбір жарна төлеуші өзі төлеген қаражат көлеміне сай медициналық қызмет алды деуге негіз жоқ.
Мәжіліс депутаттарының пайымдауы бойынша, егер цифрлық технологиялар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарымыздың көлемін бақылауға және шоттардағы ақша қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беріп отырса, онда МӘМС жүйесіндегі мұндай ашық цифрлық бақылау механизмі де денсаулық сақтау жүйесіне деген қоғамдық сенімнің нығаюына қолайлы негіз қалар еді.
Бұдан бөлек, депутаттар Олжас Бектеновтен азаматтардың МӘМС жүйесіндегі пайдаланылмаған қаражатын дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсау тәртібін әзірлеуді және оның мүмкіндіктерін қарастыруды сұрады. Олар мысал ретінде ЖРВИ маусымын келтірді: бұл кезеңде тұмау мен суық тиюді емдеуге арналған дәрілер жиынтығын сатып алу ондаған мың теңгені қажет етеді. Ал бұл — қазақстандық шынайы өмірдің айнымас әрі ащы шындығы.
ОРТАҚ ҚАЗЫНАНЫҢ КҮРДЕЛІ ТҰСТАРЫ
Олжас Бектеновтің депутаттарға не деп жауап бергенін сәл кейінірек баяндаймыз. Әзірге өз тарапымыздан мына бір жайтты еске сала кетейік: 2019 жылы Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірыңғай әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы бюджеттен тыс жүйені шоғырландыру мәселесін зерттеуді тапсырған болатын. Сол кезде көптеген сарапшылар мемлекеттік үш әлеуметтік қорды — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ), Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын (ӘМСҚ) және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын (МӘСҚ) бір құрылымға біріктіруді ұсынды.
Біздің әріптесіміз, экономист Петр Своик тіпті бұл туралы тұтас мақала жазған болатын.
Ал AERC ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев бірыңғай әлеуметтік қордағы шоттарды дербестендірудің тәуекелдерін атап өткен еді – оның пікірінше, бұл жағдайда медициналық қызметтер мен әлеуметтік төлемдер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен табысы төмен адамдарға қолжетімсіз болып қалуы мүмкін, бұл әлеуметтік теңсіздікті одан сайын ушықтыра түседі.
Сол кездегі негізгі ой біреу болды: барлық әлеуметтік жарналарды шоғырландыратын және әлеуметтік қамсыздандыруды басқару жүйесін оңтайландыратын бірыңғай әлеуметтік қор қажет. Ол үшін тек БЖЗҚ-да ғана емес, барлық үш қордағы шоттарды дербестендіріп, оларды ынтымақты жүйе принциптері негізінде біріктіру керек еді.
Бірақ бұл бастамаға қарсы шыққандар да аз болған жоқ. Олардың басты уәжі – әр қордың атқаратын міндеті әртүрлі. Мәселен, БЖЗҚ – болашақтағы қарттықтың қамы болса, ӘМСҚ мен МӘСҚ – бүгінгі күннің әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған. Ертеңгі күні зейнетақысыз қалу қаупін ескерсек, жинақталған ақшаны дәрігердің қабылдауына немесе ағымдағы жәрдемақыларға жұмсап жіберу – өте қауіпті қадам.
Нәтижесінде, Президент тапсырма бергеніне қарамастан, мемлекет бұл жоспардан бас тартты. 2024 жылдың қарашасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл мәселемен арнайы жұмыс тобы айналысқанын жеткізді. Оның құрамына мемлекеттік органдар, Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, «Атамекен» палатасы мен сақтандыру компанияларының өкілдері кірген.
«Жұмыс тобының қорытындысы бойынша Бірыңғай әлеуметтік қор құрудың еш қисыны жоқ деген шешім қабылданды. Ұлттық банк пен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бұл жарналардың экономикалық табиғаты әртүрлі екенін алға тартып, қорларды біріктірудің қажеті жоқ деген ұсыныс білдірді. Бұл қадам қазіргі жағдайда тиімсіз болар еді. Сондықтан бұл шешім назарға алынып, тиісті тапсырма орындаудан алынып тасталды», — деді министр.
ЫНТЫМАҚТЫ ЖҮЙЕ ЫҢҒАЙҒА КӨНБЕЙДІ
«Халықтық» фракция депутаттарының Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты сауалы осыдан 6 жыл бұрынғы ескі идеямен жанама түрде ұштасып жатыр. Себебі, қаражаттың қозғалысына бақылау орнату, ӘМСҚ ақшасын инвестициялаудан түскен табысты есептеу немесе пайдаланылмаған жарналарды дәрі-дәрмек сатып алуға бөлу үшін, ең алдымен, әрбір аударымды дербестендіру қажет. Сондықтан «Халықтық» фракцияның бұл бастамасы қарапайым жұрттың мүддесін көздегенімен, Премьер-министрдің жауабын алдын ала болжау қиын емес еді.
«МӘМС жүйесінің ашықтығы заңнама аясында қамтамасыз етіледі және ол жариялылық, есептілік, қоғамдық бақылау мен ынтымақтастық принциптеріне негізделген. Ынтымақты жауапкершілік принципінің мәні — МӘМС жүйесін қаржыландыру түрлі санаттағы қатысушылардың (қызметкерлердің, жұмыс берушілердің және мемлекеттің) жарналары мен аударымдары есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте қаражат азаматтардың жеке жарнасының көлеміне қарай емес, сақтандырылған тұлғалардың медициналық көмекке деген қажеттілігіне қарай бөлінеді», — деп Олжас Бектенов жауапты берді.
Сондай-ақ, Үкімет басшысының депутаттық сауалға қайтарған ресми жауабында «БЖЗҚ жүйесіне ұқсас дербес шоттарды енгізу ынтымақты жауапкершілікке негізделген МӘМС жүйесінің базалық принципіне қайшы келетіні» атап өтілген.
Дегенмен, Премьер-министр азаматтар, медициналық ұйымдар мен мемлекет арасында цифрлық кері байланыс орнату аясында 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап барлық халыққа арналған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мобильді қосымшасы іске қосылатынын атап өтті. Бұл қосымшада әрбір пациент медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін немесе көрсетілмегенін растап отырады.
Ал Ұлттық банктің ӘМСҚ активтерін инвестициялауынан түсетін табысқа қатысты Олжас Бектеновтің жауабы мынадай: МӘМС қатысушыларына инвестициялық табыс есептеу жүйесін енгізу қарастырылмаған. Неліктен? Себебі Қордың барлық активтері, соның ішінде инвестициялаудан түскен сыйақы да тек медициналық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады.
Нәтижесінде, медициналық сақтандыру жүйесінің ынтымақты сипатына және жарналардың дербестендірілмегеніне байланысты, азаматтардың емханаға бармаған күндері үшін үнемделген қаражаты дәрі-дәрмек сатып алуға берілмейтін болды.
Бұл мәселеде Олжас Бектеновтің негізгі дәледі мен депутаттардың өтініші екі арнаға кетті. Мәжілісмендер тек ӘМСҚ-ға аударылған өз жарналарын жекеменшік дәріханалардан дәрі сатып алу үшін пайдалану мүмкіндігі туралы айтқан болатын. Ал Үкімет басшысы емханалардың қажетті препараттарды тегін беретінін және дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екенін алға тартты. Бірақ Премьер-министр бір жайтты ескермеген сияқты: емханалардағы тегін дәрілер барлық пациентке немесе кез келген диагнозға беріле бермейді. Оның үстіне, шұғыл жағдайда (мәселен, түнде) қажетті дәріні емханадан жедел алу мүмкін емес. Ал дәріханада олар кез келген уақытта қолжетімді, тек қалтаңда мыңдаған теңгең болса болғаны.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл түйткілді дәрі-дәрмектердің шекті бағасын бекіту және үстемеақыны шектеу арқылы шешуге тырысып-ақ келеді. Алайда, дәрі-дәрмек инфляциясы шенеуніктердің ізгі ниетін әзірге қауқарсыз етіп тұр.




