Евразия24Басты бетМиллиардтаған мемлекеттік қолдау фермерлердің кәсіпкерлікке көшуіне көмектесе алмады

Миллиардтаған мемлекеттік қолдау фермерлердің кәсіпкерлікке көшуіне көмектесе алмады

|

|

Депутаттық корпус аграрлық саясаттағы жүйелі кемшіліктерге байланысты Үкімет жұмысын кезекті рет сынға алды. Бір топ сенатор Премьер-министрдің алдына қордаланған мәселелер тізімін жайып салды. Олардың қатарында несие беру кезіндегі бюрократиялық кедергілер мен мемлекеттің фермерлер алдындағы субсидиялар бойынша миллиардтаған қарызы бар. Өз кезегінде Олжас Бектенов атқарылып жатқан жұмыстарға «цифрлық оптимизм» тұрғысынан баға берді. Алайда, егер мемлекет қабылдаған шаралар іс жүзінде тиімді жұмыс істегенде, агроөнеркәсіп кешені созылмалы масылдықтан арылып, әлдеқашан қарқынды даму жолына түсер еді. Осы орайда, «20 жылдық мемлекеттік қолдауға қарамастан, ауыл шаруашылығы неге әлі күнге дейін өз аяғына нық тұра алмай келеді?» деген заңды сауал туындайды. Төменде депутаттардың талап-тілектері мен Үкіметтің түсіндірмелеріне негізделген талдауды ұсынамыз.

БЮРОКРАТИЯҒА ҚАРСЫ ЕСЕП

Қазақстандағы мемлекет пен фермерлер арасындағы қарым-қатынас тарихы ұзаққа созылған әлеуметтік экспериментті еске түсіреді. Соңғы бес жылдың ішінде «ойын ережелері», соның ішінде мемлекеттік қолдаудың түрлері мен бағыттары 70-тен астам рет өзгерді. Алайда аграршылар үшін ең қажетті даму құралдары — субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді алу тәртібі әлі күнге дейін оңтайландырылған жоқ. Несие алу үшін бұрынғыдай ондаған құжат талап етіледі, ал ауыл шаруашылығының негізгі ошағы саналатын ауылдық жерлердегі кепілге қойылатын мүлік нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағаланады.

Сенаторлардың депутаттық сауалында көрсетілген салалық маңызды кемшіліктерге тоқталайық:

  • Бір несиелік өтінімді рәсімдеу үшін 20-дан астам құжат талап етіледі, ал оларды қарау мерзімі кейде 3-4 айға дейін созылады;
  • Ауылдық жерлердегі кепілге қойылатын мүліктің құны өтімділік коэффициенттері арқылы негізсіз төмендетіледі;
  • Мал басына белгіленген қаржыландыру лимиті нақты нарықтық бағадан 30-40%-ға төмен;
  • Бір гектарға шаққандағы қаржыландыру лимиттері нақты өндірістік шығындарды толық өтей алмайды. Кейбір дақылдар бойынша шығынның тек 35-50%-ы ғана жабылады;
  • Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша төлемдер кешіктіріліп жатыр, соның салдарынан фермерлер несиенің толық мөлшерлемесін өз қаражаты есебінен төлеуге мәжбүр;
  • Аталған бағыт бойынша жинақталған қарыз көлемі 340 млрд теңгеден асты;
    Қайта өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын несиелеу мерзімі, маусымдық ерекшеліктерге қарамастан, 12 аймен шектелген;
  • Ауыл шаруашылығы алқаптарын жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтінімдер келісімшарт аяқталуға 3 ай қалғанда ғана қабылданады, бұл ұзақ мерзімді жоспарлауға кедергі келтіреді.

Әрине, сенаторлар Олжас Бектеновтен аталған кемшіліктерді жоюды талап етті.
Үкімет басшысы өз жауабында негізгі екпінді «технологиялық серпіліске» жасады. Ол депутаттарға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) «Agronesie» порталы мен «Agrocredit» қосымшасын қамтитын онлайн-несиелеудің кешенді жүйесін жоспарлы түрде енгізіп жатқанын хабарлады.

Премьер-министрдің айтуынша, енді анықтама жинап шапқылаудың қажеті жоқ – жеке куәлік, салық деректері, тіпті мал басының бар-жоғы туралы құжаттарды өткізу талабы алынып тасталды, себебі барлық мәліметтер дерекқордан автоматты түрде алынады. Ал 5 млн теңгеге дейінгі микронесиелер бойынша алдын ала шешім 5 минут ішінде шығарылады деп уәде етілген. Үкімет басшысының жауабынан үзінді келтірсек:
«АНК қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалаудың екі кезеңдік скорингтік жүйесін әзірлеп, пилоттық сынақтан өткізуде. Бұл жүйе адами факторды барынша азайтып, сұралатын құжаттар көлемін қысқарта отырып, тәуекелдерді объективті әрі жедел бағалауды қамтамасыз етеді. Бірінші кезең — сенімділік скорингі — мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау арқылы (несие тарихы, соттылығының болуы, салық берешегі және өзге де шектеулер) қарыз алушының беделін автоматты түрде тексеру негізінде жүзеге асырылады. Несие тарихы жақсы қарыз алушылар үшін процедура жеңілдетілген режимде өтеді. Екінші кезең жобаның экономикалық тиімділігін бағалауға бағытталған және болжамды өндірістік көрсеткіштер, салалық ерекшеліктер мен нарық конъюнктурасы негізінде төлем қабілеттілігін есептеуді қарастырады.

«Іскер» бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге дейінгі микронесиелерге өтінім беру және қарау үшін онлайн-платформа енгізілді, онда алдын ала шешім 5 минут ішінде қабылданады».

Сырттай қарағанда, бұл аграрлық салада бәрі ойдағыдай деген әсер береді. Бірақ сенаторлар мен премьер-министр бір Қазақстан туралы айтып отыр ма деген сұрақ туындайды. Олжас Бектенов атаған шаралардың біразы әлі де сынақтан өтіп жатқан шығар. Алайда депутаттар әдетте сауалдарын әзірлер алдында мәселені мұқият зерттейді, сондықтан олардың қолында қазіргі аграрлық саясаттың табысты мысалдары болуы керек еді.

ӨНІМ ШЫҒЫНЫН КІМ ӨТЕУІ ТИІС?

Қаржыландыру лимиттеріне қатысты даулы мәселе ерекше назар аударуды талап етеді. Депутаттар өсімдік шаруашылығында субсидиялардың шығынның тек «35-50 пайызын» ғана жабатынына және мал басына шаққандағы лимиттердің нарықтық бағадан 30-40 пайызға төмен екендігіне наразы.

Осы орайда: «Аграршылардың талабы тым жоғары емес пе?» деген заңды сауал туындайды. Қордаланған мәселелерден байқалатын фермерлердің ұстанымы өте қарапайым: «Бизнеске қажетті жағармайдан бастап, элиталық тұқымға дейінгі барлық шығынымызды өтеп беріңіздер. Ал біз содан кейін өнім жинап, оның бағасын көтерерміз» дегенге саяды.

Премьер-министр сенаторлардың есіне «Аграрлық несие корпорациясы» шығындардың 70 пайызына дейін қаржыландыратынын, ал «қалған бөлігі қарыз алушының өз қаражаты есебінен жабылуы тиіс» екенін байқап қана ескертті.
«Мұндай тәсіл тәуекелдерді қатысушылар арасында бөлуге және несие ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-министр депутаттық сауалға берген жауабында.

Және оның бұл пікірі орынды. Егер салық төлеушілер жеке фермерлік қожалықтардың шығындарын толықтай өз мойнына алатын болса, ауыл шаруашылығы біржола «бюджетке масыл» салаға айналады.

Halyk Finance сарапшысы Мұрат Темірханов агроөнеркәсіп кешені туралы ең резонансты жарияланымдарының бірі — «Мықты АӨК» жаңа ұлттық жобасы: мемлекеттік жоспарлау мәселелерінің айқын мысалы» атты еңбегінде фермерлік шаруашылықтардың ондаған жылдар бойы айтарлықтай ілгерілеусіз, тек мемлекеттің қолдауымен ғана күн көріп келе жатқанын тікелей көрсеткен болатын:

«Ауыл шаруашылығы мемлекеттен бюджетке төлейтін салығынан көбірек қолдау ала отырып, тиімділігі төмен және бәсекеге қабілетсіз сала болып қалуда (…) Үкіметтің неліктен ондаған жылдар бойы экономиканың осы секторын дамытуға орасан зор қаражат жұмсап, есесіне ештеңе алмағанына ешкім талдау жасаған жоқ».

Мүмкін, тоқтаусыз берілетін субсидиялар фермерлерді тиімді жұмыс істеуге деген ынтасынан шынымен айыратын шығар? Егер мемлекет кез келген шығынды бәрібір өтеп берсе, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділік үшін күресудің не қажеті бар?

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА «ЖЕДЕЛ» КӨМЕК

Ең күрделі мәселе – субсидиялар бойынша қалыптасқан берешек. Парламенттің қос палатасының депутаттары бұл мәселені 2025 жылы да көтерген болатын. Көріп отырғанымыздай, 2026 жылы да бұл түйткіл өз шешімін тапқан жоқ. Фермерлер төлемдердің кешіктірілуіне байланысты несиелерді толық мөлшерлеме бойынша өз қалталарынан өтеуге мәжбүр екендіктерін айтып, шағымдануда. Сенаторлардың дерегінше, қордаланған қарыз сомасы 340 млрд теңгеге жеткен.

Премьер-министр мәселенің бар екенін мойындағанымен, оның жауабынан жағдайдың тез арада реттелетіні байқалмайды. Бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты «күту парағындағы» өтінімдер көлемі қазірдің өзінде 390 млрд теңгеге жетті. Үкімет бұл борышты бір мезетте емес, кезең-кезеңімен және тікелей ақшалай төлеу арқылы емес, жеңілдетілген несие беру жолымен өтеуді жоспарлап отыр.

Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудан біртіндеп бас тарту – алдағы уақыттың басты мақсаты. Біздің көзқарасымызша, бұл – оңай шешім болмаса да, дұрыс қадам. Өйткені мөлшерлемелерді субсидиялау фермерлерді емес, тікелей банктерді қолдау болып табылады.

2026–2028 жылдарға агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, саланың сапалық секіріс жасауын тек зор сақтықпен күтуге болады. Себебі 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс соңғы 5 жылда 142 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғанын анықтады. Айта кету керек, бұл да фермерлерге берілген мемлекеттік көмек қаражаты болатын.

Мәселе ауыл шаруашылығы өндірушілеріне төленетін қаржының аздығында емес, оның жан-жаққа шашырауында болып отыр. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов 2024 жылғы желтоқсанда атап өткендей, елімізде 17 бағыт бойынша субсидияның 67 түрі бар, бірақ олардың тиімділігі өте төмен. Қаражат нақты нәтиже көрсететін шаруаларды қолдаудың орнына, бәріне аз-аздан үлестіріліп келеді.
Сонымен қатар, қазіргі жүйе «кәсіби субсидия алушылардың» тұтас бір тобын қалыптастырды. Аудит барысында төлемдерді иемдену үшін бір малды бірнеше шаруашылық арасында жалған сату және мүлдем орындалмаған құрылыс жұмыстары үшін ақы төлеу фактілері анықталды.

Егер агроөнеркәсіп кешеніндегі кейбір «пысық» фермерлер өздерінің заңсыз схемалары арқылы үнемі қаржылық дау-дамайдың ортасында жүрген тұтас бір салаға көлеңке түсіріп отырса, онда профильді министрлік неге мұндай «ерекше көзге түскендерді» бюджеттік қаржыландырудан біржола шеттетпеске және бұл ұстанымды тұрақты қағидаға айналдырмасқа?

Олжас Бектеновтің сенаторларға берген жауабынан мемлекеттің бизнес үшін қолайлы жағдай жасап жатқанын көреміз. Бұл іс-шаралардың әсері әр ауылға жетіп жатыр ма, ол – бөлек мәселе. Алайда ауыл шаруашылығындағы қазіргі ахуал қазақстандық фермерлердің басым көпшілігін «кәсіпкер» деп атауға әлі де ерте екенін көрсетеді. Бір жағынан, мемлекеттік көмек олардың «күн көрісіне» әрең жетсе, екінші жағынан, дүкендердегі бағаның тұрақты өсуін көріп отырған салық төлеушілер фермерлердің бизнес-тәуекелдерін толық өтеуге міндетті емес.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

ШЫҰ аясындағы қорғаныс диалогы: 2027 жылға арналған жоспар бекітілді

ШЫҰ елдерінің қорғаныс ведомстволары арасындағы тұрақты кеңесу форматы қатысушы мемлекеттердің геосаяси жағдайды бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді және жалпы алғанда, түсініспеушілік пен қақтығыс қаупін азайтады.

Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК қарым-қатынасының жаңа кезеңі

Қазақстан өкілінің Бюро әкімшілігіне сайлануы – еліміздің халықаралық стандарттарды қалыптастыруға тікелей қатысуын, өзіне тиімді тәсілдерді ілгерілетуін және ұлттық шикізат секторының мүдделерін қорғауға ат салысуын білдіреді.

Дәрі-дәрмек бағасы нарық еркіне жіберілмек

Үкімет дәрі-дәрмек бағасын еркіне жіберу туралы шешім қабылдады деп бізді ескерткені ме? Нарық монополияланған жағдайда бағаны реттеу көбіне құнның күрт өсуіне алып келеді, өйткені дәріханалар енді маржаның жоғарғы шегімен шектелмейді.

Ливан президенті: келіссөздерді жалғастыру үшін Израиль бітім шарттарын сақтауы тиіс

Израиль бітім режимінің талаптарын орындауы керек, бұл Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздерді табысты жалғастырудың негізгі шарты.