Бүгінгі таңда ғылыми-сарапшылық қоғамдастық тек ресми мемлекеттік институттарға сенім арту қажетті экономикалық өсімге алып келмейді деген пікірді ұстанады. Іс жүзінде заманауи экономиканың дамуы ресурстар көлемімен немесе инвестициялық қамтылу деңгейімен ғана емес, сонымен қатар институттардың сапасымен және мемлекеттік басқарудағы бейресми құралдармен де айқындалады.
Расында, дәстүрлі институционализммен салыстырғанда, ұзақ мерзімді тұрақты өсімнің негізгі факторы ретінде үш элементтің үйлесімді байланысы алдыңғы қатарға шығуда. Олар: адами ресурстарды жетілдіру есебінен мемлекеттік басқару сапасын арттыру, еңбек нарығының ұтымды құрылымы және экономикалық дамудың тиімді моделі.
Қазіргі уақытта Қазақстан институционалдық шектеулер экономикалық өсімге жүйелі түрде кедергі келтіретін шекті кезеңге таяп қалды. Мәселе реформалардың жоқтығында емес, олардың іске асырылуын қамтамасыз етудегі дәрменсіздікте болып отыр.
Саяси белгі: басқару жүйесін қайта жаңғырту әрекеті
2026 жыл Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси-басқарудың жаңа кезеңінің қалыптасуымен ерекшеленді. Саяси алаңда үш маңызды оқиға орын алды: 5 қаңтардағы «Turkistan» газетіне берген бағдарламалық сұхбат, 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысы және 15 наурыздағы жаңа Конституция бойынша референдум. Бұл оқиғалардың барлығы үш кезеңнен тұратын, нақты құрылған стратегиялық жүйені құрайды.
Бірінші кезең — идеологиялық. Мемлекет басшысы жария сұхбат арқылы реформалардың шеңберін айқындап, мемлекет дамуының негізгі бағыттары мен түйткілді мәселелерін белгілеп берді.
Екінші кезең — басқарушылық. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент басқару іс-қимылдарындағы жүйеліліктің тапшылығына назар аудартып, бюрократиялық аппаратқа саяси ықпал ету құралын іс жүзінде қолданды.
Үшінші кезең — институционалдық. Конституциялық референдум өткізу нәтижесінде биліктің жаңа құрылымы бекітілді.
Осылайша, Мемлекет басшысы саяси коммуникация тетіктері, мемлекеттік аппаратқа басқарушылық ықпал ету және институционалдық реформалау арқылы мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғыртудың күрделі процесін бастады.
Президент стратегиясының негізгі мақсаты — жаһандық геосаяси өзгерістер жағдайында еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттің жаңа моделін қалыптастыру. Дегенмен, институттарды өзгерту басқару сапасына әлі де толық кепілдік бермейтінін түсіну қажет. Негізгі мәселе басқада — мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудың дәстүрлі қалыптасқан қағидаттарын, экономикалық саясаттың сипатын және ел дамуын басқару логикасын өзгертуге қауқарлы ма? Басты жүйелі сын-қатер де дәл осы тұста туындайды.
Бұл ретте реформалардың табысты болуына саяси мәлімдемелердің ауқымдылығы емес, мемлекеттік аппараттың мемлекет пен экономиканы басқару ұстанымдарын іс жүзінде өзгерту қабілеті негізгі фактор болмақ.
Жалған өсім: дамусыз тұрақтылық
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан нарықтық экономиканың базалық элементтерін қалыптастырып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етті. Сонымен бірге, сыртқы орнықтылықтың артында жіберіп алған мүмкіндіктерге байланысты терең жүйелі мәселелер сақталып отыр.
Мәселен, Дүниежүзілік банктің 2024–2025 жылдардағы деректері бойынша Қазақстан ЖІӨ-нің 5-6% өсімін көрсетуде, бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткішінен орта есеппен 2,8 есе жоғары. Алайда бұл дамыған экономиканың өсімі емес, қуып жетуші сипаттағы өсім болып табылады. Қазақстандағы еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда 30-50%-ға төмен. Еліміздегі жұмыссыздықтың 4,6% деңгейіндегі төмен көрсеткіші жасырын жұмыссыздық пен өнімділігі төмен жұмыспен қамтудың салдарынан құрылымдық тұрғыдан «алдамшы көрсеткіш» болып саналады.
Мұның себебі әлемдік нарықтағы ахуалдың құбылмалылығында ғана емес, мемлекет дамуының үш элементі — мемлекеттік басқару сапасы, еңбек нарығының экономикалық сұранысқа сәйкестігі және тұрақты экономикалық даму моделі арасындағы институционалдық байланыста жатыр. Айта кететін жайт, өтпелі экономикасы бар елдерде бұл өзара байланыс ерекше айқын көрінеді.
Мемлекеттік басқару институционалдық «ойын ережелерін» айқындайды, еңбек нарығы экономиканың шынайы жағдайын көрсетеді, ал экономикадағы құрылымдық мәселелер халықтың жұмыспен қамтылуына, әл-ауқатына және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, макроэкономикалық ресми көрсеткіштер мен жұмыспен қамту деректері экономикалық өсімнің нақты сапасын аша алмайды және халық табысының тұрақты артуына мүмкіндік бермейді.
Қазақстанда әлі де ренталық экономика белгілері сақталып отыр, яғни табыстың басым бөлігі шикізат секторы есебінен құралады. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы деректері бойынша, ел экспортының шамамен 67,2%-ын көмірсутектер, металдар және химия өнімдері құраған. Еңбек нарығы дамудың қозғаушы күші ретінде емес, экономиканың шикізаттық моделінің қосалқы бөлшегі ретінде дамып келеді. Іс жүзінде ұлттық экономика — білім мен инновация экономикасы емес, ресурстарды бөлісу жүйесіне айналған.
Экономиканың бір жерге шоғырлануы үлкен мәселе тудырып отыр. Экономикалық әлеуеттің бірнеше ірі қалаға ғана тиесілі болуы теңсіздік тудыруда. ЖІӨ-нің үштен бірінен астамы Астана мен Алматы қалаларында қалыптасады. Бұл мегаполистер инвестицияның, бизнестің және жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарының негізгі бөлігін иеленіп отыр. Мұндай жағдай аймақтық теңсіздікті күшейтіп, өңірлерде халық санының кемуіне және ішкі көші-қонның артуына алып келеді. Осы қалыптасқан жағдай Қазақстанның барлық өңірлерінің әлеуетін тиімді іске асыруға кедергі келтіріп, олардың экономикалық тұрғыдан теңесуіне мүмкіндік бермейтіні анық.
Бұған қоса, экономикада мемлекеттің шамадан тыс рөлі, реттеу процестерінің күрделілігі және бәсекелестіктің әлсіздігі сақталып отыр. Мемлекеттік басқарудың тым бюрократиялануы мен жеке сектордың қауқарсыздығы айқын байқалады. Бұл қазіргі уақытта шығар жолы көрінбейтін құрылымдық тығырыққа тірелуді білдіреді.
Біз мұндай жағдайды 15 жылдан астам уақыт бұрын болжаған едік, бірақ құзырлы органдар ол кезде бұған құлақ аспады, экономиканы құрылымдық жағынан өзгерту үшін жүйелі шаралар қабылдамады. Осыған байланысты, егер құрылымдық реформалар жасалмаса, таяу болашақта Қазақстан экономикасының өсу қарқыны баяулап, тоқырауға ұшырау қаупі өте жоғары екенін нық сеніммен айтуға болады.
Сонымен қатар, табиғи ресурстардың қоры, географиялық орналасуы және адами капиталдың жоғары деңгейі экономикалық дамудың жаңа моделіне көшуге мүмкіндік береді.
Бүгінде тиімсіз басқару институттары экономиканың шикізаттық құрылымын қалыптастыру мен қолдауға бағытталған. Өз кезегінде, шикізаттық экономика жоғары өнімді жұмыс орындарының дамуын шектейді. Әлсіз еңбек нарығы адами капиталдың сапалы әлеуетін іске асыруға кедергі келтіріп отыр. Ел дамуы тек ЖІӨ-нің өсуінде емес, басқарудың жаңа моделін қалыптастыруда екенін түсінуіміз қажет.
Қорыта айтқанда, егер терең институционалдық реформалар жүргізілмесе, Қазақстан экономикасы ұзақ мерзімді құрылымдық тоқырауға тап болуы мүмкін.
Мемлекеттік аппарат: білімділік пен тиімсіздік арасы
Қазіргі уақытта мемлекеттік басқару жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету сапасы мемлекеттің экономикалық даму тиімділігінің негізгі факторларының бірі екеніне ескішіл көзқарастағылардан басқа ешкім шүбә келтірмейді. Халықаралық тәжірибе стратегиялық ойлай алатын, құзыреттілігі жоғары және жеке жауапкершілікті сезінетін кәсіби басқарушы элитасыз экономикалық өсімнің мүмкін еместігін айқын көрсетіп отыр.
Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызмет тұрақты кәсіби мансаптың негізгі тұғырына айнала қойған жоқ. Тұтастай алғанда, кәсіби басқарушы элита емес, әкімшілік бюрократия қалыптасуда. Сондықтан, бір жағынан, басқарушы кадрлардың сапасы, екінші жағынан, шешім қабылдаудағы кәсібилік пен батылдықтың тапшылығы реформаларды жүзеге асыруға айтарлықтай септігін тигізбей отыр.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде орындаушылық тәртіптің нашарлығын, басқарушы кадрлардың дайындық деңгейі экономиканы жаңғырту міндеттерінің ауқымына сәйкес келмейтінін бірнеше рет атап өткен болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Үкімет мүшелерінің бір бөлігі стратегиялық міндеттерді және жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін толық түсінбейді» деп ашық айтылды. Бұл ескертулер Президент пен атқарушы билік арасындағы коммуникация мәселесін ғана емес, басқару корпусындағы терең институционалдық дағдарысты да көрсетеді.
Екінші жағынан, орын алып отырған мәселелерге қарамастан, мемлекеттік аппараттың бірқатар объективті артықшылықтары бар. Біріншіден, басқарушылардың едәуір бөлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша және басқа да жолдармен әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алған. Екіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, кадрлық резерв және Президенттік жастар кадр резерві, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы кадрларды даярлаудың корпоративтік бағдарламалары сияқты институционалдық база жұмыс істейді. Үшіншіден, мемлекеттік аппараттың әлемдік қаржы дағдарысы, пандемия және санкциялық тәуекелдер кезеңіндегі дағдарысқа қарсы басқару тәжірибесі бар.
Сонымен қатар, басқару корпусының әлсіз тұстары да жоқ емес. Бір жағынан, бұл — құзыреттіліктің тапшылығы. Шешімдердің көпшілігі тактикалық сипатқа ие, оларда ұзақ мерзімді жоспарлаудың болмауы, қысқа мерзімді көрсеткіштерге бағыт алу және жедел әрекет етумен шектелу байқалады. Екінші жағынан, басқару процестерінің формализациялануы белең алған, мұнда жүйе негізінен статистикалық көрсеткіштерге бағытталып,нақты нәтиже есептілікпен алмастырылады. Үшінші жағынан, құрылымдық мәселе бар — көптеген министрліктерде басшылардың тиісті салалық дайындығы мен экономиканың нақты секторында жұмыс тәжірибесі жетіспейді. Бұл экономика салаларындағы процестерді үстірт түсінуге және қате стратегиялық шешімдер қабылдауға алып келеді. Соңғысы, жауапкершіліктен қашу мен оны бөліп салу жүйесі қалыптасқан,соның салдарынан мемлекеттік бағдарламалардың сәтсіздігі үшін ешкім жеке жауапқа тартылмайды, ал кемшіліктер ведомстволар арасында бөлініп, басқару кабинеттерінің тасасында қалып қояды.
ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, реформалардың сәтсіздікке ұшырауы саяси жауапкершілікке әкеп соғады. Ал Қазақстандағы жауапкершілік институтының өзіндік ерекшелігі мен түйткілді тұсы бар — шенеуніктер көбіне жемқорлық үшін жазаланғанымен, басқарудың тиімсіздігі мен бағдарламалардың іске аспағаны үшін сирек жауап береді. Тіпті сәтсіздікке жол бергендер жазаланудың орнына, басқа қызметке ауысу мүмкіндігіне ие болып жатады.
«Неліктен Қазақстанда біліксіз менеджерлер тағайындалады?» деген сұрақ туындайды. Жүйелі талдау көрсеткендей, бұл мәселенің тамыры институционалдық сипатта жатыр. Атап айтқанда, кадрлық шешімдер көбіне жеке сенімге, саяси адалдыққа және белгілі бір басқарушылық байланыстарға негізделеді. Ал кәсіби құзыреттілік екінші кезекке ығыстырылып, сыни ойлау мен принципшілдік көп жағдайда қолдау таппайды.
Ашық конкурстар мен ресми бәсекелестік тетіктері болғанымен, көптеген кадрлық шешімдер алдын ала қабылданып қояды. Ал конкурстық процедуралар тек қабылданған шешімді заңдастыру үшін ғана жүргізіледі. Бұл жағдай жастар арасында жұмысқа орналасуда «қосарланған стандарттар» бар деген түсінікті қалыптастырып, олардың елден қоныс аударуына басты себеп болып отыр.
Реформалардың тежелуі: институционалдық кедергілер
Экономиканы кадрлармен қамтамасыз етудегі жоғарыда аталған мәселелердің салдары елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының сәтсіздікке ұшырауына немесе олардың тиімділігінің тым төмен болуына әкеп соқтыруда. Мәселен, экономикалық саясаттың іске асырылу барысына жасалған талдау келесі жайттарды көрсетеді:
Біріншіден. Сарапшылар қауымдастығының түрлі бағалаулары бойынша, индустрияландыру аясындағы инвестициялық жобалардың шамамен 40%-ы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған. Бұған жобалардың технологиялық деңгейінің төмендігі, жабдық импортынан жоғары тәуелділік, экспорттық әлеуеттің әлсіздігі және жергілікті қамтудың жеткіліксіздігі себеп болған.
Сонымен қатар, бірқатар жобалардың өңірлік ерекшеліктер мен нақты ресурс базасына, оның ішінде кадрлық әлеуетке сәйкес келмегенін атап өткен жөн. Соның салдарынан іске қосылған өндіріс орындары жобалық қуатына жете алмай отыр.
Екіншіден, цифрлық трансформация саласында бірқатар жүйелік мәселелер бар. Олардың қатарында IT-платформалардың қайталануы, әзірлемелердің жоғары құны және ақпараттық жүйелердің әлсіз интеграциясы байқалады. Бұл үдерістер көбіне ірі көлемдегі, негізсіз бюджет шығындарымен қатар жүреді. Сонымен бірге көптеген IT-жобалар қосымша қайта қаржыландыруды талап етеді.
Үшіншіден, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламалары да бірқатар сынға ұшырап отыр. Негізгі мәселелерге тиімсіз субсидиялау, жемқорлық тәуекелдері және еңбек өнімділігінің төмендігі жатады. Атап айтқанда, Қазақстандағы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 6–8 есе төмен.
Төртіншіден, тұрғын үй бағдарламаларында да жүйелік кемшіліктер бар. Олардың ішінде тұрғын үй бағасының өсуі, алыпсатарлық тетіктердің кең таралуы және баспананың қолжетімділігінің шектеулілігі байқалады. Көп жағдайда бұл бағдарламалар қалалар мен өңірлердің жалпы экономикалық даму стратегиясымен үйлестірілмейді. Сонымен қатар типтік жобалар мен заманауи технологиялардың аздығы құрылыс қарқынын баяулатып, тұрғын үйдің өзіндік құнын арттырады.
Осылайша, институционалдық сипаттағы мәселелер тізбесін әрі қарай да жалғастыруға болады. Алайда олардың шексіздігі жүйелі әрі түбегейлі өзгерістер қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Барлық бағыттарға ортақ мәселе – саясатты айқындау мен оны іске асыру арасындағы жүйелік алшақтық. Бұл өз кезегінде институционалдық шектеулердің бар екенін аңғартады.
Еңбек нарығы: жасырын жұмыспен қамту дағдарысы
Еңбек нарығының қазіргі жағдайы экономикадағы құрылымдық ерекшеліктерді айқын көрсетеді. Жұмыспен қамту деңгейінің жақсаруы мен жұмыссыздық көрсеткіштерінің төмендеуіне қарамастан, ұлттық еңбек нарығының дамуын талдау бірқатар күрделі мәселелер мен ықтимал тәуекелдердің бар екенін аңғартады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы жұмыспен қамтылғандар саны 9,3 млн адамды құраған. Алайда олардың шамамен 23%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады, ал жұмысшылардың едәуір бөлігі еңбек өнімділігі төмен салаларда қызмет етеді.
Сарапшылардың бағалауынша, еңбеккерлердің шамамен 30%-ы зейнетақы жарналарын төлемейді. Бұл көлеңкелі экономиканың елеулі үлесінің бар екенін көрсетеді.
Еңбек нарығындағы негізгі трендтер:
Демографиялық қысымның артуы: 2035 жылға дейін еңбек нарығына жыл сайын 360 мыңға жуық жас маман қосылады. Бұл нарыққа үлкен салмақ салып, жыл сайын жүздеген мың жаңа жұмыс орнын ашу қажеттілігін тудырады;
Экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу: Бұл процесс жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал еткенімен, төмен білікті жұмыс орындарының жойылу қаупін тудырады және цифрлық дағдыларға қойылатын талаптарды күшейтеді;
Платформалық жұмыспен қамтудың өсуі: Фриланс, курьерлік қызмет және платформалық экономиканың (маркетплейстер, онлайн-сервистер) дамуы отандық білікті кадрлардың кетуіне және шетелдік жұмыс күшіне тәуелділікке әкеп соғады;
Еңбек нарығындағы құрылымдық теңгерімсіздік: 2025 жылы 1,3 млн бос жұмыс орнына 1,5 млн ізденуші болды, яғни жұмыс күшіне деген ұсыныс сұраныстан асып түскен. Бұл ретте бос орындардың 50%-дан астамы жұмысшы мамандықтары мен орта кәсіптік білімі бар мамандарға тиесілі, алайда білім беру жүйесінде оларды даярлау деңгейі әлі де жеткіліксіз.
ЭЫДҰ зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстандағы жұмысшылардың шамамен 40%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ал 35%-ының тиісті жұмыс дағдылары мүлдем жоқ екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, кәсіпорындардың 30%-дан астамы қызметкерлердің біліктілік деңгейіне көңілі толмайды, бұл бизнестің дамуына басты кедергілердің бірі болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, Қазақстанда парадоксалды жағдай қалыптасқан деуге болады: адами капиталдың жоғары көрсеткіші еңбек өнімділігінің жоғары болуына сәйкес келмейді (тең емес).
Экономиканы әртараптандыру мен кадрлық алшақтық: өсімді тежейтін жүйелік фактор
Осы тұрғыда мынадай сұрақ туындайды: қазіргі қалыптасқан жағдай экономиканы әртараптандыруды тиісті кадрлармен қамтамасыз ете ала ма? Қазіргі күйінде бұл екіталай! Еңбек нарығында демографиялық әлеует сақталғанымен, оның қазіргі құрылымы диверсификация міндеттеріне сәйкес келмейді. Сондықтан, кадр даярлаудағы білім беру жүйесіне реформа жасалмайынша, экономиканы әртараптандыру мүмкіндігі шектеулі болып қала бермек.
Шынында да, қазіргі жағдай мынадай қайшылықтарды көрсетеді:
– біріншіден, экономика мен оның жекелеген салалары үшін қажет кадрларға қатысты мамандықтар мен кәсіптер бөлінісінде нақты болжам қалыптастырылмаған;
– екіншіден, жұмыссыздықтың болуына қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдарда бос жұмыс орындары сақталып отыр;
– үшіншіден, жаппай жұмысшы мамандықтарына да, жоғары білікті кадрларға да сұраныс толық қамтамасыз етілмей отыр;
– төртіншіден, әртараптандырылып жатқан экономиканың қажеттіліктері кәсіби-техникалық мамандар мен инновациялық бағыттағы кадрлармен, оның ішінде инновациялық менеджмент саласындағы мамандармен толық қамтылмайды;
– бесіншіден, еңбек өнімділігінің дамыған ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 3–4 есе төмен болуы экономиканың технологиялық деңгейінің жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Мұндай жағдай экономикалық өсім үдерістерін, әсіресе ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған инновациялық даму бағыттарын едәуір тежейтіні анық.
Инвестициялық жобаларды іске асыру тәжірибесі көрсеткендей, тек құрылатын жұмыс орындарының санын белгілеу жеткіліксіз. Ең бастысы – бұл жұмыс орындарының басқарушылық, инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлармен теңгерімді түрде қамтамасыз етілуі. Олар күрделі өндірістердің жоғары ғылыми-техникалық деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс.
Олай болмаған жағдайда, қаншалықты инновациялық болғанына қарамастан, жобалар толық қуатында іске қосылмайды, ал кей жағдайда мүлдем тоқтап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы кезеңіндегі бірқатар жобаларда байқалған болатын.
Біздің пайымдауымызша, бұл мәселелердің басты себебі – ведомстволық үйлесімнің жеткіліксіздігі, яғни түрлі мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың әлсіздігі. Бұл өз кезегінде аталған проблемаларды жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бермей отыр.
Сонымен қатар, салалық министрліктер өздері жетекшілік ететін салалардағы кадрларға деген нақты сұранысты мақсатты түрде зерделеуде тиісті тиімділік танытпай отыр. Бұл көбіне сұранысты анықтайтын қолайлы тетіктер мен құралдардың жоқтығынан туындап отырған мәселе.
Әрине, еңбек нарығының орта мерзімді даму болжамдарын қалыптастыру бағытында белгілі бір жұмыстар жүргізілуде, соның ішінде еңбек ресурстары балансы жүйесі де қолданылады. Алайда бұл үдерістердің қарқыны баяу екені байқалады. Соның салдарынан нақты нәтижелерге қол жеткізу ұзақ мерзімге шегерілуі мүмкін, ал тиімді әрі жедел құралдар дәл қазіргі уақытта қажет екенін ескерген жөн.
Шын мәнінде, жекелеген кәсіпорындарды іріктеп сауалнама жүргізу арқылы алынатын дәстүрлі бағалау тәсілдері кадрларға деген толық әрі шынайы сұранысты айқындау үшін жеткіліксіз болып отыр.
Сонымен қатар, экономиканың нақты секторына жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлік әкімдіктер кадрларға деген сұранысты қалыптастыру, еңбек нарығын жүйелі мониторингтеу және қажетті мамандарды даярлау мәселелеріне жеткілікті деңгейде қатысып отырған жоқ. Ішкі реформаларды жүргізу маңызды екені сөзсіз, алайда олардың нәтижесі әзірге нақты экономикада айқын көрініс таппай отыр.
Экономиканы әртараптандыру төрт негізгі факторға тәуелді екенін ескеру қажет: адами капитал, инновациялық жүйе, институттардың сапасы және инвестициялар құрылымы. Осы элементтердің кез келгені жеткілікті деңгейде дамымаса немесе тиімсіз жұмыс істесе, әртараптандыру үдерісі баяулайды, ал кей жағдайда кері бағытқа да түсуі мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстан дәл осындай жүйелік мәселемен бетпе-бет келіп отыр.
Халықаралық тәжірибе: экономикалық серпіліс жолдары
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканы табысты әртараптандыру және шикізаттық модельден инновациялық модельге көшу тек экономикалық үдеріс емес. Бұл, ең алдымен, басқарушы элитаның сапасына сүйенген терең институционалдық реформалардың нәтижесі.
Мысалы, 1960-жылдары Оңтүстік Корея негізінен аграрлық ел болды. Алайда мемлекеттік басқаруды реформалау және белсенді индустриялық саясаттың арқасында ол қуатты жоғары технологиялық экономика қалыптастыра алды.
Сингапур кәсіби мемлекеттік қызметке, шенеуніктердің қатаң жауапкершілік жүйесіне және меритократиялық кадр іріктеу қағидатына басымдық берді. Нәтижесінде елде әлемдегі ең кәсіби бюрократиялық жүйелердің бірі қалыптасып, ол экономикалық дамудың берік негізіне айналды.
Финляндия 1990-жылдардағы дағдарыс кезеңінде экономикалық саясатты түбегейлі жаңғыртып, реформалардың өзегіне адами капиталды, ғылым мен инновациялық жүйені дамытуды қойды. Ел білім беру, ғылыми зерттеулер және технологиялық әзірлемелерге инвестиция көлемін айтарлықтай арттырып, мемлекеттік саясатты жоғары технологиялық салаларды қалыптастыруға бағыттады.
Польша нарықтық экономикаға өткеннен кейін ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді жүйесін құрды. Бұл еңбек өнімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Аталған елдердің жетістігі – институционалдық реформалар арқылы «даму мемлекеті» моделін дәйекті түрде қалыптастырудың нәтижесі. Мұнда бюрократия тек әкімшілік функция атқарушы емес, экономикалық трансформацияның белсенді қатысушысына айналды.
Әлемдік тәжірибе тағы да көрсетіп отырғандай, Қазақстан үшін негізгі сын-қатер – мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қабылданатын шешімдердің сапасына байланысты. Экономикалық серпіліске қол жеткізген елдер реформаны әртараптандыру туралы декларациялардан емес, тиімді даму институттарын қалыптастырудан және жаңа форматтағы, креативті ойлайтын мемлекеттік қызметшілер корпусын тәрбиелеуден бастаған.
Сондықтан Қазақстан үшін мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселесі жай ғана әкімшілік міндет емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналып отыр.
Стратегиялық ойлау тапшылығы – басқарудың басты әлсіз тұсы
Президенттің жария мәлімдемелерін талдау оның сыны кездейсоқ емес, жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөздері – орталық және жергілікті атқарушы органдарға бағытталған қатаң институционалдық белгі.
Қазіргі таңда негізгі қауіп – бюрократиялық жүйенің қызметті шамадан тыс формализациялау режиміне бейімделіп, нақты нәтижеге емес, рәсімдерге бағытталған шексіз «жол карталарын» әзірлеу арқылы мәселелерді созбалаңға салуы.
Мемлекет басшысының басты ұстанымы – мемлекеттік аппарат формалды әкімшілендіруден бас тартып, стратегиялық әрі зияткерлік басқару моделіне көшуі тиіс.
Сонымен қатар, Президенттің барлық сұхбаттары тек ақпараттық сипаттағы мәлімдемелер емес, Үкіметке, бюрократиялық жүйеге, экономикалық элиталарға және ұлттық компанияларға бағытталған нақты ұсыныстары бар бағдарламалық құжаттар ретінде қарастырылуы тиіс.
Қорытындылай келе, Қазақстан бүгінгі таңда бұрынғы тетіктер тиімділігін жоғалтқан жаңа кезеңге қадам басты. Ел «ойлайтын және еститін мемлекет» моделіне мұқтаж. Яғни, шешімдер интеллектуалдық талдауға, жауапкершілікке, білімге, салмақты тәуекелге және сенімді статистикаға негізделуі қажет. Шынайы жаңғыру жаңа құжаттар мен институттардан емес, ең алдымен жаңа ойлау сапасынан басталады.
Осыған байланысты «әкімшілік орындаушы» моделінен «талдамалық басқарушы» моделіне көшу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі реформалар логикасы «күшті Президент – есеп беретін Үкімет – институционалдық тұрғыдан орнықты мемлекет» қағидатына негізделуі тиіс.
Әйтпесе, қағаз жүзіндегі реформалар мен экономикадағы және басқару жүйесіндегі нақты өзгерістер арасында институционалдық әлсіздік пен мемлекеттік аппараттың инерциясынан туындайтын алшақтық сақталып қала береді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты
жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі
Еділ Мамытбеков




