Евразия24Басты бетТағдыр тауқыметі: жетім балалардың жағдайы талқыға түсті

Тағдыр тауқыметі: жетім балалардың жағдайы талқыға түсті

|

|

Eurasia24 бұған дейін жауапты ата-ана болу мәселелеріне қатысты заңнамадағы соңғы өзгерістерге, оның ішінде асырап алу мен қорғаншылыққа байланысты түзетулерге түсініктеме берген болатын. Алайда біз енгізілген өзгерістерді тереңірек қарастыруды жөн санадық. Себебі түзетулердің бірі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тек ресми түрде тіркелген некедегі отбасыларға ғана орналастыруды көздейді. Ал бұған дейін Конституциялық соттың қаулысына сәйкес, мұндай құқық некеде тұрмайтын ер және әйел адамдарға да берілген еді.

КЕМСІТУШІЛІККЕ ЖОЛ ЖОҚ

Ең алдымен, 2024 жылғы жаңалыққа тоқталайық. Сол жылы Конституциялық сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстегі ер адамдарға қатысты, атап айтқанда, «тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ер адамдарға, баланы кемінде үш жыл бойы нақты тәрбиелеу жағдайларын қоспағанда (анасының қайтыс болуына немесе ата-ана құқығынан айырылуына байланысты), асырап алушы болуға тыйым салатын» норманы Конституцияға қайшы деп таныды. Аталған нормативтік құқықтық құжат ашық қолжетімділікте жарияланған.

Конституциялық сот өз шешімінде, оны орындау міндетті екендігін нақты көрсете отырып, былай деп атап өтті: «Балаларды тәрбиелеу мәселелерінде ерлер мен әйелдердің теңдігі қағидатын ескере отырып, өз құқықтары қорғалуына мұқтаж баланың мүдделерін, сондай-ақ некені, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғау жөніндегі конституциялық тұрғыда айқындалған міндетті негізге алу қажет. Осыған байланысты заңнамалық тетіктер бала мүддесін барынша тиімді қамтамасыз етуге және оған қамқорлық жасау мақсаттарына көбірек сәйкес келетін нысан ретінде, ең алдымен тіркелген некеде тұрған және отбасына ие ер мен әйелдің тең жағдайларда бала асырап алуын қолдауға бағытталуға тиіс. Демек, бала асырап алғысы келетін адамдарға жынысына қарай әртүрлі көзқарас таныту Конституцияның 14-бабында көзделген талаптарға сай келмейді».

Бұл ретте құжатта белгілі бір ескерту де бар: бала асырап алу кезінде басым құқық, сөзсіз, отбасылық жұптарға берілетіні атап көрсетілген. Алайда қаулыда кәмелетке толған жалғызбасты азаматтарға жетім балаларды тәрбиесіне алуына қатысты ерекше тыйым көзделмеген. Ал аталған шешім қабылданғаннан кейін бір жарым жыл өткен соң қандай жағдайдың қалыптасып отырғанын байқауға болады? Заңнамаға бірқатар жаңа түзетулер енгізілді, алайда олардың жекелеген нормаларының мазмұны бойынша сұрақтар туындап отыр.

АТА-АНАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАН АЙЫРУ

«Жаңа заң баланың құқықтарын құқықтық тұрғыда қорғауды күшейтуге бағытталған жүйелі шаралардың қисынды жалғасы болды», – деді Оқу-ағарту министрлігі.
«Енді бала асырап алу немесе оны қамқоршылыққа беру кезінде басымдық ең алдымен оның жақын туыстарына беріледі. Егер тиісті талаптарға сай келетін туыстары болмаса, бала тіркелген некеде тұрған отбасына орналастырылады», – делінген ведомствоның хабарламасында.

Сонымен қатар мынадай нормалар көзделгені атап өтілді:

  • баланың заңды өкілінде бала отбасыда болған кезеңде соттылық пайда болған жағдайда немесе ол психоневрологиялық не наркологиялық диспансерде есепке қойылса, ол өз міндеттерін атқарудан дереу шеттетілуге тиіс;
  • қылмыстық қудалау жүргізіліп жатқан адамдарға бала асырап алуға, қамқоршылыққа, қорғаншылыққа, патронатқа алуға немесе баланы тәрбиелеу процесіне қатысуына тыйым салу белгіленді;
  • қамқоршылардың, қорғаншылардың, патронат тәрбиешілердің және асырап алушы ата-аналардың сенімділігін жыл сайын растау міндеті енгізілді. Олар жыл сайын денсаулық жағдайы, табыстары, тұрғын үй жағдайлары және соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Мемлекеттің ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдаушы отбасыларға орналастыру барысында оларды қайтадан жан күйзелісіне ұшыратпауға ұмтылысын түсінеміз. Осы тұрғыда соңғы жылдары қоғамда кең резонанс тудырған ең белгілі оқиғаларды да еске түсіруге болады.

2023 жылы қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында екі тәулік бойы асырап алушы отбасынан қашып кеткен 10 жастағы баланы іздеу жүргізілді. Баланың айтуынша, оны отбасы мүшелері айырмен ұрып-соғып, моншаға аш күйінде қамап ұстаған. Осы оқиғадан кейін асырап алушы әкеге қатысты баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау және қатыгездікпен қарау фактілері бойынша қылмыстық іс тіркелді.

2024 жылы маусым айында қорғаншылық және қамқоршылық органдары 13,2 мың қабылдаушы отбасын тексеру нәтижелері бойынша есеп берді . Тексеру қорытындысында «қабылдаушы балаларға қатыгездік көрсету» фактілері бойынша 4 патронат тәрбиеші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қорғаншылық органдарының 15 лауазымды тұлғасына тәртіптік жаза қолданылды, оның ішінде бір адам қызметінен босатылды.

Өткен жылы Шымкент қаласында асырап алған алты баланы қатыгездікпен қорлаған қабылдаушы әкеге қатысты жанжал қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу мен сот талқылауы барысында бұл қорғаншының бұрын адам өлтіру қылмысы үшін сотты болғаны, сондай-ақ қамқоршылық кезеңінде психикалық дертпен ауырғаны анықталды. Сот оның мәжбүрлі емдеуге жіберілуі туралы шешім шығарды. Соның салдарынан балалар қайтадан ата-ана қамқорлығынсыз қалып, қайтадан жетім мәртебесіне ие болды.

2024 жылдың соңында Павлодар облысында қос бірдей трагедия болды. Қабылдаушы әке 11 жастағы қызды зорлаған . Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ол өзіне қол жұмсады.

Бұл – қолданыстағы және әлеуетті асырап алушылар мен қамқоршылардың қызметіне бақылау шараларын күшейтуді сөзсіз талап еткен оқиғалардың барлығы емес. Алайда түптеп келгенде мемлекет қабылдаған шешімдер қаншалықты негізді әрі ең бастысы, заң талаптарына қаншалықты сәйкес келеді?

КОНСТИТУЦИЯ ТУРАЛЫ ҰМЫТТЫҚ ПА?

Eurasia24 қабылданған түзетулерге қатысты түсініктеме мен құқықтық баға алу үшін заңгерлерге жүгінді. Халықаралық ALC Attorneys заң компаниясының серіктесі Дана Жанәділдің пікірінше, енгізілген өзгерістердің біріндегі жаңалық тек «балаларды қорғау» аясымен шектелмей, конституциялық маңызы бар іргелі қағидаттарға тікелей әсер етеді.

«Мәселе қылмыстық қудалау жүргізіліп жатқан адамдарға, яғни сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін-ақ, бала асырап алуға, қамқоршылыққа, патронатқа алуға немесе баланы тәрбиелеу процесіне қатысуға тыйым салу туралы болып отыр. Норманың тұжырымдамасы оны тек асырап алуға үміткерлерге қатысты ғана емес, сонымен қатар баланың кез келген заңды өкілдеріне қолдануға болатындай етіп құрылған. Ал бұл өз кезегінде барлық ата-аналар үшін қолданыстағы қағидаларды өзгертуі мүмкін», – деп түсіндірді заңгер.

Дана Жанәділдің пікірінше, Қазақстан Конституциясының бұл мәселедегі ұстанымы айқын: балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-аналардың табиғи құқығы әрі міндеті. Отбасы, аналық, әкелік және балалық шақ мемлекет қорғауында. Конституция жеке және отбасылық өмірге, отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етеді. Кінәсіздік презумпциясы Конституцияда және Қылмыстық-процестік кодексте бекітілген: адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденбейінше және расталмайынша, ол кінәсіз деп есептеледі.

«Яғни ата-ана құқықтары – конституциялық маңызы бар құндылық, ал қылмыстық қудалау кінәлілікті белгілеу емес, тек рәсімнің бір кезеңі болып табылады. Заңда “адамға қатысты қылмыстық қудалау жүргізілсе, ол баланы тәрбиелеуге (асырап алу, қамқоршылық, патронат және өзге де нысандар) қатыса алмайды” деп көрсетілуі іс жүзінде екі салдарға әкеледі: біріншіден, адамға қатысты күдік оның нақты кінәлілігімен теңестіріледі (адам құқықтары тұрғысынан салдары бойынша); екіншіден, соттың үкімі шықпай тұрып, отбасылық құқықтарды шектеу түріндегі жаза енгізіледі. Бұл – Еуропалық адам құқықтары соты кінәсіздік презумпциясын бұзу ретінде бағалайтын жағдайға өте жақын, яғни мемлекет сот шешімі қабылданғанға дейін-ақ адамға кінәлі тұлға ретінде қарайды», – деді халықаралық заң компаниясының басқарушы серіктесі.

Сонымен қатар, редакциямыз да бұған дейін осы маңызды жайтқа, сондай-ақ қылмыстық істердің әртүрлі негіздер бойынша қозғала беретініне назар аударған болатын. Заңгердің пікірінше, баланы тәрбиелеу құқығын қандай да бір түрде шектеу мәселесі көтерілген жағдайда, қылмыстар санаттарын айқын ажырату қағидаттық мәнге ие.

«Қасақана жасалатын, жеке адамға және балаларға қарсы қылмыстар деген ұғым бар. Мысалы, отбасылық зорлық-зомбылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, балаларға қатыгездік көрсету. Мұндай жағдайда қисын түсінікті: негізді күдіктің өзі баланың қауіпсіздігіне нақты қатер төнуі мүмкін екенін білдіреді. Осындай жағдайларда уақытша шектеулер мен арнайы шаралар (мәселен, сот шешімі шыққанға дейін бірге тұруға тыйым салу немесе баланы уақытша алып қою) қатаң түрде дараландырылып, сот бақылауында болған жағдайда орынды деп бағалануы мүмкін. Алайда абайсызда жасалатын қылмыстар да бар: ауыр салдарға әкелген жол-көлік оқиғалары, қауіпсіздік техникасын бұзу нәтижесінде ауыр жарақат алу жағдайлары, яғни зиян қасақана келтірілмеген істер. Жол-көлік оқиғасына түскен адам заң тұрғысынан кінәлі болуы мүмкін. Бірақ бұл оны автоматты түрде “жаман ата-анаға” айналдыра ма? Әрине, жоқ. Жол қозғалысы ережелерін бұзудағы кінә әке немесе ана ретіндегі сипаттама болып табылмайды», – деді Дана Жанәділ.

Ол сондай-ақ экономикалық және салықтық қылмыстардың да ата-ананың балаға деген көзқарасымен тікелей байланысы жоқ екенін атап өтті. Алайда заңның жаңа құрылымы тұрғысынан мұндай адамдардың барлығы бір ғана ортақ санатқа — «қылмыстық қудалауда жүрген тұлғалар» қатарына енгізіледі. Соның салдарынан балаларды тәрбиелеу мәселелерінде олардың барлығына бірдей автоматты «тыйым салу тетігі» қолданылуы мүмкін. Бұл ретте әңгіме тек ересектердің құқықтары туралы ғана емес екенін есте ұстау қажет. Ата-аналық қатынастар саласына жасалатын кез келген араласу ең алдымен баланың мүдделеріне тікелей әсер етеді.

«БҰҰ-ның Балалар құқықтары туралы конвенциясында баланың ең жоғарғы мүдделерін басшылыққа алу қағидаты және оны ата-анасынан негізсіз айыруға жол берілмейтіні бекітілген. Баланы ата-анасынан айыру тек баланың өзін қорғау мақсатында қажетті әрі жеткілікті негіздер болған жағдайда ғана мүмкін, ал “сақтық үшін” автоматты түрде қолданылмауы тиіс», – деді заңгер.

Осыған байланысты ол ата-аналарға қатысты «тергеу жүргізіліп жатқан» мәртебесіне байланысты автоматты шектеулер енгізілген жағдайда балалар үшін туындайтын типтік тәуекелдерді атап өтті:

  • жаппай “әлеуметтік жетімділік” қаупі (ата-анасының біріне жол-көлік оқиғасына немесе даулы экономикалық құқықбұзушылыққа байланысты қылмыстық іс қозғалғаны үшін ғана баланың интернаттық жүйеге немесе уақытша қамқоршыларға беріліп кету ықтималдығы);
  • баланың психологиялық жарақат алуы (балалар үшін ата-анамен эмоционалдық байланыс аса маңызды, ал балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен байланысы жоқ қылмыстық іс сылтауымен ата-анасының бірінен уақытша ажырату ықтимал тәуекелден де үлкен зиян келтіруі мүмкін);
  • теңсіздік тәуекелі (жағдайы жақсы отбасылар адвокаттарды жедел жалдап, жағдайды «ретке келтіруге», қудалауға қарсы тұруға мүмкіндігі болса, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар өз құқықтарын жедел әрі сапалы қорғау мүмкіндігі болмағандықтан балаларынан айырылып қалуы ықтимал)

ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІН ЖЕТІЛДІРУ МҮМКІН

Заңгер Дана Жанәділ ықтимал тәуекел аймақтарына, ең алдымен, кінәсіздік презумпциясына қатысты конституциялық құқықтың бұзылу қаупі, сондай-ақ енгізілген жаңа қатаңдату шараларының негізсіз әрі іріктемелі түрде қолданылу мүмкіндігі жататынын атап өтті. Атап айтқанда, ата-аналарды тек қылмыстық істің қозғалу фактісіне сүйене отырып балаларды тәрбиелеуден шеттету – ата-аналарға қысым көрсетуге арналған әлеуеті жоғары құрал болуы мүмкін, әсіресе бұған үшінші тұлғалар мүдделі болған жағдайда.

Сонымен қатар стигматизация және әлеуметтік шеттетілу қаупі де маңызды фактор ретінде аталады. Абайсызда жасалған немесе баланы тәрбиелеу тұрғысынан «бейтарап» қылмыс үшін қылмыстық қудалауға ұшыраған не сотталған адам қамқоршы немесе асырап алушы болуға үміткерлер қатарынан шығарылуы, өз балаларына қатысты құқықтары шектелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ол шын мәнінде сәйкес келмесе де, «балалар үшін қауіпті» деген қоғамдық жағымсыз таңбаға тап болуы ықтимал.

«Маңызды бір жайтты атап өткен жөн: тетіктерге айтылған сын заңның мақсаттарына қарсы бағытталған сын емес. Балаларды қорғау – сөзсіз басымдық. Осы орайда құқықтық “жетілдірудің” бірқатар ықтимал бағыттарын атап өтуге болады. Біріншіден, қылмыстардың санаттарын саралау қажет. Қатал әрі автоматты тыйым тек балаларға қарсы ауыр қылмыстарға, жыныстық сипаттағы және аса ауыр зорлық-зомбылық қылмыстарына қатысты қолданылуы тиіс, ал қалған жағдайларда автоматты шектеу емес, әрбір іс бойынша жеке бағалау жүргізілуі қажет. Екіншіден, негізгі шектеулер сот бақылауымен тығыз байланыстырылуы тиіс. Ата-аналық құқықты уақытша шектеу тек қылмыстық істің қозғалғаны фактісіне ғана емес, нақты баланың қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді бағалау негізінде сот шешімімен қолданылғаны жөн. Үшіншіден, теріс пайдаланудың алдын алатын кепілдіктер енгізілуі қажет. Атап айтқанда, шектеулерді қайта қараудың айқын рәсімдері, ата-ананың оларды даулау құқығы, оның ішінде жедел тәртіппен шағымдану мүмкіндігі көзделуі тиіс. Сондай-ақ баланы тәрбиелеуге қатысу мүмкіндігін қайта бағалау автоматты түрде жүргізілетін нақты мерзімдер белгіленуі қажет. Төртіншіден, абайсызда жасалған қылмыстар үшін ерекше құқықтық режим айқындалуы тиіс. Мұндай құрамдар дербес әрі жеке тәртіпте қаралуы қажет. Бесіншіден, заң халықаралық міндеттемелермен үйлестірілуі тиіс», – деп ұсынды Дана Жанәділ.

Негізінде, мұндай мәселелер заңнамаға өзгерістер енгізбес бұрын-ақ заң шығарушылар тарапынан жан-жақты ойластырылуы тиіс еді. Бұл қылмыстық процесс аясына іліккен кез келген адамды біржақты түрде жағымсыз кейіпке түсіретін түзетулерді қабылдамауға мүмкіндік берер еді. Мұның бәрі түзетулерді әзірлеген бастамашылардың түпкі мақсаттарына байланысты. Егер мұндай радикалды қатаңдатулар өңірлердегі саны аз әрі тиімділігі төмен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қателіктері үшін «сақтандыру» тетігі ретінде ғана қолданылса, онда баланы қорғау жүйесінің өзіне қатысты көптеген сұрақтар туындайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Құқықтық тәртіп жолындағы төрттағанды батырлар

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы хабарлауынша, құқықтық тәртіп әскерлерінде асыл тұқымды қызметтік иттердің саны артып келеді. Тек биылдың өзінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінің кинологиялық орталығында 42 асыл тұқымды күшік дүниеге келді.Олардың қатарында бельгиялық, голландиялық және неміс овчаркалары бар.

WPP: 2025 жылы әлемдік жарнама шығындары 8,8%-ға өседі

Лондон. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – 2025 жылы жаһандық жарнамаға...

Нидерланд 2026 жылдың басында Украинаға 700 млн еуро көлемінде әскери көмек көрсетпек

Берлин. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – Нидерланд билігі 2026 жылдың...

Қазақстан мен Палестина президенттері телефон арқылы ынтымақтастық болашағы мен халықаралық өзекті мәселелерді талқылады

Астана. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт...