Евразия24Басты бетТеория мен тәжірибе: қайта өңдеу кәсіпорындары мемлекеттік қолдаудан тыс қалды ма?

Теория мен тәжірибе: қайта өңдеу кәсіпорындары мемлекеттік қолдаудан тыс қалды ма?

|

|

Сенат депутаттары ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерді қорғап шықты. Олар қосылған құн өндірушілері ашығын айтқанда қаржысыз отырғанын мәлімдеді. Ал ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары миллиардтаған теңгемен тек дала жұмыстарына және біршама деңгейде мал шаруашылығына бағытталып отыр. Яғни мемлекеттік қолдау тек шикізаттық мәселелерді: себу, жинау, сатып алу және сату сынды кезеңдерді ғана қамтып отыр. Алайда, Үкімет депутаттардың «жан айқайын» елемегендей болды. Сенаторлардың сауалына берілген ресми жауапта: «Ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қолдаудың жан-жақты құралдар кешені қалыптастырылған», – деп көрсетілген.

БАҒЫТТАРДЫ АНЫҚТАУ

Бір айдан астам уақыт бұрын біз ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесінің жаңа «ескі» қағидалары туралы жазған едік. Қысқаша айтқанда, бұл — тікелей субсидия беру тәсілінен бас тартып, фермерлерге жылдық 5–6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеуге көшу. Іс жүзінде бұл тәсіл мүлде жаңа емес — 2001 жылдың қаңтарынан бастап, яғни соңғы 25 жылға жуық уақытта, агроөнеркәсіптік кешен үшін арзан несиелерді мемлекет 100% иелік ететін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) ұсынып келеді. Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап, бұл мемлекеттік қаржы институты ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындарды қаржыландыру бағдарламасын іске асыруда. Бұл ақпарат АНК-ның ресми сайтында жарияланған.

Біздің мақала жарияланғаннан кейін үш күн өткен соң, 14 қараша күні өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына қойылатын мақсат-міндеттерді айқындап өтті.

«Басымдық – жоғары деңгейде өңделген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге берілуі тиіс. Отандық агроөнеркәсіптік кешен негізінен шикізат өндірумен шектеліп отыр, бұл шындықты мойындау қажет. Ең маңызды міндет – ауыл шаруашылығын заманауи технологияларға негізделген озық салаға айналдыру. 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өңделген өнімнің үлесі небәрі 35% болса, биыл бұл көрсеткіш 50%-ға жетті. Келесі жылы бұл көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу қажет.

Осы салаға шетелдік инвестиция тарту ісін жеделдету қажет. Бұл бағытта жүзеге асыруға болатын жобалар аз емес – олардың кейбірімен форум басталмас бұрын таныстым. Алайда, қолда бармен шектелуге болмайды. АӨК-тің негізгі бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Ол жеке инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Қазіргі жағдайда жеңілдетілген несиелеуге қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, өндіріс өкілдері дәл осы бағытпен айналысып келеді. Алайда бұл салада бірқатар мәселелер бар және олардың шешілуі тікелей агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына әсер етеді. Міне, осы жайттар Сенат депутаттарының Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған үндеуіндегі басты ойға айналды.

МЕМЛЕКЕТ САЛДЫ – ЕНДЕ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУІ ТИІС ПЕ?

«Бүгінде қолданыстағы «Кеңдала» және «Агробизнес» сияқты бағдарламалар негізінен ауыл шаруашылығы өндірушілерін көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға қолдауға бағытталған. Ал аграрлық сектордың өңдеу саласы нақты мемлекеттік қолдау тетіктерінен тыс қалып отыр, дегенмен дәл осы сала қосылған құн қалыптастыруда және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Мысалы, Аграрлық комитеттің Абай облысына жұмыс сапары барысында жылына 300 мың тонна күнбағыс дәнін өңдейтін «Qazaq-Astyq Group» ЖШС май экстракциялық зауытына бару ұйымдастырылды. Кәсіпорын өнімінің 80%-ға дейінін экспортқа шығарып, елге шетел валютасының келуін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.

Алайда зауыттың тұрақты жұмыс істеуі үшін 30 миллиард теңге көлемінде айналым қаражаты қажет. Бұл туралы депутаттық сауалда айтылған», – делінген депутаттар жолдаған ресми өтініште.

Сенаторлар, сондай-ақ, «Агробизнес» бағдарламасы аясында бір кәсіпорынды қолдауға бөлінетін ең жоғарғы сома 1,5 миллиард теңгені ғана құрайтынын атап өтті. Олардың айтуынша, бұл қаражат ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының қажеттіліктерін өтеуге мүлде жеткіліксіз.

«Елімізде осындай қайта өңдеу кәсіпорындары аз емес, және олардың басым бөлігі ұқсас мәселелерге тап болып отыр. Бұл жағдай өндірістік үдерістің тұрақтылығына қауіп төндіреді. Мұндай қаржы құралдарының қайтарымды екенін, тұрақты бюджеттен қаржыландыруды қажет етпейтінін және жоғары экономикалық тиімділік беретінін атап өту маңызды. Қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа тиімділігі 10–15% шамасында. Алайда банктік несиелер бойынша жылдық мөлшерлемелер көбінесе 25%-дан асып түседі. Соның салдарынан кәсіпорындар өз қарыздарын өтеумен ғана айналысуға мәжбүр, ал өндірісті кеңейтіп, қайта өңдеу көлемін арттыру мүмкіндігінен айырылып отыр», – делінген депутаттардың үндеуінде. Олар қазіргі таңда бизнес үшін «қымбат ақша» қолжетімсіз болып отырғанын атап өтіп, Үкімет басшысынан айналым қаражатын толықтыруға арналған ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелерді қарастыруды сұрады. Депутаттар мұндай несиелердің кемінде үш жыл мерзімге, жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтындай болуын ұсынды.

Сенаторлар жолдаған сауалда сөз болған май экстракциялық зауыт 2021 жылы сол кездегі Шығыс Қазақстан облысында іске қосылған болатын. Бұл толықтай мемлекеттік жоба ретінде жүзеге асырылған. Кәсіпорын «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен және Қазақстанның Даму банкінің заем қаражаты есебінен салынды. Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге.

2025 жылғы мамыр айында «KazakhExport» экспорттық-кредиттік сақтандыру компаниясы» АҚ ресми түрде хабарлағандай, екі қайта өңдеу кәсіпорны, соның ішінде «Qazaq-Astyq Group» ЖШС, май өнімдерін экспорттауға бағытталған жаңа қаржыландыру бағдарламасына қатысты. Бұл бағдарлама Қазақстанның Даму банкі мен Экспорттық-кредиттік агенттік арасында жасалған үшжақты келісімдер аясында іске асырылады.

«Май өнімдерін өндіруші отандық кәсіпорындардың әлеуеті жоғары. Олар еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды орын алады. Экспорт алдындағы қаржыландыру, соның ішінде майлы дақылдарды алдын ала сатып алу келісімдері аясында қолдау, өндірушілерге экспорттық келісімшарттар бойынша өз міндеттемелерін уақытылы орындауға қажетті қаржы алуға мүмкіндік береді. Бұл өндірістік және нарықтық тәуекелдерді азайтуға, жеткізу тізбегін тұрақтандыруға, сондай-ақ дайын өнім экспортының көлемін айтарлықтай арттыруға жол ашады», – деді Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі басқармасының төрағасы Аллен Чайжунусов.

Аталған бағдарлама аясында осы кәсіпорынға 8 млрд теңгеге дейінгі кепілдік берілген.

Бұл мәселені не үшін көтеріп отырмыз? Сенаторлар сауалында баяндалғандай, мемлекеттік даму институтының жеңілдетілген несиесіне салынған май өңдеу зауыты іске қосылғанына жарты жыл өтпей жатып, бірқатар қаржылық қиындықтарға тап болды. Сенаторлар бұл кәсіпорынға барып, жағдаймен өз көзімен көріп қайтқан. Бұл — зауыттағы мәселелердің негізсіз емес екенін көрсетеді. Демек, майлы дақылдарды жоғары деңгейде өңдеуге бағытталған мұндай ауқымды жобаларды іске қосу жеткіліксіз — оларды тиімді жұмыс істету үшін жүйелі қолдау да қажет. Тек жеңілдетілген несие бөлу жобаның тұрақты дамуына кепіл бола алмайды. Мұндай өндірістердің толық қуатпен жұмыс істеуі үшін қосымша қаржыландыру тетіктері қарастырылуы тиіс. Сенаторлардың көтерген мәселелерінен мұндай жобаларға тек құрылыс кезеңінде емес, өндірістік қызмет барысында да нақты қолдау көрсетілуі қажеттігі байқалады.

Ешкім қайтарымсыз қаражат сұрап отырған жоқ. Алайда қазіргі базалық мөлшерлеме жағдайында банктерден коммерциялық несие алу – ондаған миллиард теңгеге тең өндіріс саласы үшін шектен тыс салмақ. Мұндай қаржылық жүктемені нақты сектор көтере алмайды.

«БІЗ СІЗДЕРГЕ БӘРІН БЕРДІК!»

Бұл жолғы жағдайдың жалғасы ретінде бір кәсіпорын мысалында «әркім өз мәселесін өзі шешсін» немесе «тек мықтылар ғана тірі қалады» деген ұстаным орынды болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл тәсіл Мемлекет басшысы жариялаған шикізатты терең өңдеуді басым бағыт ретінде дамыту стратегиясына еш сәйкес келмейді. Сонымен қатар, Қазақстан бұл тұрғыда жалғыз емес – өз өңдеуші кәсіпорындарына қолдау көрсететін «нарықтан тыс» мемлекет тек біз ғана емес. Қосылған құны жоғары өнім өндіретіндерге мемлекеттік қолдау көрсету – индустриялық немесе агроиндустриялық бағытты ұстанған барлық елдерде бар тәжірибе. Мұндай өнеркәсіптік саясат Германия, Франция, Польша, АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да дамыған мемлекеттерде сәтті жүзеге асырылып отыр.

Сенат депутаттары жұмыс істеп тұрған зауыттың кірісі шығынын жаппайтынын айтып, Үкімет басшысының назарын аударған кезде, Премьер-Министр Олжас Бектенов оларға мынадай жауап берді: мемлекет аграрлық саланы орнықты дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруді ынталандыруға және шаруа қожалықтарының өнім түрлерін кеңейтуге бағытталған бірқатар құралдарды қалыптастырды.

Осы орайда, Үкімет басшысы аталған құралдар кешенін атап көрсетті:

  • Өңдеу кәсіпорындары «Агробизнес 2.0» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландыруға қол жеткізе алады. Бағдарлама айналым қаражатын толықтыруға, өндірістік қуаттарды жаңғырту мен кеңейтуге арналған несиелер беруді көздейді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 15 млрд теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6 %.
  • Өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы бар. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 %. Бір жобаға бөлінетін қаржы көлемі – бағыттарына байланысты 3 млрд теңгеден аспайды. Бағдарлама өңдеу қуаттарының жүктемесін қамтамасыз етуге және дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуге ықпал етеді.
  • Қаржылық қажеттілігі «Аграрлық несие корпорациясы» белгілеген шектеулерден асып түсетін жобалар үшін қаржыландыру Қазақстанның Даму Банкі арқылы көзделген. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 12,6 %, несиелендіру мерзімі – 5 жылдан 20 жылға дейін. Жоба құнының кемінде 20 %-ын несие алушының өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуі міндетті.
  • Бұдан бөлек, «Даму» қоры арқылы кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, несие сомасының 85 пайызына дейінгі бөлігін жабуға мүмкіндік беретін кепілдік беру тетігі іске асырылады. Сонымен қатар, салықтық және өзге де жеңілдіктер ұсынылады.
  • 2026 жылдан бастап екінші деңгейлі банктердің инвестициялық жобаларды несиелеуге қатысуын кеңейту көзделіп отыр. Бұл ретте аталған бағытқа мемлекеттік қолдау шараларын қолдану жоспарлануда. Қазіргі уақытта тиісті талаптар мен шарттар әзірлену үстінде.

Сенаторлар атаған кәсіпорынның өтінішіне жоғарыда аталған мемлекеттік қолдау тетіктерінің қайсысы сәйкес келеді? Бұған дейін айтылған мәліметтерге сүйенсек, қолданыстағы бағдарламалардың ішінде кәсіпорын сұранысына шамамен сәйкес келетін — тек соңғы екі тетік. Алайда, егер мәселе Парламент деңгейінде көтеріліп отырса, бұның себебі бар. Біріншіден – өндірушіні ешкім елемей отыр. Екіншіден – кәсіпорын сенаторлар арқылы арзан несие ресурстарын көбірек алуға мүдделі. Бұл – заңды және орынды талап. Ол ақша алып, жымқырып кетуді емес, ел экономикасына құйып, өндірісті ұлғайтуды көздеп отыр. Біздің ойымызша, мұндай бастамаларға Үкімет жіті назар аударуы керек.

 

 

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Сөз бостандығы және жауапкершілік: Конституция төңірегіндегі дау

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте жалған ақпарат пен дезинформацияға қарсы күрес мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Жиынның басты тақырыбы жаңа Конституцияның жарияланған жобасына қатысты болды. «Мемлекеттік органдар мен жергілікті билік өкілдеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандыру міндеті жүктелді. Ішкі істер министрлігіне жалған мәлімет таратқаны үшін қатаң құқықтық шаралар қолдану және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Ал бұл жұмыстарды үйлестіру Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сеніп тапсырылды», — делінген хабарламада.

Қазақстан Президенті Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы сейсенбі күні қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістанның сауда министрі АҚШ-пен сауда келісімі бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді

Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келісімі бойынша келіссөздер соңғы кезеңге жеткенімен, әзірге толық аяқталған жоқ. Бұл туралы сейсенбі күні Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял мәлімдеді.

АҚШ Президентінің арнайы өкілі Израиль премьер-министрімен кездесу үшін елге келді

АҚШ Президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Израильге келді. Бұл туралы израильдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.