Дональд Трамп алғашқы президенттік мерзімі кезінде-ақ АҚШ-тың экономикалық санкциялар саясатының басты құралы ретінде импорттық тауарларға кедендік баж салығын арттыру тәсілін қолдануға ұмтылды. Ақ үйге қайта оралғаннан кейін ол бұл тәжірибені дереу қайта жандандырды. Вашингтон импорттық алымдарды арттыруды заңсыз көші-қонмен және есірткі контрабандасымен күрес деген сылтаумен пайдаланып отыр. Алайда бұл шаралар көбіне жергілікті нарыққа қол жеткізу тетігі немесе ресейлік мұнай сатып алған елдерді жазалау құралы ретінде іске асырылуда.
Ең қызығы – бұл тарифтік соғыстың басты салмағы, ең алдымен, АҚШ-қа өнім экспорттауға тәуелді елдерге түспек. Бұлардың қатарында Мексика, Канада және Орталық Америка мемлекеттері бар. Сонымен қатар, бұл шаралар Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де ықпал етеді. Алайда, Ақ үй жүргізіп отырған тарифтік саясаттың негізгі соққысы БРИКС елдеріне бағытталмақ.
Бастапқыда Трамп әкімшілігі импортқа 10% базалық баж салығын енгізіп, жекелеген елдер үшін тарифтерді көтерді. Кейін келіссөздерге уақыт берілді. Мәселен, Еуроодаққа Трамп 50 пайыздық тариф енгіземін деп мәлімдеді. Урсула фон дер Ляйен Вашингтонға барып, оны 15%-ға дейін төмендетуге қол жеткізді. Қазақстан, Жапония және Оңтүстік Корея үшін де осы деңгейде жеңілдік жасалды. Ал Канадаға тарифтер 35%-ға, Тайваньға 20%-ға дейін көтерілді.
145% көлемінде ең жоғары кедендік тариф Қытайдан келетін импорттық тауарларға енгізілді. Дональд Трамп бұл елмен сауда соғысын алғашқы президенттік мерзімінде-ақ бастап кеткен болатын. Алайда АҚШ пен Қытай экономикасы өзара тығыз байланыста болғандықтан, жария түрде өрбіген саяси тартыстар мен жабық есіктегі келіссөздерден кейін, қос тарап өзара енгізген тарифтерді 10%-ға дейін төмендетуге мәжбүр болды.
Ал Бразилия мен Үндістанға келсек, олар Ресейден мұнай сатып алғаны үшін жазаланып, бұл елдерден әкелінетін өнімдерге кедендік тосқауылдар 50%-ға дейін ұлғайтылды. «Бұл оңай шешім болған жоқ, Үндістанмен қарым-қатынаста шиеленіс туғызды», — деп мойындады Трамп. БРИКС-тің тағы бір мүшесі — Оңтүстік Африка Республикасына да тарифтер 30%-ға дейін көтерілді.
“Терпение иссякает”
Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинге қатысты төзімінің таусылғанын айтты. Bloomberg мәліметінше, Ақ үйде «Үлкен жетілік» аясында ресейлік мұнай мен газға тарифтер енгізу, сауда шектеулері мен қосарлы мақсаттағы технологияларға бақылау қою мәселелері қарастырылуда. Еуропа елдерінің көшбасшылары Трампты Ресейдің негізгі талабына – қақтығыстың түпкі себептерін жоюға келісім бермеуге көндірген.
«Трамптың біздің жаққа шыққаны қуантады», – деді ЕО дипломаты. Алайда Politico мәліметінше, Ресейге қысым жасау тәсілдерінде АҚШ пен ЕО арасында келіспеушіліктер бар. Вашингтон ЕО-ға ресейлік энергоөндіріс өнімдеріне 100% тариф енгізуді ұсынса, Брюссель нақты банктер мен компанияларға бағытталған санкцияларды құптайды.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Трамп әкімшілігі Еуропаға Ресейдің бұғатталған шамамен 200 миллиард еуро көлеміндегі мемлекеттік резервтерін тәркілеуді және бұл қаражатты кезең-кезеңімен Украинаға көмек ретінде пайдалануды ұсынып отыр. Алайда Еуроодақ әзірге мұндай қадамға бармай, тек инвестициядан түскен кірісті ғана қолдануда.
Санкционный эффект или дефект?
The Lancet Global Health медициналық журналында жарияланған соңғы зерттеу таңғаларлық деректерді алға тартты. АҚШ пен ЕО енгізген біржақты санкциялар салдарынан жыл сайын санкцияларға ұшыраған елдердегі қарапайым тұрғындар арасында аштық, ауру, дәрі-дәрмек пен вакцинаның жетіспеушілігінен 560 мыңнан астам адам көз жұмады. Шын мәнінде, бұл санкциялар экономикалық блокадаға айналып, соғыс кезіндегі аштықтан да көп адамның өмірін жалмайтыны анықталған.
Соңғы елу жыл ішінде біржақты санкциялық саясаттың салдарынан 29 миллионға жуық адам көз жұмған. Қайтыс болғандардың жартысынан астамы – бес жасқа дейінгі балалар (51%). Бұл деректер санкциялардың жарияланған мақсаттарына (жеке режимдерді шектеу) қарама-қайшы, іс жүзінде олар қарулы қақтығыс болып жатқан аймақтардағы бейбіт халықтың зардабын күшейтетінін көрсетеді.
Зерттеу 1971 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықты қамтып, 152 елдегі ахуалды талдаған. Нәтижесінде ең ауыр салдар біржақты салынған санкциялардан – яғни АҚШ пен Еуроодақтың шектеу шараларынан туындайтыны анықталған. Себебі мұндай санкциялар гуманитарлық көмекті жеткізуге және босқындардың отанына оралуына да кедергі келтіреді. Айта кету керек, халықаралық құқық бойынша заңды санкциялар тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатымен ғана енгізілуі мүмкін.
Как реагируют страны БРИКС?
2025 жылы 8 қыркүйекте Бразилия Президенті Лула да Силва АҚШ тарапынан жасалған «тарифтік қысым» әрекеттеріне жедел жауап ретінде кезектен тыс виртуалды саммит өткізді.
Көпшілік БРИКС-ті түрлі жиындар өткізіп, бос уәделер беретін халықаралық клуб ретінде қабылдайды. Алайда өткен аптада орын алған оқиға жаһандық билік туралы қалыптасқан көзқарастарға үлкен сын тастайды. Шегінудің орнына, әлем халқының 55%-дан астамын және жаһандық ЖІӨ-нің 40%-дан көбін қамтитын БРИКС елдерінің альянсы нақты жауап қайтарды.
Шұғыл өткізілген саммит қорытындысында БРИКС бес тарихи маңызы бар шешім қабылдады.
Бірінші шешім: Біртұтас экономикалық қалқан
БРИКС елдері жекелеген жауаптардың орнына жаңа ортақ қорғаныс тетігін іске қосты. Иран президенті Масуд Пезешкианның айтуынша, бұл – “заңсыз санкциялар жағдайында мүше елдерді өзара қолдаудың бірлескен тетігі”. Енді, егер АҚШ БРИКС-тің бір мемлекетіне қысым көрсетсе, бұл бүкіл альянсқа қарсы әрекет ретінде бағаланады.
Екінші шешім: доллардың баламасын жедел енгізу
Жаһандық қаржы активтерінің 50%-дан астамын, яғни 60 триллион доллардан астам көлемін басқаратын БРИКС елдері АҚШ валютасына тәуелділікті азайтуға ниетті. Альянс мүшелері өз мәлімдемесінде бұл қадамды «америкалық қаржылық озбырлықтан» қорғану жолы деп сипаттады.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыстың жаһандық сауда мен қаржы саласындағы заңсыз әрекеттеріне қарсы “қосымша шаралар” әзірленіп жатқанын хабарлады.
Ал Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар Үндістанның ең ірі сауда тапшылығы БРИКС серіктестерімен арадағы саудаға тиесілі екенін атап өтті. Алайда ол бұл жағдайды мәселе ретінде емес, “бірлестік ішіндегі сауда ағындарын шұғыл қайта қарастыру қажеттігі” деп бағалады.
Бүгінде БРИКС елдері тек сауда форматын өзгертумен шектелмей, доллардан тәуелсіз, балама қаржы инфрақұрылымдарын қалыптастыруда.
Үшінші шешім: көпжақты жүйені реформалау жөніндегі манифест.
Саммитке қатысқан барлық мемлекет басшылары қазіргі халықаралық жүйенің тиімділігі төмендеп, заманауи сын-қатерлерге төтеп бере алмай отырғанын атап өтті. Дегенмен, олар көпжақтылықтан бас тартпайтынын білдірді. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің айтуынша, БРИКС елдері “әлемдік басқарудың неғұрлым әділетті әрі теңгерімді жүйесін” талап етеді. Бұл бастама халықаралық институттарды реформалау қажеттігін алға тартады.
Бразилия Президенті Лула көптен бері БРИКС елдері көтеріп келе жатқан бастамаға нақты ұсыныс жасады – ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Латын Америкасы, Африка және Азия өңірлерінен жаңа тұрақты және уақытша мүшелерді қосу арқылы кеңейтуді ұсынды.
Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси бұл бастамаға қолдау білдіре отырып, Қауіпсіздік Кеңесіне деген сенімнің айтарлықтай төмендегенін айтты. Оның айтуынша, «Кеңес өз мандатын толық орындай алмай отыр».
Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса өз кезегінде былай деп атап өтті: «Келісімге мәжбүрлеу арқылы емес, диалог арқылы қол жеткізіледі».
Бұл жай ғана саяси ұрандар емес. Бұл — жаһандық Оңтүстік елдерінің ортақ ұстанымы. Олар халықаралық қатынастарда өз дауыстарының естілуін талап етіп отыр.
Қазақстан өз кезегінде БРИКС-тің серіктесі ретінде БҰҰ-ның басты халықаралық ұйым ретіндегі қызметін реформалау және оның Глобалды Оңтүстік кеңістігіндегі жұмыс аясын кеңейту қажеттігін қолдайды. Осыған орай, 2025 жылғы тамызда Алматы қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен БҰҰ-ның Өңірлік орталығы ашылды.
Төртінші шешім: сауданы қайта бағдарлау стратегиясы.
БРИКС елдері әлемдік ЖІӨ-нің 40%-ын және жаһандық сауданың 26%-ын құрайды. Осыған байланысты Бразилия Президенті Лула протекционизмнің салдарын жұмсарту үшін альянс аясындағы сауда-саттықты кеңейту арқылы «қауіпсіз баламалар» құруды ұсынды.
Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар бұл ұсынысты нақтылай түсіп, «тұрақты, сенімді, баламалы және қысқа жеткізу тізбектері» мен «өндірісті әртүрлі географиялық аймақтарда демократияландырудың» маңызын атап өтті.
Индонезия Президенті Прабово Субианто қазіргі әлемде «күші бардың сөзі өтімді» деген қағида үстем екенін еске салып, шағын мемлекеттердің қысым мен экономикалық мәжбүрлеуге жиі ұшырайтынын, сауда мен қаржы құралдарының қаруға айналып бара жатқанын айтты.
Батыстың мақұлдауына тәуелсіз баламалы жеткізу тізбектерін құру жөнінде шешім қабылданды. Бұл бағытта Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылымдық негіз ретінде қарастырылуда.
Бесінші шешім: ДСҰ реформасына қатысты ультиматум.
Бұл қадам жаһандық сауда тәртібін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бразилия президенті Лула бұл мәселені ашық айтты: «Дүниежүзілік сауда ұйымы бірнеше жылдан бері іс жүзінде тоқырауға ұшырады. Біржақты санкциялар еркін сауда қағидаттарын маңызсыз етіп қойды».
БРИКС ұйымы ДСҰ-дан бас тартпайды. Альянс аталған ұйымның толыққанды әрі тиімді жұмыс істеуін талап етеді. Қытай төрағасы Си Цзиньпин «ДСҰ-ны негіз еткен көпжақты сауда жүйесін қолдауға» шақырып, «протекционизмнің кез келген түрінен бас тартуды» ұсынды.
Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар жаһандық сауда жүйесі «ашықтыққа, әділеттілікке, теңдікке, инклюзивтілікке және қағидаттарға негізделуі тиіс» екенін атап өтті.
ОАР президенті Сирил Рамафоса БРИКС-ке ДСҰ-ны реформалауға және көпжақты сауда жүйесін қайта жандандыруға белсенді атсалысу қажет екенін айтты. Басты ой – егер ДСҰ барлық тарапқа тең мүмкіндік беретін шынайы жаһандық институтқа айналмаса, БРИКС өз мүддесін қорғайтын жаңа құрылым қалыптастыруы мүмкін.
Вместе — лучше
Президент Лула БҰҰ аясында Климаттың өзгеруі жөніндегі арнайы кеңес құруды ұсынды.
Бұл бастама БРИКС-тің тек экономикалық мүддемен шектелмейтінін, жаһандық климат саясатына да белсенді ықпал етуді көздейтінін аңғартады. Айта кету керек, БҰҰ Бас Ассамблеясының 9 қыркүйекте ашылуы – БРИКС-тің кезектен тыс саммитінен кейін бір күн өткен соң орын алған. Мұндай уақыт таңдауы кездейсоқ емес.
Президент Лула БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберін “жаңартылған көпжақтылықты қорғау жолында біртұтас ұстанымды таныту” үшін пайдалануды ерекше атап өтті. Бұл – БРИКС-ке өзінің баламалы көзқарасын жаһандық аудиторияға ұсынуға таптырмас мүмкіндік.
2025 жылғы 8 қыркүйекте өткен БРИКС-тің кезектен тыс саммиті — жаһандық Оңтүстіктің АҚШ-тың экономикалық қысымына “Жетер!” деп мәлімдеген сәті ретінде тарихта қалды.
Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы “ Бейбіт болашақ жолында – 80 жылдық бірлік пен серіктестік” деген ұранмен өтуде. Дәстүр бойынша, жалпы пікірталасты Бразилия ашты және осы жолы ол БРИКС альянсының ортақ үндеуін әлемдік мінберден жеткізді.
Пандемия кезінде үзілген жаһандық жеткізу тізбектері, либералдық тәртіптің күйреуі және Украинадағы НАТО мен Ресей арасындағы соғыс әлемдік трансформацияның күрт басталуына түрткі болды. Осының нәтижесінде қазіргі таңда бірполюсті жүйеден көпполюсті әлемге нақты ауысу жүріп жатыр. Таңғаларлығы — бұл үдеріс бұрын-соңды болжағаннан әлдеқайда тез жүзеге асуда.