Евразия24Басты бетЖасанды өсімнің шегі: экономика қарқыны төмендеп келеді

Жасанды өсімнің шегі: экономика қарқыны төмендеп келеді

|

|

Halyk Finance сарапшылары 2026 жылдың алғашқы айындағы экономикалық өсім динамикасына қатысты Үкімет үшін елеулі сын-қатерді көрсететін талдау жариялады. Жыл басы соңғы төрт жылдағы ең әлсіз нәтижемен басталды: қысқа мерзімді экономикалық индикатор жылдық есепте 2,8%-ға төмендеді, ал 2024 жылы ол 9,4% деңгейінде болған. Еске сала кетейік, вице-премьер Серік Жұманғарин 2026 жылы экономиканың шамамен 5,4% өсетінін болжаған еді. Алайда негізгі салалардағы көрсеткіштер теріс динамикаға өткен жағдайда, Үкіметтің экономикалық өсімді жеделдету жоспарын қалай іске асырмақ деген сауал туындайды.

Біз қабылданған стратегиялық бағытты ұстанамыз

«Экономиканың негізгі салаларының динамикасын көрсететін қысқа мерзімді экономикалық индикатор биылғы қаңтарда жылдық мәнде 2,8%-ға төмендеп, теріс аймаққа өтті. Бұл өткен жылғы ЖІӨ-нің жоғары өсімі тұрақсыз болғанын және оның едәуір дәрежеде шикізат факторына тәуелді екенін растайды», — деп жазды сарапшылар Арслан Аронов пен Салтанат Игенбекова.

Олардың айтуынша, теріс динамикаға ең үлкен әсер еткен фактор — тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 19,9%-ға қысқаруы, ең алдымен мұнай-газ секторындағы төмендеу. Бұл үрдіс көлік саласының өсім қарқынын да тежеді (2026 жылғы қаңтарда 5,1%, ал 2025 жылғы қаңтарда 20,4% болған), сондай-ақ сауда саласының өсімі де баяулады (2,9% қарсы 8,9% бір жыл бұрын).

Алайда 17 ақпанда өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру және елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру шаралары қаралғанымен, нақты сектордағы өсімнің баяулау мәселесі талқылау нысанына айналмады. Керісінше, ведомство басшылары Премьер-Министр Олжас Бектеновке экономикада ауқымды өзгерістер жүргізу жөніндегі жоғары деңгейдегі жоспарлары туралы баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2029 жылға дейін елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға 400 млрд доллар инвестиция тарту арқылы экономиканы сапалы әртараптандыру және жаңа өсу моделін қалыптастыру стратегиясын таныстырды.

Ал өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет басшысына өз саласында жағдайдың тұрақты дамып жатқанын және көрсеткіштердің жоғары деңгейде екенін баяндады.

«2024 жылдан бері өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндіру саласының үлесінен жоғары деңгейге шықты, соның нәтижесінде экономиканың салалық құрылымында елеулі өзгерістер қалыптасты. Өсімге, негізінен, металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, резеңке мен пластмасса бұйымдарын шығару, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуы серпін берді», — деп хабарламада атап өтілген.

Бұл тұжырым белгілі бір деңгейде шындыққа жанасқанымен, барлық кезеңдерге бірдей толық сәйкес келе бермейді. Мысалы, 2024 жылғы қаңтарда өңдеу өнеркәсібі 6,8%-ға өссе, тау-кен өндіру саласының өсімі небәрі 0,2% болған. Ал 2025 жылғы қаңтарда өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,7%-ға дейін баяулап, керісінше, тау-кен саласы 1,3%-ға ұлғайды. Жалпы 2025 жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібі 6,4% өсім көрсетсе, тау-кен өндіру саласы 9,4% деңгейінде өсім тіркеді.

Ал 2026 жылдың қаңтарында өткен жылдың алғашқы айымен салыстырғанда айқын өсім көрсеткен салалар — құрылыс пен телекоммуникация болды. Дегенмен мұндай оң динамиканың да өзіндік себептері бар.

Мәселен, құрылыс саласы 14,4%-ға өсім көрсетті, бұл, негізінен, мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобалардың есебінен болды. Яғни өсім нарықтық факторлардан гөрі мемлекеттік тапсырыстың ықпалымен қамтамасыз етілді. Өйткені орындалған жұмыстар құрылымында автомобиль және теміржолдар, сондай-ақ метро құрылысы шамамен үштен бір үлесін құрады. Телекоммуникация саласында көрсетілетін барлық қызметтердің жалпы көлемінің шамамен 34%-ын құрайды.

Өсу үрдісі сақталады, алайда қарқыны жоғары болмайды

«Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі ресми болжамға сәйкес, 2026 жылы нақты ЖІӨ өсімі 5,4% деңгейінде күтіледі. Алайда біздің бағалауымыз бойынша, өткен жылы жедел өсімді қамтамасыз еткен факторлардың біртіндеп әлсіреуін ескерсек, нақты өсім қарқыны 4,0–4,5% шамасында қалыптасуы мүмкін», — деп жазды Halyk Finance сарапшылары өз жарияланымында.

Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылы мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай артуына қатысты нақты болжамдар жоқ. Сонымен қатар салық мөлшерлемелерінің өсуі, инфляцияның жоғары деңгейі (негізінен коммуналдық тарифтер мен жанар-жағармай бағасының индексациясына байланысты), базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, әлемдік мұнай бағасының қолайсыз ахуалы, сауда балансы профицитінің қысқаруы салдарынан ұлттық валюта бағамына түсетін қысым, сондай-ақ халықтың нақты табысының өспеуі 2026 жылғы экономикалық өсімді тежейтін негізгі факторларға айналуы мүмкін.

Осылайша, Үкіметтің экономикалық өсім бойынша болжамы (5,4%) мен тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауы (4,4%-дан аспайды) арасындағы айырмашылық айтарлықтай екені байқалады.

Айта кету керек, 2026 жылдың қаңтарында Халықаралық валюта қоры Қазақстанның 2026 жылғы ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 0,4 пайыздық тармаққа төмендетіп, 4,4% деңгейінде белгіледі.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Moody’s деректеріне сілтеме жасай отырып, 2026 жылы елдің нақты ЖІӨ өсімі шамамен 4% болады деп күтетінін хабарлайды.

Ал Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) қаңтар айының соңында Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсімі бойынша болжамын өзгеріссіз — 5,5% деңгейінде қалдырды. Дегенмен бұл баға белгілі бір шарттар мен тәуекелдер ескерілген түрде берілген.

«ЖІӨ өсімінің негізгі қозғаушы күші шикізаттық емес сектордың әлеуетін іске қосу болады. Инвестициялық серпін өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінде жоспарланған 100-ден астам инвестициялық жобаны, сондай-ақ су-энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы 200-ден астам жобаны іске қосу есебінен қалыптасады», — деп ЕАДБ баспасөз қызметінің хабарламасында айтылған.

Алайда бұл жобалардың барлығы толық іске аса ма, әлде тек бір бөлігі ғана жүзеге аса ма — оны нақты болжап айту қиын. Жалпы алғанда, макроэкономикалық болжамдардағы мұндай шартты алғышарттар әдетте айқын сенімділік туғыза бермейді.

Жоспар мен шынайы көрсеткіштер

2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы дәстүрлі түрде базалық нұсқаға сүйене отырып әзірленген. Алайда экономиканың шамамен 60%-ын қамтитын қысқа мерзімді экономикалық индикатор жыл басында 3%-ға жуық төмендеп, теріс мәнге өтті. Бұл алаңдаушылық туғызбай ма?

Қаңтар айында мұнай мен газ өндіру көлемі үштен бірінен астам қысқарып, соның салдарынан бүкіл тау-кен өндіру саласының көрсеткіштері төмендеді. Ең бастысы, экспортқа тәуелді жағдайда бюджет пен Ұлттық қор елеулі көлемде кірістен қағылуы мүмкін, ал шығыс бөлігі бұған дейін-ақ бекітіліп қойған.

Қаңтар айында сауда саласындағы өсім қарқыны шамамен екі есеге баяулады. Бұған, негізінен, халық табысының төмендеуі мен бағаның өсуі, соның ішінде салықтардың артуы әсер етті.

Яғни құлдырау тек жоғары технологиялық және еңбек сыйымдылығы жоғары салаларда ғана емес, маржасы жоғары әрі шығыны салыстырмалы түрде төмен салаларда да байқалып отыр. Негізінде дәл осы салалар өнеркәсіптегі төмендеу әсерін белгілі бір деңгейде жұмсарта алар еді. Әрине, бір айдың қорытындысына қарап, бір жылға нақты тұжырым жасауға әлі ерте — әзірге тек қаңтар айының нәтижелері талқылануда. Дегенмен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын түзету тетігінің күрделілігін ескерсек, жағдай теріс бағытта өрбіген күннің өзінде 2026 жылдың екінші жартысында бастапқы болжам көрсеткіштерін сақтау үшін статистикалық деректерді сол межеге бейімдеу қаупі жоқ емес. Мұндай жағдайда жыл қорытындысында ел экономикасында 5,4% көлеміндегі формалды өсім тіркелуі мүмкін, бірақ ол нақты қосылған құнның артуымен және халықтың нақты табысының өсуімен толық қамтамасыз етілмеуі ықтимал. Осыған ұқсас жағдай 2025 жылы да байқалған болатын.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

G20 елдерінің экспорты IV тоқсанда 0,9%-ға өсті, импорт 0,5%-ға төмендеді

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) есебіне сәйкес, 2025 жылдың төртінші тоқсанында G20 елдерінің тауар саудасы маусымдық түзетулерді ескере отырып әртүрлі өзгеріс көрсетті.

Қытай 20 жапон компаниясына қосарлы мақсаттағы тауарларды жеткізуге тыйым салды

Қытай билігі Жапонияның қарулы күштерін жабдықтауға қатысы бар ұйымдарға қосарлы мақсаттағы тауарларды жеткізуге шектеу енгізді.

Қытай АҚШ пен Ресейдің стратегиялық тұрақтылық жөніндегі келіссөздерін қайта жандандыруды қолдайды

Қытай АҚШ пен Ресей стратегиялық тұрақтылық мәселелері бойынша диалогты қайта бастап, Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы шарттың (СШҚШ) мерзімі аяқталғаннан кейінгі ықтимал өзара іс-қимыл нұсқаларын талқылайды деп үміттенеді.

Президент Қазақстанда өтетін референдумды ашық әрі заң талаптарына сай өткізудің маңызын атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні Референдумның орталық комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.