Қазақстан Ұлттық банкі Орталық Азияның қаржы саласында жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану бойынша Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның 232 қаржы ұйымы арасында жүргізілген ауқымды кешенді зерттеуді жариялады. Баяндамадан аймақтың қаржы секторын нақты «ЖИ-дүрбелеңі» билеп алғанын анық көруге болады: Қазақстан банктерінің 75%-ы ЖИ-ді қазірдің өзінде қолданады, ал 88%-ы жақын арада оның қолданыс аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алайда, бұл статистикалық оптимизм басқа да шындыққа жанасатын цифрлармен тұспа-тұс келіп, өз маңызын жоғалтқандай болады: аймақтағы барлық қаржы ұйымдарының тек 2%-ы ғана технологияны толық деңгейде масштабтауға қол жеткізген. Ал нейрожелілерді енгізген компаниялардың 75%-ы үшін оның экономикалық тиімділігі әлі де болса күмән тудырып отыр.
ЦИФРЛЫҚ ДОПИНГ ДӘУІРІ
Қаржы реттеушілері жүргізген ауқымды зерттеуге жасаған шолуымызды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымованың дәйексөзінен бастағанды жөн көрдік. Айта кетейік, Қазақстан банктерінің 75%-ы өз қызметінде жасанды интеллектіні (ЖИ) қолданатыны және банктердің 88%-ы таяу болашақта ЖИ-ді пайдалану аясын кеңейтуді жоспарлап отырғаны туралы мәліметтерді біз нақ осы Мәдина Әбілқасымованың мәлімдемесінен алдық.
«(Банктердің — ред.) 63%-ы бұл технологияларды бизнесті дамытудың маңызды факторы ретінде қарастырады. ЖИ негізінен операциялық процестерде және клиенттермен өзара іс-қимыл жасау тетіктерінде, соның ішінде кредиттік скорингте, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жүйелерінде, цифрлық қызмет көрсету арналарында және ішкі операцияларды автоматтандыруда қолданылады. Мұндай шешімдерді пайдалану несие бойынша шешім қабылдау мерзімін айтарлықтай қысқартуға, алаяқтық операцияларды нақты уақытқа жақын режимде анықтауға және цифрлық сервистердің тәулік бойы қолжетімділігі есебінен қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәуекелдерді басқару, комплаенс және стратегиялық жоспарлау сияқты бағыттарда ЖИ-ді қолдану әлі де шектеулі және бастапқы енгізу сатысында тұр», — делінген ҚНРДА басшысының зерттеу баяндамасына жазған алғысөзінде.
Ол сонымен қатар ЖИ-ді қолдану аясын кеңейту бірқатар институционалдық және технологиялық кедергілермен ұласып отырғанын атап өтті. Негізгі түйткілдер — ЖИ жүйелерінің жұмысына қойылатын бірыңғай стандарттар мен ашық талаптардың жоқтығы, деректер сапасының төмендігі мен олардың бытыраңқылығы, сондай-ақ қаржы, деректер талдауы және тәуекелдерді басқару құзыреттерін бірдей меңгерген мамандардың тапшылығы. ЖИ жүйелерін енгізу үшін қажетті есептеу ресурстарын, бұлттық инфрақұрылымды және киберқорғаныс жүйелерін қамтитын қомақты инвестициялар да қосымша тежеуші фактор болып табылады.
Зерттеуде ҚНРДА төрайымынан бөлек, басқа да қаржы ведомстволарының басшылары — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Ренат Бектұровтың, Қырғызстан Ұлттық банкінің төрағасы Мелис Тургунбаевтың және Тәжікстан Ұлттық банкінің төрағасы Фирдавс Назримад Толибзоданың пікірлері келтірілген.
Әрине, олардың барлығы аймақ елдерінің қаржы жүйесіне нейрожелілерді қарқынды енгізудің ортақ контекстінде сөз сөйлейді. Біз бұл жерден бірегей парадоксты байқадық. Бір жағынан, технологияларға деген қызығушылықтың бұрын-соңды болмаған өсімі байқалады: егер 2025 жылы сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 36%-ы ЖИ-ді қолданса, 2026 жылға арналған жоспар респонденттердің 56%-ын қамтып отыр. Екінші жағынан, 20%-дық өсім — айтарлықтай салмақты амбиция, бірақ әзірге бұл тек ниет қана. Себебі аймақтың қаржы секторының цифрлық кемелдігі әлі бастапқы деңгейде тұр. Баяндамаға сүйенсек, ұйымдардың 38%-ы мүмкіндіктерді енді ғана зерделеп жатыр, 12%-ы пилоттық жобалар сатысында қалып қойған, ал бүкіл аймақ бойынша ЖИ-ді өз құрылымына толық масштабта енгізгендердің үлесі небәрі 2% (4 ұйым) ғана.
Біздіңше, бұл — жарнамасы жер жарған жалғыз-жарым жобаны іске қосу мен сол технологияны күнделікті жұмыстың мызғымас негізіне айналдырудың екі бөлек нәрсе екендігінің айқын дәлелі.
ЖИ-ді енгізуге дайындықтың әлемдік рейтингін жасаушы британдық Oxford Insights консалтингтік компаниясының деректеріне сүйенсек, Орталық Азия елдері 2024 жылы үздік 50 елдің қатарына бірде-бір сатыға іліге алмаған. Қазақстан 2023 жылы әлем бойынша 72-орында болса, 2024 жылы 188 елдің ішінде небәрі 76-орынға тұрақтады. Рейтинг көшбасшысы — АҚШ.
ҚАЗАҚСТАН БАНКТЕРІНІҢ ҚАРҚЫНЫ БӨЛЕК
Аймақтық деңгейде Қазақстан бизнес-процестерді цифрландыру бойынша даусыз көшбасшы болып танылды. Сауалнамаға елімізден 95 қаржы ұйымы (банктер, сақтандыру секторы, МҚҰ және т.б.) қатысып, оның 39%-ы жасанды интеллектіні (ЖИ) белсенді қолданатынын растады. Алайда, тек 2 банк қана ЖИ жүйелерін толықтай енгізген. Қазіргі таңда бұл технологиялар аталған банктердің тәуекелдерін басқару мен комплаенс қызметін, операциялық жұмыстарын жүргізіп, клиенттерге қолдау көрсету және маркетингті ілгерілету ісіне септігін тигізіп отыр.
ЖИ-ландыру қымбатқа түскендіктен экономиканың көптеген секторлары үнемдеу мақсатында робот еңбегінен гөрі қол еңбегін артық көреді деген түсінік қалыптасқан. Алайда біз сипаттап отырған зерттеу нейрожелілерді енгізуге қаражаттың жетіспеушілігі 2025 жылы негізгі бес мәселенің қатарына да кірмегенін көрсетеді. Ал мамандар тапшылығы («кадровый голод»), керісінше, басты кедергілердің бірі болды. Баяндамада бұл түйткілді «ұзақ мерзімді сын-қатер» деп атаған. Бірақ, шын мәнінде, әңгіме күрделі ЖИ-жүйелерін құра алатын және оларға қызмет көрсететін мамандардың тым аздығында болып отыр. Мұндай мамандар болмаса, сауалнамаға қатысқан 232 ұйымның барлығы дайын шетелдік ЖИ-шешімдерді сатып алуға мәжбүр болады. Бұл, өз кезегінде, әлемдік өндірушілерге деген технологиялық тәуелділікті арттыра түспек.
Бәсекелестерден сескеніп, өз жетістіктерін құпия ұстауға тырысу да — дамуды тежейтін үлкен кедергі. Құжатта ЖИ саласындағы сәтті жобалардың жарияланбауына бәсекелестік ортадағы қауіп-қатерлер негізгі себеп ретінде көрсетілген. Ақпараттық жабықтық тәжірибе бөлісуге мүмкіндік бермей отыр. Нәтижесінде, қаржы институттары дайын технологиялық шешімдерді пайдаланудың орнына, өзінше әрекет етіп, дайын дүниені басынан бастап жасауға күш жұмсауда.
АРМАН МЕН АҚИҚАТ
Қаржы секторы технологиялық тұрғыдан қарқынды дамып жатқанына қарамастан, әлі де болса консервативті құрылым болып қала береді. Сондықтан зерттеу авторларының «2026 жылдың соңына қарай ЖИ енгізген субъектілер санын 20%-ға арттырамыз» деген үміті шындықтан тым алыс. Ұйымдар сауалнама кезінде осындай жоспарлары барын айтқан күннің өзінде, оны жүзеге асыруға 12 айдың жетпесі анық. Бірақ әлемдік трендке ілесу немесе ниетті екеніңді білдіріп қою — бізге тән қасиет.
Тағы бір маңызды жайт – зерттеу авторлары Grok және GPT-5 сияқты ірі тілдік модельдер «диалог жүргізу мен мәтін құрастыру үшін қазірдің өзінде белсенді қолданылуда» деп көрсетеді. Бірақ зерттеу баяндамасы дайындалған кезде (2025 жылдың соңы) GPT-5 ресми түрде көпшілікке қолжетімді коммерциялық өнім ретінде ұсынылмаған болатын. Ендеше, оған сілтеме жасаудың өзі қаншалықты орынды?
Тіпті, қызметіне цифрлық технологияларды енгізген компаниялардың 75%-ы оның экономикалық пайдасын бағалай алмай отырғаны туралы дерек — бұл процестің тиімділікке емес, көбіне құр трендке еліктеуден туғанын айқын аңғартады.
Нейрожелілердің алаяқтыққа қарсы күрестегі әлеуетіне тең келер ештеңе жоқ, бұл бақылаушы органдардың шұғыл деректерімен де расталып отыр. Жақында ғана ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство алқасының отырысында 2025 жылы «84,5 млн алаяқтық қоңырау бұғатталғанын» мәлімдеді. Бұл халықтың жаппай қаржылай шығынға ұшырауының алдын алуға және азаматтардың алаяқтық схемаларға тартылу деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Ұлттық банк те Антифрод-орталықтың жұмыс нәтижелері туралы есеп берді: алаяқтық белгілері бар транзакциялар бойынша 80,8 мың оқиға, сондай-ақ есірткі саудасына, заңсыз ойын бизнесіне және қаржы пирамидаларына қатысты 19,8 мыңға жуық дерек тіркелген.
«Антифрод-орталық жұмысының арқасында 2,8 млрд теңге дер кезінде бұғатталып, алаяқтардың құрығына түскен азаматтарға жарты миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды», — деп хабарлады Ұлттық банк.
Бұл да жаман нәтиже емес, бірақ бұл банк процестерін цифрландыру мен ЖИ-ландырудың әлеуетін толық аша алмайды. Оның үстіне, қазіргі уақытта бүкіл Орталық Азия бойынша бизнес-процестерге нейрожелілерді енгізу — тек Қазақстанның ірі банктеріне ғана тән артықшылық. Ал нарықтың қалған қатысушылары цифрлық болашаққа апаратын кезекте тұр.




