Технологиялық даму – ресурсты тиімді жұмсау үшін салмақты әрі кәсіби таңдау жасауды талап етеді. Қашан да шектеулі болатын ресурстарды тиімсіз пайдалану ел дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Мәселен, әлемдегі ең ірі күн жылу электр станциясы саналатын АҚШ-тағы Айвонпа нысаны 2026 жылы жабылады. Себебі жобаға бөлінген 2,2 млрд доллар ақталған жоқ – фотоэлектрлік панельдер бұл салада техникалық, технологиялық және экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді екені дәлелденді. Соңғы жылдары «жасыл» энергия тақырыбына айрықша қызығушылық танытып отырған Қазақстан үшін бұл маңызды сабақ болуға тиіс. Ел болашағы үшін жауапты шешімдер қабылдауда басқарушылық құзыретті күшейтіп, технологиялық таңдауға асқан ұқыптылықпен қарау қажет. Әйтпесе, Калифорниядағы күн электр станциясының тағдырын қайталауымыз мүмкін.
Жалпы, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ-та Барак Обама әкімшілігі (2009–2017 жж.) кезінде көптеген бастамалар қолға алынды. Алайда «теріс нәтиже де — нәтиже» деген ұстаным белгілі бір негізді өлшемдерге сай болуы тиіс.
Қазіргі уақытта Мохаве шөлінде орналасқан «Айвонпа» мұнаралық күн жылу электр станциясына (КЖЭС) қатысты кейбір деректер белгілі болды. Нысанның құрылысы 2010 жылы басталып, 2014 жылы пайдалануға берілген. Электр өндіру қуаты 292–377 мегаватт аралығында.
Қаржылық тұрғыдан алғанда, «Айвонпа» күн жылу электр станциясын салу үшін АҚШ федералдық үкіметінен 1,6 миллиард доллар көлемінде несие және 535 миллион доллар грант бөлінген. Бұдан бөлек, шамамен 600 миллион доллар салықтық жеңілдіктер берілген. Бұл салықтық жеңілдіктер КЖЭС құрылысы кезінде тікелей пайдаланылмағанымен, Калифорния штаты мен федералдық бюджет бұл коммерциялық нысаннан нақты салық түсімін ала алмады.
Егер 2014 жылдан бері бұл «жасыл» станцияның жыл сайын шамамен 6 мың құстың көз жұмуына себепші болуын (олар айнадан шағылысқан жарық шоғында жанып кетеді) есепке алмағанда, табиғи газбен жұмыс істейтін электр станциялары бастапқы кезеңнен-ақ экономикалық тұрғыдан тиімді болғаны анық.
«Айвонпа» күн жылу электр станциясының орнатылған қуаттылықты пайдалану коэффициенті (ҚУҚ) – 31%. Күн электр станциялары үшін мұндай көрсеткіш орынды, бірақ бұл тек пайдалану шығындары аз болған жағдайда тиімді саналады. Салыстырмалы түрде алғанда, Ресейдегі атом электр станцияларында бұл көрсеткіш – 80 пайызға жуық, Қазақстандағы су электр станцияларында – 40 пайыз көлемінде, ал газ және көмірмен жұмыс істейтін станцияларда ҚПҚ 29–35 пайыз аралығында.
Мәселенің түп-төркіні – «Айвонпа» күн станциясын салу туралы саяси шешім қабылданған сәтте-ақ, дәл осындай қуаттағы газ станциясын салу барлық жағынан әлдеқайда арзанға түсетін еді. Алайда Калифорния мен Вашингтондағы Демократиялық партиядан сайланған билік өкілдері сол уақыттағы саяси трендке ілесіп, күн жылу технологиясын таңдады. Бұл технологияда күн сәулесінің энергиясы жылу көзі ретінде термодинамикалық циклде қолданылады: алдымен жылу энергиясы механикалық энергияға, содан соң электр энергиясына айналады.
Көп ұзамай нарықта фотоэлектрлік панельдер кеңінен қолданыла бастады. Фотоэлектрлік күн электр станциясы – бұл күн сәулесін электр энергиясына түрлендіретін нысан. Ол үшін күн сәулесінің әсерінен ток өндіретін жартылай өткізгіш материалдардан тұратын фотоэлектрлік элементтер қолданылады.
Осылайша, егер «Айвонпа» станциясының орнына дәл сондай қуаттылығы бар фотоэлектрлік күн электр станциясы салынғанда, құрылысына кететін шығын да, электр энергиясын өндірудің өзіндік құны да әлдеқайда төмен болар еді. Сонымен қатар, көптеген құстардың да өмірі сақталып қалатын еді.
АҚШ-та билікке Демократтар партиясы келіп тұрған кезде уәкілетті органдар күн жылу электр станциясының (СТЭС) тиімсіз жұмыс істеуіне көз жұмып қарады. Ал Республикалық партия билікке келген соң, АҚШ-тың Энергетикалық зерттеулер институты «Айвонпа» СТЭС нысанын «жасыл авантюраның» ұлттық ескерткіші ретінде қалдыруды ұсынды.
Қазақстан үшін бұл оқиғадан шығар негізгі тұжырым – ғылым мен технологиядағы кез келген жаңа бастаманы бірден кең көлемде енгізбей, алдымен шектеулі өндірістік деңгейде сынақтан өткізу қажет. Әлемдік тәжірибені уақыт пен кеңістік тұрғысынан жан-жақты зерделеп, тек сәнге айналған заманауи технологияларға ғана жетелеп ұмтыла бермеу қажет. Бүгінде Қытайдан Африка елдері ең көп импорттайтын өнімдердің бірі – фотоэлектр жабдықтары. Бұл күн энергетикасында дамудың нақты бағыты қалыптасқанын көрсетеді.