Евразия24Басты бет«Оскар» үшін өш алу: Айдар Баталовқа "дәрігер" туралы еске салды

«Оскар» үшін өш алу: Айдар Баталовқа «дәрігер» туралы еске салды

|

|

Қазақстандық «Кадет» фильмінің 2026 жылғы «Оскар» киножүлдесіне ұсынылуының ашық жүргізілмеуіне қатысты Қазақстан кинематографистер лигасының наразылығынан кейін және Америка киноакадемиясының Қазақстан атынан биылғы байқауға қандай да бір фильмді қабылдаудан бас тартуынан соң, Лига төрағасы Айдар Баталовқа қарсы ұйымдастырылған ақпараттық кампания басталды. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда оған «Қазақфильм» киностудиясында мемлекеттік қаржыға түсірілген, бірақ прокатқа шықпаған «Бізге дәрігер керек» және «Ақтастағы Ахико» атты екі фильм еске салынды.

Қоғамдық резонанс, қазіргі мәліметтерге қарағанда, құқық қорғау органдарының да назарын аудартқан.

«Ақпаратты есепке алу журналына тіркелген құжаттарды тиісті тексеру жүргізу үшін сізге жолдаймыз», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ЭТД) қалалық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне (ІМАД) жолдаған ресми хатында. Аталған хаттың көшірмесін ЭТД редакцияға ұсынған, себебі бұған дейін KazTAG агенттігі бұл жөнінде ресми сұрау жолдаған болатын, – деп хабарлайды  жарияланымда.

Айдар Баталов журналистердің сұрақтарынан жалтармай, 2021 жылы «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті қызметін атқарған кезеңінде түсірілген фильмдердің тағдыры туралы бұқаралық ақпарат құралдарына  егжей-тегжейлі түсініктеме берді.

Біз әртүрлі ресми ақпарат көздерінен — «Бізге дәрігер керек» және «Ақтастағы Ахико» фильмдерінің авторларына мемлекет тарапынан қандай шағым болғаны жайлы ақпарат іздестіріп көрдік. Себебі Айдар Баталовқа — бірнеше жүздеген миллион теңгеге жететін бюджет қаражатының жұмсалуы мен сонымен қатар, прокатқа шықпаған киножобалар үшін жауапкершілікпен байланысы бар деген айып тағылып отыр. Мәселенің мәнін терең түсіне бермейтін және кейде оны эмоциялық тұрғыда әсірелеп көрсететін шығармашылық орта тарапынан негізсіз қоғамдық резонанс туындауы мүмкін екенін ескереміз.

НЕ ҚАРЖЫ, НЕ ФИЛЬМ ЖОҚ

«Бізге дәрігер керек» фильміне байланысты туындаған даулы жағдай «Қазақфильм» акционерлік қоғамының бұрынғы вице-президенті, қазіргі Кинематографистер лигасының төрағасы Айдар Баталовты да қамтып отыр. Таратылып жатқан ақпаратқа сәйкес, бұл жобаға мемлекеттік бюджеттен 640 миллион теңге бөлінген, оның 371 миллионы 2021 жылы — Баталов студиядағы жоғары лауазымды қызметті атқарған кезде — игерілген. Бастапқыда жобаны белгілі режиссер Асқар Бисембин жүзеге асыруы тиіс болған, алайда белгісіз себептермен ол жұмыстан бас тартқан. Одан кейін фильм Баталовтың қарауына өтіп, ол режиссураны толықметражды кино түсіруде тәжірибесі жоқ, бұрынғы рэп орындаушы Равиль Трумовқа тапсырған. Бұл жөнінде KazTAG құқық қорғау органдарына жолдаған ресми сауалға сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл абзацты толық келтіріп отырған себебіміз – қоғамдағы наразылықтың мәні дәл осы жерде қысқаша сипатталған: төрт жыл бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарды, қаржы жұмсалды, ал фильм жоқ. Алайда бұл рас па – соны анықтап көрейік.

2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өзінің ресми хабарламасында былай деп жазады:«24–30 қараша аралығында Алматыда жылдың ең көп күтілген мәдени шараларының бірі – XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді. Ауқымды іс-шараның шымылдығын «Бізге дәрігер керек» фильмі ашады – бұл әзілге, терең эмоция мен өмірлік философияға толы отбасылық кинотуынды. «Бұл – ескі классика атауынан шабыт алған музыкалық комедия. Бродвей үлгісіндегі мюзикл, өйткені бізде әндер тек фон ретінде ғана емес, оқиғаны алға жылжытатын құрал ретінде қолданылады. Әрбір әннің сюжетте өзіндік орны бар. Қазақстанда мен мұндай фильмдерді бұрын көрген емеспін», – деді фильмнің режиссері Равиль Трумов». Премьера шынымен де өтті!

Демек, фильм физикалық түрде бар, себебі бір жыл бұрын дәл осы туындымен халықаралық кинофестиваль ашылған. Бұл жағдайда Айдар Баталовты немесе басқа біреуді бюджет қаражатын игермеді, не болмаса жымқырды деп күдікке ілінуі – қисынсыз.

Сонымен, оқиға әрі қарай қалай өрбіді және не себепті «Бізге дәрігер керек» фильмі кинотеатрларда көрсетілмеді?

Айдар Баталовтың айтуынша, 2024 жылғы кинофестивальдегі көрсетілімнен кейін «Любовь настала» әнінде қолданылған Роберт Рождественскийдің өлеңдеріне қатысты авторлық құқық мәселелері туындаған.

«“Бізге дәрігер керек” фильмінің шығармашылық ұжымы “Қазақфильм” киностудиясының міндетін атқарушы басшысы Айдар Омаровпен ынтымақтастық орнатуға бірнеше рет талпыныс жасаған. Топ фильмнің авторлық құқықтарындағы үлес пен болашақ табыстың бір бөлігін беру шартымен маркетингтік ілгерілетуге қаржы салуға дайын болған әлеуетті инвесторлар мен демеушілерді тартқан. Алайда келіссөздер барысында “Қазақфильм” киностудиясы ұсынылған барлық нұсқалардан бас тартты», – деді Кинематографистер лигасының төрағасы.

ЖОҒАРЫ АУДИТ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТАЛАБЫ БАСҚА

Осылайша, бұқаралық ақпарат құралдарында аталған 371 миллион теңгенің тиімді игерілуі жөніндегі мәселені жабуға болар еді. Дегенмен біз бұл тақырыпты тереңірек зерделеуді жөн көріп, соңғы жылдардағы бюджеттік қаражаттың жұмсалуын егжей-тегжейлі талдайтын Жоғары аудит палатасының есептерін қарап шықтық.

Алихан Смайылов басқаратын ведомствоның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі үкімет есебіне берген қорытындысында «Мәдениет және ақпарат министрлігі» бөлімі бойынша 2019–2024 жылдар аралығындағы «Қазақфильм» киностудиясының қызметіне қатысты бірқатар ескертулер келтірілген. Алайда бұл ескертулер тек анимациялық фильмдер өндірісіне қатысты.

«Министрліктің (Мәдениет және ақпарат министрлігі – ред.) мәліметіне сәйкес, 2019–2024 жылдар аралығында «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ Ұлттық компаниясы 47 анимациялық фильм шығарған (2019 жылы – 4, 2022 жылы – 20, 2023 жылы – 10, 2024 жылы – 13), олардың жалпы бюджеті 1 374,6 млн теңгені құрады (2019 жылы – 140 млн теңге, 2022 жылы – 552,9 млн теңге, 2023 жылы – 323,9 млн теңге, 2024 жылы – 357,7 млн теңге)», – делінген құжатта.

Сонымен қатар құжатта атқарылған жұмыстарды көрермендердің әлі күнге дейін көрмегені нақты көрсетілген. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы аумағында киноөндіріс пен фильмдерді көрсету ісімен айналысатын ұйымдардың қызметі туралы деректерді тиімді жүйелеу және есепке алу мақсатында «Е-кино» ақпараттық жүйесін жедел іске қосу қажеттігі атап өтілген.

Бұған дейін, Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне жүргізілген дәл осындай талдауда Жоғары аудит палатасы былай деп жазады:
«2016 жылдан бастап «Қазақфильм» акционерлік қоғамына республикалық бюджеттен 24,6 млрд теңге бөлінген (оның ішінде 34 толықметражды көркем фильмге – 22 млрд теңге, 60 деректі, 6 анимациялық, 22 қысқаметражды көркем фильмге – жалпы 2,6 млрд теңге). Жүргізілген талдау нәтижесінде, киноөндіріс пен прокатқа шығаруға жұмсалған жалпы 14 556,9 млн теңгенің ішінде прокаттан түскен кіріс бар болғаны 695,1 млн теңгені немесе 4,8%-ды ғана құрағаны анықталды. Бұл көрсеткіш прокаттан түсетін табыстың жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетеді. Ең аз табыс әкелген фильмдер қатарында «Әруақ» («Жота үстіндегі бұтақтар көлеңкесінде») – 300 млн теңге жұмсалған, бірақ бар болғаны 7 мың теңге табыс тапқан, сондай-ақ «Композитор» – 1 229 млн теңге бюджетпен түсіріліп, небәрі 0,4 млн теңге жинаған және басқа да жобалар бар.
Жалпы сомасы 297,3 млн теңгені құрайтын бірқатар толықметражды көркем фильмдер мүлде прокатқа шықпаған («Оазис» («Руслан») – 37 млн теңге, «Құмдағы іздер» – 50 млн теңге, «Шыңырау» – 207,3 млн теңге).»

Бұл есепте 2016–2022 жылдары республикалық бюджет есебінен «Қазақфильм» арқылы қаржыландырылған 17 фильмнің тізімі келтірілген. Бұл тізімде «Бізге дәрігер керек» және «Ақтастағы Ахико» фильмдері жоқ.

Сыныққа сылтау

Сонда шығармашылық ортада қоғам назарын тек Айдар Баталовтың тұлғасына аударған киносыншылардың 1 млрд теңгеден астам қаржыға түсіріліп, балаларға көрсетілмеген анимациялық фильмдерге, сондай-ақ шамамен сондай-ақ бюджетті игерген «Әруақ» пен «Бізге дәрігер керек» фильмімен салыстырғанда бюджеті 3,3 есе көп «Композитор» фильміне ешбір сұрағы жоқ па? Бұл жерде белгілі бір таңдамалылықтың бары анық, оның өзі «Оскар» төңірегіндегі даудан кейін туындағаны қызық жайт. Біз бұл арада киносыншылар мен олардың пікірін бекерден-бекер атап отырған жоқпыз. KazTAG өз мақаласында былай деп жазады: «Фильмде өзге музыкалық туындылар құқық иелерінен рұқсат алынбастан пайдаланылған, ал фильмнің әлсіз болғаны соншалық, киносыншылар, соның ішінде Галия Байжанова оны «ұят туынды» деп атап, «Қазақфильмнің» жертөлесіне жасырып тастауды ұсынған».

Қазақстан киносыншылар ассоциациясының мүшесі Гәлиия Байжанованың кәсіби еңбегін жоққа шығармаймыз. Дегенмен, егер фильм кең экранға шықпаған болса, көрермен бағасын алмаған болса, онда бүкіл шығармашылық топтың жұмысын бір ғана адамның субъективті пікіріне сүйеніп сынға алу қаншалықты орынды? Бұл сұраққа қатысты Айдар Баталов былай деп жауап берді:
«Кино тарихында сыншылар жағымсыз пікір білдіргенімен, кейіннен көрермендердің жоғары бағасына ие болған көптеген фильмдер бар».

Енді, егер Кинематографистер лигасының төрағасының өмірбаянын мұқият зерттеуге деген қызығушылық расымен туындаса – иә, бұл жерде кинотеатрларда көрсетілмеген фильмге бюджет қаражаты жұмсалғаны рас. Бірақ фильмдерге бөлінген қаражат туралы есеп беруді бұрынғы қызметкерге – яғни, қазіргі таңда ұлттық компанияда жұмыс істемейтін тұлғаға – талап ету қаншалықты негізді? Сонымен қатар неге дәл осындай сұрақтар «Қазақфильм» компаниясының бас директорының өзіне жолданбайды, ол кісінің қолында бүкіл қаржылық есеп-қисап бар емес пе?
Ақпарат құралдары бұл саланың бір топ өкілі бәрін өз беттерінше шешіп, студия басшылығынан жасырып әрекет етеді деген пікір қалыптастыруы мүмкін. Алайда киностудияда фильм түсіру процесі «жеке кәсіп» не «қолма-қол есеп айырысу» қағидатымен жүзеге асады деу – шындықтан алшақ.

Осы мәселемен KazTAG жарияламасында аталған құқық қорғау органдары айналысатын болады. Айдар Баталов бұл жөнінде қаржыға қатысты қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, өз пікірін білдірді.

«Шығындардың толық тізімі мен егжей-тегжейлі сметасы «Қазақфильм» киностудиясында және Мәдениет министрлігінде сақтаулы. Бұл ұйымдар сметаны бекітіп, қаржы бөлуді жүзеге асырды. Қаражат мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы бөлініп, еңбек шарттары мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде төленді», – дейді Айдар Баталов.

Айта кетейік, ол «Ақтастағы Ахико» көркем фильмі не себепті 2021 жылы «Қазақфильмде» өндірістік жұмыстары аяқталғанына қарамастан, кинотеатрларда көрсетілмегенін де жан-жақты түсіндіріп берді.

«Ол кезде киностудия президентінің міндетін атқарушы қызметіне Айдар Омаров тағайындалған болатын. Алайда бұл фильм кең экранға шықпай, бүгінгі күнге дейін киностудияның «сөресінде» қалып отыр. Дегенмен, туынды ресми түрде дистрибуцияға шығарылған және қазірдің өзінде MUBI мен Amazon сынды бірқатар халықаралық онлайн-платформаларда ашық форматта көрерменге қолжетімді. Қазақстандық аудитория үшін тұсаукесер көрсетілім болмағанына қарамастан, фильм Жапонияда көрсетіліп, көрермендер тарапынан жоғары бағаланған. Фильм авторларының атына жапондық дипломаттар мен мәдениет өкілдерінен алғыс хаттар келіп түскен, онда туындының маңыздылығы мен көркемдік деңгейі ерекше атап өтілген. Осыған байланысты «Ақтастағы Ахико» фильмі елімізде әлі күнге дейін не себепті кең экранға шықпай отырғаны — қазіргі киностудия басшылығына қойылатын орынды сұрақ».

Объективті түрде қарасақ, бұл мәселеге 2021 жылдан бері Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарған тұлғалардың — Ақтоты Райымқұлова, Даурен Абаев, Асхат Оралов және Аида Балаева — пікірлері қажет. Қазақстанда бюджет қаржысына кино салалық мемлекеттік органның бақылауынсыз түсірілмейді. Сондықтан қазіргі уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан «Бізге дәрігер керек» және «Ақтастағы Ахико» фильмдерінің прокатқа шықпағаны үшін жауапкершілік тек Айдар Баталовқа ғана жүктелмейді, бұл мәселеге қатысы бар басқа да лауазымды тұлғалар жеткілікті.

Ондай болса, «Оскар» оқиғасына байланысты шығармашылық орта оны әдейі «кінәлі тұлға» ретінде көрсетуге ұмтылып отыр деуге негіз жеткілікті.

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ақ үй АҚШ қарсыластарына қарсы хакерлік шабуылдарға жеке компанияларды тартуды көздеп отыр

АҚШ билігі елдің қарсыластарына қарсы кибершабуылдар жүргізу үшін жеке компанияларды тартуды жоспарлап отыр. Бұл ретте бұған дейін тек арнайы қызметтердің құзыретіне кірген өкілеттіктерді компанияларға беру көзделуде. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі жұма күні хабарлады.

Қазақстан жаһандық су ұйымын құруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ел су ресурстары саласындағы жаһандық мәселелерді жүйелі шешу үшін халықаралық су ұйымын құруды ұсынады.

Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6%-дан асады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6%-дан асады.

Ашхабадта Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылына арналған форум өтеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өтетін форумға қатысады. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Бейбітшілік пен сенімнің халықаралық жылына, Түрікменстанның тұрақты бейтараптық мәртебесінің 30 жылдығына және Бейтараптықтың халықаралық күніне арналады.