«Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы қазақстандықтардың темекісіз өмір салтына бейімделуіне бағытталған мемлекеттік тетіктердің тиімділігі мен нақты қол жеткізілген нәтижелерге талдау жариялады. Зерттеу нәтижелері тиімділіктің төмен екенін көрсетеді. Темекіге қарсы іс-шаралар көбіне тыйым салу мен шектеулермен шектеліп, шылым шегушілер саны айтарлықтай азаймаған. Сондай-ақ, «Стратегия» орталығы ресми статистикада бұрынғы және қазіргі шылым шегушілерді есептеу әдістерінде олқылықтар барын атап өтті. Бұл нақты деректердің бұрмалануына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәсіл, темекіге қарсы кампанияның жиырма жылдағы нәтижелерін анағұрлым оң етіп көрсетуге бағытталған шығар.
ТЫЙЫМ САЛУ МА, РҰҚСАТ ЕТУ МЕ?
«Стратегия» орталығы өз зерттеуінде Қазақстанда 2007 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан темекіге қарсы саясатты талдайды. Осы уақыт ішінде шылым шегуге қарсы күрес аясында әртүрлі шаралар қолға алынған: жекелеген тыйымдар мен таңбалауға қойылатын талаптарды күшейтуден бастап, вейптерді толық қылмыстық жауапкершілікке тарту және никотин өнімдерін қатаң бақылауға алуға дейінгі әрекеттер жүзеге асқан. Алайда, нәтижелер біркелкі емес. Кейбір деректер шылым шегушілердің үлесі біршама азайғанын көрсетсе, ал классикалық темекіге балама өнімдерді пайдалану мен жастардың мінез-құлқына қатысты мәліметтер керісінше, реттеу жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді байқатады.
2007 жылы Қазақстан ДДСҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі Негіздемелік конвенциясын (ТКНК) ратификациялап, темекі өнімдерін бақылауға арналған толық шаралар кешенін енгізуге міндеттеме алды. Бұл мемлекеттік темекіге қарсы саясаттың негізіне тыйым салуға негізделген реттеу моделін қалыптастырды:
- қоғамдық орындарда шылым шегуге шектеу қою;
- темекі түтінінің құрамын бақылау рәсімдерін ISO және ГОСТ халықаралық стандарттарына сәйкес енгізу;
- темекі қаптамаларында міндетті ескерту белгілерін қолдануға арналған СТ РК 1012-99 ұлттық стандартына сүйену;
- темекі өнімдерін жарнамалауға қойылатын талаптарды күшейту;
- кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу;
- өнімді таңбалауға қойылатын талаптар;
- 2024 жылдан бастап вейптер мен сұйықтықтарға толықтай тыйым салу.
Аталған шаралар 2013 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілді. Аталған тыйымдарға қарамастан, тұтынушылардың 52%-ы әлі де вейп қолдануды жалғастыруда. Бұл дерек тыйым салуға негізделген тәсілдің тиімділігін жоққа шығарады. Басқа шектеу шаралары бойынша да шылым шегушілердің тұрақты төмендеуі байқалмайды. Бұл туралы келесі бөлімде кеңірек баяндалады.
ТЕМЕКІ ШЕГУ АЗАЙҒАН ЖОҚ
«2000-жылдардың басында ересектер арасында, әсіресе ерлер арасында темекі шегу кең таралған еді. 2003 жылы 18 жастан асқан халықтың 23%-ы шылым шеккені белгілі болса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 27%-ға дейін өскен. Темекіге қарсы заң қабылданғаннан кейін жағдай біртіндеп өзгерді: 2014 жылы 15 жастан асқан ересектер арасында темекі тұтыну деңгейі 22,4%-ды құрады (ерлер – 42%, әйелдер – 4–5% шамасында). Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендегенімен, соңғы бес жылда ресми деректер бойынша темекі шегушілер үлесі 17–21% деңгейінде сақталып отыр», – делінген «Стратегия» қоры келтірген ТКНК-ның ресми есебінде.
Ресми деректерге сәйкес, 2022–2025 жылдар аралығындағы Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, күнделікті темекі шегетін ересек қазақстандықтардың үлесі 15–18% аралығында тұрақтап отыр. Бұл көрсеткіш тіпті қатаң тыйымдар мен жыл сайынғы акциз өсімі арқылы шылым өнімдерінің қымбаттауына қарамастан, темекі тұтынуын азайтуда тұрақты үрдістің қалыптаспағанын аңғартады.
«Стратегия» қорының зерттеуінде көрсетілгендей, темекі өнімдерін тұтыну көлемі әлі де өте жоғары деңгейде қалып отыр. 2025 жылдың өзінде ғана қазақстандықтар тәулігіне 11,94 миллион дана темекі өнімін тұтынады, оның 96,4%-ын кәдімгі темекіні құрайды. Айта кету керек, темекі тұтынушыларының санын бағалау барысында «Стратегия» қорының әлеуметтанушылары Ұлттық статистика бюросының 2022–2025 жылдар аралығында 12 мың респондент арасында жүргізген сауалнама нәтижелерін талдаған.
«Айта кететін маңызды жайт: 2025 жылы Ұлттық статистика бюросының сауалнамасында өзгерістер орын алған. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен зерттеу жүргізуді жеңілдету мақсатында енгізілген бұл өзгерістер өткен бес жыл ішіндегі көрсеткіштерді толық салыстыруға мүмкіндік бермейді. Мысалы, 2024 жылғы статистикада темекі өнімдерін тұтынуға қатысты кеңейтілген кесте ұсынылған еді. Онда өндірістік жолмен шығарылған темекіден бөлек, өздігінен дайындалған шылымдар, трубкалар, сигарлар, сигариллалар, кальян (бір рет қолдануға арналған), электронды темекілер, «IQOS», «GLO» сияқты темекіні қыздыру жүйелері және басқа да өнім түрлері қамтылған болатын. Ал 2025 жылғы есепте мұндай кеңейтілген кесте жоқ. Тек қысқартылған нұсқалар ұсынылған: өнеркәсіптік темекілер, электронды темекілер (вейптер), темекіні қыздыру жүйелері («IQOS», «GLO») және басқа да өнім түрлері. Сонымен қатар, мәліметтер жеке кестелерде – бірінде абсолютті сандармен, екіншісінде пайыздық үлеспен берілген». Зерттеу авторлары мұны темекі шегушілердің «анамнезін» жинау тәсіліндегі өзгеріс ретінде атап көрсетеді.
Нәтижесінде сауалнама құрылымындағы өзгерістер шылым шегуден бас тартқан бұрынғы темекі тұтынушыларының үлесінің 2,5%-ға күрт қысқаруына алып келді. «Стратегия» қоры бұл динамика аталған топқа қатысты мәліметтердің дұрыстығына күмән туғызатынын атап өтеді.
Осындай әдістемелік ерекшеліктерге қарамастан, күнделікті темекі тұтыну көлемі бастапқыда ДДСҰ болжағандай тез азайып жатқан жоқ.
ТЫЙЫМ – ТОСҚАУЫЛ ЕМЕС
Әлеуметтанушылардың зерттеуінен тағы бір қызықты үрдіс байқалады: тыйым күшейген сайын, адамдардың мінез-құлқында да соған сай өзгерістер артады. 2024 жылдан бастап Қазақстанда вейптерді импорттауға, өндіруге және сатуға толық тыйым салынғанына қарамастан, электронды темекіні тұтыну көлемі өсіп отыр. Тыйымға дейін вейп пайдаланғандардың 52%-ы оны кейін де қолдануды жалғастырған. Яғни, іс жүзінде әрбір екінші қолданушы тыйымды елемейді. Бұдан бөлек, 2022–2024 жылдар аралығында 30 жасқа дейінгі топтар арасында электронды темекіні тәуліктік тұтыну көлемі күрт артқаны байқалған. Осының өзі әкімшілік реттеудің шектеулілігі мен тиімсіздігін көрсетпей ме?
Зерттеушілердің айтуынша, 2025 жылға арналған ересек халық арасындағы темекі тұтыну жөніндегі мәліметтер — яғни бұл саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетуі тиіс деректер — күмән тудырады және оларды талдауда сақтық қажет. Себебі зерттеу әдістемесіне әдейі өзгерістер енгізілген. Соның салдарынан кейбір көрсеткіштер (мысалы, шылым шегу деңгейі) бірден төмендесе, керісінше, бұрын мүлде шекпегендер үлесі 2025 жылы негізсіз түрде 79,9%-ға дейін күрт артқан.
Олардың пікірінше, Қазақстандағы электронды сигареттерді тұтынуға қатысты қазіргі статистикалық деректердің өзі, әсіресе 15–17 және 18–20 жас аралығындағы жас топтарында, тек тыйым салуға негізделген саясаттың тиімділігіне күмән келтіреді. Бұл жағдай кешенді тәсілдерді қарастыру қажеттілігін көрсетеді. Яғни, мәселені тек шектеу мен жазалау арқылы емес, азаматтардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыру мен қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар арқылы шешу керек. Сонымен қатар, зиянды азайту жолдарын таңдауда балама нұсқаларды көрсету де маңызды.
Қазақстанда темекі тұтынуға қатысты мінез-құлықтық әдеттер шектеулер мен тыйымдарға қарамастан өзгеріссіз қалып отыр. Алайда мемлекет темекіге қарсы күресте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған үлгіге сүйенуді жалғастыруда. Бұл модель зиянды азайтуға бағытталған теңгерімді тәсілдер қолданылмаған жағдайда тиімділігін жоғалта түседі. Басқа елдердің тәжірибесі никотинге тәуелділікпен күресте нақты нәтижелер беретін баламалы тәсілдердің бар екенін көрсетеді. «Стратегия» қоры осыған қатысты бірнеше мысал келтіреді.
Мәселен, Жаңа Зеландияда кәдімгі темекіге қарсы қатаң шаралар қабылданғанымен, зияны төмен балама өнімдерге қолжетімділік сақталған. Нәтижесінде, ересектер арасындағы күнделікті шылым шегу деңгейі 2011–2012 жылдары 16,4%-дан 2023–2024 жылдары 6,9%-ға дейін төмендеген. 18–24 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш 24,6%-дан 4,2%-ға, ал маори халқы арасында 37%-дан 15%-ға дейін қысқарған. Жаңа Зеландия мамандары шылым шегуден бас тарту қарқынының артуын вейп сияқты салыстырмалы түрде зияны аз баламаларды тұтынудың өсуімен байланыстырып отыр.
Жапония темекіні қыздыру жүйелерін қолдану арқылы соңғы 20 жыл ішінде темекі сату көлемін рекордтық деңгейде – екі есеге жуық қысқартуға қол жеткізді. «2022 жылға қарай 15 жастан асқан жапондықтардың тек 16,8%-ы ғана темекі өнімдерін тұтынған. Оның ішінде 16,2%-ы — кәдімгі темекі шегушілер (ерлер – 25,6%, әйелдер – 7,3%). Салыстырмалы түрде алғанда, 2000 жылы ересектердің шамамен 30%-ы шылым шеккен. Осылайша, жиырма жыл ішінде көрсеткіш екі есеге жуық төмендеген. Яғни темекі тұтыну айтарлықтай қысқарған: 2010 жылы әрбір жапон тұрғынына жылына 82 қаптама темекіден келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 36 қаптамаға дейін төмендеген (–56%)». Бұл деректер құжатта келтірілген.
Бұдан өзге мысалдар көп. Толық ақпаратпен танысу үшін 43 беттен тұратын зерттеудің өзін оқу ұсынылады. Қорытындылай келе айтарымыз — Қазақстанда темекіге қарсы саясат мүлде өзге бағытпен дамып келе жатқаны бірден байқалады. Қолданыстағы шектеу шаралары, көбіне, іске асыруы жеңіл тәсіл ретінде таңдалып, негізгі құралға айналғандай әсер қалдырады. Ал олардың нақты тиімділігі — яғни темекі тұтынуын азайтудағы нақты нәтижелері — мұндай тыйымшыл тәсілді ұстанатын идеологтарды аса алаңдатып отырмағаны байқалады. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесінде темекі тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселесінен бөлек, шешімін күтіп тұрған басқа да күрделі проблемалар жеткілікті.




