Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістер жобасында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражатынан төленетін «декреттік» төлемдер мен 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақыларды есептеу тәсілін қайта қарауды ұсынып отыр. Мұндай түзету ұсынуға себеп – кейбір азаматтардың әлеуметтік төлемдерді ең жоғары мөлшерде алу үшін күмәнді тәсілдерді қолдануы. Атап айтқанда, олар бірнеше жұмыс берушімен бір мезетте тек қағаз жүзінде еңбек шартын жасасып, заңдағы олқылықтарды пайдаланып жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бір әйелдің атына 40-қа жуық жалған жұмыс орны рәсімделген. Бұл «жұмыс берушілер» әлеуметтік төлемдерді әйел декреттік демалысқа шыққаннан кейін бірден 12 айға толық аударып отырған. Нәтижесінде ол әйелге барлық жалған жұмыс орындарынан төлем тағайындалып, жалпы берілген қаражат көлемі кейде 6 миллион теңгеден асып кеткен. Осы себепті министрлік жүктілік пен босануға байланысты төлемдердің шекті мөлшерін белгілеуді ұсынып отыр – ол орташа айлық табыстың жеті ең төменгі жалақы көлемінен аспауы тиіс. Сондай-ақ, декретке шыққаннан кейін жасалған әлеуметтік аударымдар төлем тағайындау кезінде есепке алынбайды.
Қазақстандағы әрбір жұмыс беруші ай сайын қызметкерінің табысынан 5 пайыз көлемінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударым жасайды. Ресми түрде жұмыс істейтін азаматтардың табысынан айырылуына байланысты бес түрлі әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда – еңбекке жарамсыздық, асыраушысынан айырылу, жұмыссыз қалу, жүктілік және босану, сондай-ақ балаға 1,5 жасқа дейін күтім жасау кезеңінде – олар МӘСҚ қаражатынан төлем алуға құқылы. Еңбек министрлігінің дерегінше, МӘСҚ арқылы жыл сайын төленетін әлеуметтік төлемдердің 80 пайыздан астамы аналық кезеңге қатысты екі негізгі бағытқа жұмсалады: жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлем және балаға 1,5 жасқа дейін күтім жасау жәрдемақылары.
«Әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығыстардың артуына кейбір жауапсыз кәсіпкерлер мен өтініш берушілердің төлемдерді барынша жоғары мөлшерде алу үшін пайдаланған заңға қайшы әрекеттері да әсер етті. Мұндай жағдайларда шын мәнінде жұмыс істемейтін адамдардың атынан бірнеше жалған жұмыс беруші ең жоғары табыс мөлшерінен (7 ЕТЖ) әлеуметтік аударымдарды кейіннен, яғни әлеуметтік тәуекел туындаған соң бір-ақ рет аударып отырған. Соның нәтижесінде олар жүйеге тұрақты қатысып отырған аналар (әсіресе, қосымша жұмыс істеуге заңмен тыйым салынған мекемелерде қызмет ететіндер) алатын әлеуметтік төлемнен бірнеше есе жоғары сомада қаражатқа ие болып келген», – делінген Әлеуметтік кодекске енгізілетін түзетулер жобасында.
Бұл мәселе қазіргі заңнамаға байланысты туындап отыр. Заң жұмыс берушілерге қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдарды уақытылы төлеуді міндеттесе де, мерзімі өтіп кеткен төлемдерді айыппұлымен бірге кейін төлеп өтеуге мүмкіндік береді. Осы олқылық жалған еңбек шарттарын кейіннен рәсімдеуге және бірден 12 айға әлеуметтік аударымдарды толық аударуға жол ашып отыр.
«Мәселен, тек 2023 жылы тағайындалған төлемдер бойынша 15,5 мыңға жуық әйелге (барлық алушылардың шамамен 7%) жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдер әлеуметтік тәуекел орын алғаннан кейін жасалған аударымдар негізінде тағайындалғаны анықталды. Бұл – сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаттарының біріне қайшы келеді. Орташа төлем мөлшері 1,4 млн теңгені құрады», – деп көрсетілген Еңбек министрлігінің құжатында.
Неге Светлана Жақыпованың ведомствосы «декреттік алаяқтықты» мәселе деп санайды? Себебі МӘСҚ тек декреттік төлемдерге ғана емес, табысынан айырылған басқа да азаматтарға төлем жасайды. Олардың қатарында өндірісте жарақат алып еңбекке жарамсыз болып қалғандар және асыраушысынан айырылған отбасылар бар. 2024 жылы МӘСҚ төлемдерінің жалпы алушыларының саны 1,4 миллион адамды құрады, оның ішінде 170 мыңнан астамы – табысынан айырылған осы санаттағы азаматтар.
«2023 жылы әлеуметтік төлемдерге жұмсалған қаражат көлемі 958,3 млрд теңгені құрады. Ал әлеуметтік аударымдар мен өсімпұл түрінде түскен кіріс 637,5 млрд теңге болды. Осылайша, жүйеде рекордтық деңгейдегі 320 млрд теңге көлемінде кассалық тапшылық қалыптасты. Шығынның 82%-дан астамы (790 млрд теңге) ана мен баланы қолдауға – жүктілік пен босануға және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерге бағытталды. Актуарлық есептеулерге сәйкес, жүйенің қаржылық тұрақтылығы 2028 жылға қарай бұзылуы мүмкін», – делінген Әлеуметтік кодекске түзетулер жобасында.
Айта кетерлігі, МӘСҚ – барлық жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін табысынан айырылған жағдайда төлем жасайтын ұлттық сақтандыру қоры іспетті. Алайда іс жүзінде сақтандырылған азаматтардың небәрі 10%-ы ғана бұл қордан төлем алады. Мысалы, зейнет жасына дейін тұрақты жұмыс істеген ер азаматтар МӘСҚ-тан бір теңге де алмайды. Ал жұмыс істейтін кез келген бала көтеруге қабілетті жастағы әйел дүниеге әкелген әр баласына байланысты осы қордан бірнеше рет төлем алуға толық құқылы.
Сондықтан мемлекет әлеуметтік төлем алатын бес санаттың барлығына материалдық қолдау көрсетуде әлеуметтік әділеттіліктің сақталуына айрықша мән береді. Ал МӘСҚ-тың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Еңбек министрлігі ана мен балаға қатысты төлемдер тәртібін заңнамалық тұрғыда қатаңдатуды көздеп отыр.
«Бірқатар заңнамалық түзетулер ұсынылып отыр. Атап айтқанда, әлеуметтік кодекстің 78-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген: жүктілік пен босануға байланысты жиынтық әлеуметтік төлемнің ең жоғарғы мөлшерін орташа айлық табыстың 7 ЕТЖ шегіндегі көлемі мен еңбекке жарамсыздық күндерінің тиісті коэффициентінің көбейтіндісінен аспайтындай етіп белгілеу. Сондай-ақ, 78 және 85-баптарға түзету енгізу жоспарланған – әлеуметтік тәуекел туындағаннан кейін жасалған әлеуметтік аударымдарды есепке алмау арқылы жүктілік пен босануға және бала күтіміне байланысты төлемдердің мөлшерін есептеу тәртібі өзгереді», – делінген Әлеуметтік кодекске енгізілетін өзгерістерге арналған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында.
Басқаша айтқанда, жүктілік пен босануға байланысты төлемдердің ең жоғарғы мөлшері бірыңғай шекпен белгіленеді және болашақ ана бірнеше жерде жұмыс істесе де, бұл сома өзгермейді. Қазіргі таңда бұл мөлшер 1,4 млн теңге деңгейінде.
Еңбек министрлігінің пікірінше, мұндай өзгеріс әйелдердің күмәнді схемаларға қатысу қажеттілігін жояды және жұмыс берушіден жүктілік пен босану демалысын орташа жалақысы сақтала отырып төлеуді талап етуге ынталандырады. Сондай-ақ, бұл талапты алдын ала ұжымдық және жеке еңбек шарттарына енгізу ұсынылады.
Айта кету керек, бұл ұсыныс іс жүзінде орындалуы қиын талапқа ұқсайды. Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушінің декреттік демалыстағы қызметкерлерге материалдық қолдау көрсетуге құқылы, бірақ міндетті емес. Сондықтан Еңбек министрлігі бұл норманы сақтықпен баяндап, әйелдердің осындай талапты еңбек шартына енгізуге мүдделі болуы мүмкін екенін ғана атап өтеді. Алайда мұндай талап қойылған жағдайда жұмыс берушілердің көпшілігі келісуден бас тартуы немесе жұмыскерді жұмыстан шығаруы әбден мүмкін.
Сол себепті көптеген әйелдер екі жаманның ішінен «жеңілін» таңдап, шынайы жұмыс берушісімен шиеленіскенше, бірнеше жалған компанияға қағаз жүзінде жұмысқа тұрғандай болып, мемлекеттен төлем алуды жөн көреді.
«Мысалы, азаматша А жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем (ЖБӘТ) тағайындау жөнінде өтініш берген. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес, әлеуметтік жағдай басталу күні – 01.08.2024. ЖБӘТ есептеу кезінде 7 ең төменгі жалақы шегіндегі табыстан екі төлеуші тарапынан бір күнде – 19.08.2024 – бірден 12 айға (2023 жылғы тамыздан 2024 жылғы шілдеге дейін) жасалған әлеуметтік аударымдар ескерілген. Бұған дейін өтініш беруші міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған. Осы есептеу нәтижесінде тағайындалған ЖБӘТ сомасы 6 284 250 теңгені құрады», – деп Еңбек министрлігі күмәнді схемалардың бірін мысал ретінде келтіреді.
Әділдік үшін айта кету керек, азаматша А заңсыз алған 6,2 млн теңге көлеміндегі «декреттік» төлем қазіргі баға деңгейінде аса ірі сома емес. Алайда болашақ аналардың мұндай тәсілдерге жаппай баруы қоғамдағы әлеуметтік сенім дағдарысын көрсетеді – азаматтар мемлекетпен ашық текетіреске түсуге дайын екендігінің белгісі іспетті. Бұған ұқсас жағдай зейнетақы жинақтарының артығын шешіп алу тәжірибесінде де байқалды. Кейбір азаматтар қаражатты ЕНПФ-тан шығарып алу үшін, 32 млн теңгеге 65 тіс орнатудан жалтармаған.
Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын, әлеуметтік төлемдер арқылы табыс табудың кез келген мүмкіндігін пайдалануға бейімділік күшейеді. Кейбіреулер мұндай әрекеттің қылмыстық жауапкершілікке соқтыру қаупін де елемейді.