Семейде қоқыс контейнеріне тасталып, суықтан көз жұмған нәрестенің әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал анасы рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босатылды.
Жаңа туған сәбиден осындай қатыгездікпен құтылмақ болған ерлі-зайыпты қайғылы оқиға кезінде полиция қызметкерлері болған.
«2005 жылы туған нәрестенің анасы Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабында (Ананың жаңа туған баласын өлтіруі) төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, сотталушы жазадан босатылды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 49-бабының 1-бөлігі негізінде ол полиция кіші сержанты арнаулы атағынан айырылды.
2000 жылы туған екінші сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төтенше деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігінде (жас баланы өлтіру) өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жаза қарастырылған. Сондай-ақ сотталушы полиция аға лейтенанты арнаулы атағынан айырылды», – деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.
Қылмыс 2026 жылдың қысында жасалған. 3 ақпанда қоқыс тастауға барған тұрғын контейнердің ішінен нәрестені байқап қалып, полицияға хабар берген.
Тергеу барысында әйелдің баланы үйінде босанғаны анықталды. Кейін нәрестені әкесіне берген. Ал ол өз сәбиін қоқыс контейнеріне тастаудан басқа амал таппаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, сот барысында ата-анасы нәрестенің өлі туғанын айтып, өз әрекеттерін ақтауға тырысқан. Алайда сараптама қорытындысы сәбидің далаға тірі күйінде тасталғанын және суықтан көз жұмғанын көрсетті. Оқиғаның ақпан айында болғанын еске салайық. Ал Шығыс Қазақстанның қысы қаншалықты қатал болатынын айтып жатудың өзі артық.
Бұл оқиғадан қандай да бір адамгершілік іздеу мүмкін емес. Қай қырынан қарасаңыз да, жан түршігерлік қылмыс. Ең сорақысы, өз баласының өмірін қиюға барғандар – өзгелерді «Заң мен тәртіпті» сақтауға шақырып жүрген полиция қызметкерлері. Жарық дүниеге енді ғана келген сәбиге өмір сүруге титтей де мүмкіндік берілмеді. Оның үстіне, сотталған екі адам да сотта өз кінәларын мойындамаған.
Бұл жаңалыққа әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерді оқудың өзі жүрекке ауыр тиеді. Жұрт жазықсыз қаза тапқан нәрестені жоқтап, оның анасына тағайындалған жазаның жеңілдігіне наразылық білдіріп жатыр. Тіпті ата-ананың мұндай қатыгездігін қоғамдағы «ұят болады» деген түсінікпен байланыстырып, түсіндіруге тырысқандар да бар. Алайда жұрттың сөзі мен қоғамның айыптауынан қорқу ешқашан адам өмірінен қымбат болмауы тиіс. Әсіресе, дүние есігін жаңа ашқан сәбидің өмірінен.




