Евразия24Редакция бағаныДеректер орталықтары және энергетикадағы басқару дағдарысы

Деректер орталықтары және энергетикадағы басқару дағдарысы

|

|

Біз алдыңғы редакциялық бағанымызды «жасырын банкетке»  – Премьер-министр Бектеновтің энергетика саласының басшыларымен өткізген кеңесіне арнаған болатынбыз. Сол жиында сала майталмандары ауыз толтырып айтарлық ауқымды жоспарларын жайып салса, Үкімет басшысы оған жауап ретінде сөзден іске көшуді талап етті.

Олай етпеске амал да жоқ: кеңеске қатысушылардың айтуынша, 2035 жылға қарай қолданыстағы 26,7 ГВт белгіленген қуатқа тағы 26 ГВт қосылуы тиіс. Бұл дегеніміз – іс жүзінде тағы бір ұлттық энергия жүйесін нөлден бастап құрумен тең.

Бұл ойды Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан  стратегиялық пікірімен ұштастырып көрейік. Онда энергетика мәселесіне тұтас бір тарау арналып, ол цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту аспектілерімен тығыз байланыстырылды

«Бізге құрғақ насихат пен дамуды көзбояушылықпен көрсету емес, шынайы жетістіктер қажет. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы – бұл жай ғана сәнге ілесу немесе декларация емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың алдында тұрған нақты міндет. Бұл мәселенің стратегиялық маңызы зор, сондықтан оның орындалуына қойылатын талап та мемлекет үшін маңыздылығына сай болады. Технологиялардың өзі ғана басқару жүйесіндегі берекетсіздікті жоя алмайды, мұны ескерген жөн. Егер жұмыс процестері бастан-аяқ қате құрылса, бір-бірін қайталайтын функциялар мен бюрократиялық кедергілерге толы болса, онда жасанды интеллектті енгізу тығырықтан шығар жол бола алмайды. Сондықтан цифрлық трансформация стратегияларын іске асырмас бұрын, ең алдымен басқару жүйесінің өзінде тәртіп орнату қажет».

Біз бұл үзіндіні бекерге келтіріп отырған жоқпыз. Себебі, біз де нақты істің орнын басқан «басқарудағы берекетсіздік» пен «дамуды көзбояушылықпен көрсету» туралы айтпақпыз.

Мысалы, Премьер-министрде өткен әлгі жиын, дәлірек айтсақ, оған қатысушылардың құрамы. Сырттай қарағанда, өкілеттігі жоғары әрі энергетикалық өндірістің барлық саласын қамтыған сияқты көрінеді. Жиынға салалық орган ретінде Энергетика министрлігінің басшысы қатысты, оның қасында Энергетикаға тікелей қатысы бар (төменде нақтылаймыз) Ұлттық экономика министрі әрі Вице-премьер отырды. Бұдан бөлек, «Самрұқ-Қазына» Әл-ауқат қорының басшысы мен оның «еншілес» компанияларының жетекшілері — «KEGOC» ұлттық электр желілерін басқару компаниясы мен «Самрұқ-Энерго» ұлттық компаниясының басшылары болды. Ешкім ескерусіз қалмаған, бәрі осында.

Бірақ, айтыңыздаршы, солардың қайсысы электр энергетикасына және оның алдында тұрған міндеттерге жауап береді? Мысалы, Премьер-министрге нық сеніммен уәде етілген, 2035 жылға қарай іске қосылуы тиіс әлгі 26 ГВт қуатқа кім жауапты?

Жалпы, алдағы он жылдың ішінде пайда болуы тиіс осынау қиял-ғажайып жиырма алты мың мегаватт қайдан шықты? Бұл «ғылыми емес фантастиканың» ауқымы түсінікті болуы үшін былай айтайық: бұл — Қазақстандағы ең ірі Екібастуз 1-ГРЭС-і сияқты алты жарым станция деген сөз. Ал әлгі ГРЭС-ті кезінде бүкіл Одақ болып дәл осы он жыл бойы салған еді. Немесе бұл — құрылысы енді ғана басталуы тиіс Балқаш АЭС-і сияқты он жарым атом станциясымен тең. Оның өзін 2035 жылға дейін салып үлгерсек, жақсы болар еді.

Немесе бұл Қазақстандағы ең қуатты станциялардың бірі саналатын Қапшағай ГЭС-і сияқты 80 гидроэлектрстанциясымен тең.

Ал «баламалы» энергетика әуесқойлары үшін мынадай салыстыру: 26 ГВт — бұл ЭКСПО-2017 көрмесінен бері елімізде іске қосылған барлық күн және жел электр станцияларының қуатынан тағы жеті жарым есе көп деген сөз.

Энергетикаға жауапты тұлғалардың бойындағы қарапайым «санды сезіну» қабілетінің жоқтығын келемеждеп күлуге де болар еді, бірақ бұл сала шынымен де жеделдетілген дамуды қажет етеді! Олай болса, Президенттің кезекті дәйексөздеріне назар аударайық:

«Қазақстандағы электр энергиясының өндірісі 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде екенін және бұл біздің барлық жоспарларымызды табысты жүзеге асыру үшін айтарлықтай жеткіліксіз екенін ашық айту керек. Ең алдымен, болашақтың жоғары технологиялық және энергияны көп қажет ететін экономикасы үшін берік инфрақұрылымдық негіз қалауға баса назар аудару қажет. Барлық IT-инфрақұрылымның сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті қуатты дата-орталықтарды салу үшін арнайы аймақтарды алдын ала анықтау керек. Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, Екібастуз бассейнінің энергетикалық қуаты негізінде «ЦОД-алқабын» салуды жоспарлап отыр. Біз атом электр станцияларының құрылысы аяқталғанын күтпестен, жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосумен айналысуымыз керек. Сондай-ақ дата-орталықтардың энергия шығыны жағынан металлургиялық комбинаттармен тең екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан энергетикалық дербестік мәселелері мемлекеттік саясаттың ең маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс».

Яғни, алдағы 10-15-25 жылға арналған Қазақстандағы жаңа энергетикалық және желілік қуаттарды іске қосудың қауырт, бірақ шынайы жоспары қажет. Ұлттық энергия жүйесін дамытудың бас жоспары керек. Бірақ, егер ондай жоспар атымен жоқ болса, жиынға қатысқан жоғары лауазымды тұлғалардан не сұрайсыз? Үкімет басшысының алдында қалай қиялдасаң да өз еркің!

«KEGOC»-тың өз жоспары бар, «Самрұқ-Энергоның» өз жоспары бар. Ал «Самрұқ-Қазынада» тіпті ол да жоқ. Энергетика министрлігінде әйтеуір бір «болжамды теңгерімдер» бар болып көрінеді… Бірақ энергия жүйесін дамытуды жоспарлауға және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жалғыз құжат — бас жоспар жоқ!

Қарап тұрсаңыз, біздің электр энергетикасы саласында мұқият ойластырылған әрі «жақсы ұйымдастырылған» берекетсіздік салтанат құрып тұр.

Энергетика министрлігі (шын мәнінде мұнай министрлігі) электр энергетикасына басшылық етуге тиіс сияқты, бірақ… оның басқаратын ештеңесі жоқ. Энергия жүйесінің «жүрегі» саналатын жүйелік оператор неге екені белгісіз «KEGOC» желілік компаниясының ішінде жүр. Ал «KEGOC» акционерлік қоғамының өзі де, «Самрұқ-Энерго» да «Самұқ-Қазына» холдингіне қарайды. Бұл холдинг бәріне басшылық етеді, бірақ ештеңеге жауап бермейді. Энергетикаға мүлдем қатысы жоқ (тіпті ұлттық экономикаға да жарытып жауап бермейтін) Ұлттық экономика министрлігі неге екені түсініксіз энергетиктер үшін тарифтерді бекітіп отыр.

Міне, Премьер-министр шын мәнінде немен айналысуы керек: «екінші үкімет» — «Самрұқ-Қазына» АҚ-ның мәселесін шешуі тиіс. Оның үстіне, халықтың әл-ауқатын еш жақсартпаған осы «ұлттық әл-ауқат қорының» жалғыз акционері — үкіметтің өзі. Президент Тоқаевтың бұл холдингке не реформалануды, не «келмеске кетуді» талап еткені есімізде. Демек, сол ниетті іске асыратын нақты уақыт келді.

Сонымен қатар, барлық өкілеттіктерге ие болатын және саламен шынымен де байыпты айналысатын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігін құру қажет.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Сөз бостандығы және жауапкершілік: Конституция төңірегіндегі дау

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте жалған ақпарат пен дезинформацияға қарсы күрес мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Жиынның басты тақырыбы жаңа Конституцияның жарияланған жобасына қатысты болды. «Мемлекеттік органдар мен жергілікті билік өкілдеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандыру міндеті жүктелді. Ішкі істер министрлігіне жалған мәлімет таратқаны үшін қатаң құқықтық шаралар қолдану және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Ал бұл жұмыстарды үйлестіру Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сеніп тапсырылды», — делінген хабарламада.

Қазақстан Президенті Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы сейсенбі күні қазақстандық көшбасшының баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістанның сауда министрі АҚШ-пен сауда келісімі бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді

Үндістан мен АҚШ арасындағы сауда келісімі бойынша келіссөздер соңғы кезеңге жеткенімен, әзірге толық аяқталған жоқ. Бұл туралы сейсенбі күні Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял мәлімдеді.

АҚШ Президентінің арнайы өкілі Израиль премьер-министрімен кездесу үшін елге келді

АҚШ Президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Израильге келді. Бұл туралы израильдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.