Евразия24Редакция бағаныҚазақстан мен Ресей: Стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Ресей: Стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жаңа кезеңі

|

|

Қазақстан Президенті Касым‑Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары өтті. Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Сонымен қатар, бірнеше құжаттарға қол қойылып, соның ішінде «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы екіжақты қатынастарды жан‑жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларация» қабылданған.

Аталған Декларацияның атауының өзінде екіжақты қатынастардың жаңа деңгейге өткені айқын көрсетілген: бұған дейін бір деңгей болса, қол қойылған сәттен бастап – мүлде басқа сатыға көшу туралы сөз болып отыр. Бұл құжатта бұрынғы деңгейден жаңа деңгейге өтуге ерекше мән берілгені бекер емес – бұл мағына Қазақстан Президентінің Ресейге сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында жарияланған «Мәңгілік достық – халықтарымызға бағыт сілтейтін жарық жұлдыз» атты авторлық мақаласында да  айрықша көрініс тапқан. Атап айтқанда, сол мақалада айтылған негізгі ойдың бірі де – осы өтпелі сәт: «Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым‑қатынастары жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне өтуде» деген тұжырым – жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.

Бұл тұста Ескі Қазақстан мен Жаңа әрі Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы еріксіз ойға оралады.Қызығы сол — егер  сілтемеде жарияланған Меморандум мәтінін сөзбе-сөз түсінер болсақ, ондағы барлық тармақтар екі ел арасындағы бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынастарды сақтап, қолданыстағы жобаларды одан әрі дамытуға бағытталғанын көреміз. Мәселен, бірінші тармақта: «Тараптар барлық деңгейдегі саяси байланыстардың жоғары қарқынын қолдайтын болады…» делінсе, екінші тармақта: «Тараптар неғұрлым өкілді әрі әділетті көпполярлы әлемдік тәртіп орнату мақсаттарына адалдығын сақтайды…» деп көрсетілген. Үшінші тармақта: «Тараптар жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде тығыз ынтымақтастық орнатады…» деп нақты айтылады. Осы мазмұнды тұжырымдар Меморандумның соңына дейін бірізді жалғасады.

Меморандумның соңғы тармағында былай делінген: «Ресей Федерациясының Президенті мен Қазақстан Республикасының Президенті жоғарыда аталған, келешекке бағытталған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асырылуы екі бауырлас халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың мызғымас негізіне айналып, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет етеді деген берік сеніммен бөліседі».

Яғни, бұл жерде де – бұған дейін «мәңгілік» деп сипатталған достықты одан әрі нығайту туралы сөз болып отыр. Жалпы алғанда, Қазақстан да, Ресей де одақтық қатынастар жүйесіне әлдеқашан енген – тіпті екеуіне: Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ құрамында. Осы тұрғыдан алғанда еріксіз ой туындайды: ендеше «одақтастық деңгейіне шығу» дегеніміз – қазіргі бар одақтардан жоғары ма, әлде басқа бір бағыттағы қадам ба?

Алайда, бұл жерде тек тіркестер мен ресми сөз орамдары туралы әңгіме емес. Мұндай жоғары деңгейдегі сапарлар жайдан‑жай жасалмайды. Ал салтанатты түрде қол қойылған Меморандум – тек мәтін емес, астарына үңіле отырып оқуды қажет ететін саяси құжат. Өйткені онда, Украинадағы арнайы әскери операцияның (СВО) түйіні таяп қалған шақта, одақтастық аясында шешілуі тиіс мәселелерге қатысты нақты бағыт-бағдарлар жеткілікті деңгейде көрсетілген. Сол себепті біз (Eurasia24) осы Меморандумдағы кейбір маңызды тармақтарға назар аударып көрмекпіз. Әсіресе, сол тармақтарда Қазақстан тарапынан шешімін күтіп тұрған қандай нақты мәселелер бар екенін бөле-жара атап өтуді жөн санаймыз.

Сонымен, Меморандумның 12-тармағында: «Тараптар еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді үйлестіру мәселелері бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын, оның ішінде одақ мүшелері арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды қоса алғанда…» делінген. Енді сол сауда қатынастарына келейік: мемлекеттеріміздің басшылары әр кездесуінде өзара тауар айналымының жылдан жылға артып келе жатқанын ерекше атап өтеді. Биыл бұл көрсеткіш тағы бір рекордтық деңгейге – 30 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. Өйткені, қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі қазірдің өзінде 19,2 миллиард долларды құрап отыр.

Алайда, осындай рекордтық көрсеткішке жетіп отырған тауар айналымының құрылымы назар аударарлық. Қазақстаннан Ресейге экспорт – 6,5 миллиард доллар болса, Ресейден Қазақстанға экспорт – 12,7 миллиард долларды құрайды. Яғни, жыл соңындағы болжанған 30 миллиард долларлық жалпы көлемнің шамамен 10 миллиарды – біздің экспорт, ал 20 миллиарды – импорт болмақ. Осылайша, Қазақстан үшін сауда балансы 10 миллиард доллар көлемінде теріс сальдоға айналады. Ең бастысы – осындай арақатынас, яғни үштен екісі – ресейлік экспорт, үштен бірі – қазақстандық экспорт, жылдан жылға өзгермей сақталып келеді. Бұл – сауда қатынастарының құрылымында жүйелі теңгерімсіздік бар екенін көрсетеді.

Тағы бір маңызды жайт: биылғы сегіз айдағы Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымы – 90,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың үлесі небәрі 21 пайызға тең. Демек, Қазақстанның үшінші елдермен арадағы сауда қатынастары көлемі жағынан бұрынғы бауырлас республикалармен салыстырғанда шамамен бес есе артық әрі маңызға ие. Одан да маңыздысы – Ресеймен қалыптасқан сауда құрылымы Қазақстан үшін ең қолайсыздардың бірі. Мұндай теріс сауда теңгерімі басқа ешбір елмен тіркелмеген.

Қорытынды жасауға асықпай, Меморандумның 17-тармағына назар аударайық: «Тараптар өзара қаржылық ынтымақтастықты одан әрі нығайта береді, соның ішінде ұлттық валюталарды есеп айырысуда кеңінен қолдану мен төлем инфрақұрылымдарын дамыту бағытында» делінген. Бұл – есеп айырысуды долларға тәуелді етпеу, қаржылық дербестікті нығайту және ұлттық валюталар негізіндегі тетіктерді дамытуға қатысты ұзақмерзімді ұстанымдарды меңзейтін тармақ.

Еуразиялық экономикалық комиссияның 2024 жылға арналған деректеріне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы сауда операцияларындағы валюталар үлесі мынадай: Экспорт бойынша — 78 пайыз — АҚШ доллары, 16 пайыз — Ресей рублі, 4 пайыз — еуро, 1 пайыз — юань. Импорт құрылымы — 49 пайыз — доллар, 19 пайыз — еуро, 28 пайыз — рубль, 2 пайыз — юань.

Ал Қазақстан өз ұлттық валютасы — теңге негізінде жүзеге асырған сыртқы экономикалық операциялардың үлесі — 0 пайыз. Иә, дәл солай: нөл пайыз.

Тағы бір қызықты дерек – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ішкі экспорт-импорт төлемдерінің валюта құрылымы: 88 пайыз — Ресей рублі, 6 пайыз — АҚШ доллары, 2,4 пайыз — теңге, 1,5 пайыз — юань, 0,5 пайыз — Беларусь рублі, ал армян драмы мен қырғыз сомының үлесі – әрқайсысы небәрі 0,1 пайыздан.

Көріп отырғанымыздай, Еуразиялық экономикалық кеңістікте басты валюта ретінде доллар емес, айқын басымдықпен рубль қолданылып отыр. Ал теңге болса, бар-жоғы 2,4 пайызбен үшінші орынға жайғасқан. Иә, бұл — «құрметті» үшінші орын. Алайда мұндағы үлес мөлшері статистикалық қателікпен пара-пар деуге болады. Әрине, бұл жалпы ЕАЭО аясындағы сауда айналымы бойынша есептелген көрсеткіш болғандықтан, Қазақстанның нақты үлесін есептегенде өсері анық. Дегенмен, мұның өзі көңілге медеу бола алмайды.

ЕАЭО статистикасы теңгенің халықаралық мәртебесін сақтауына қай елдер ықпал етіп отырғанын да нақты көрсетеді. Беларусь үшін теңгемен есеп айырысу үлесі – экспортта 0,1%, импортта 0,4%. Қырғызстанмен бұл көрсеткіш – экспорт пен импортта 1,2%-дан. Демек, Қазақстан осы екі елмен саудада теңгені салыстырмалы түрде белсендірек қолданады. Айталық, бұл екі посткеңестік мемлекет монетарлық «тәуелсіздік» деңгейі жағынан Қазақстанмен шамалас тұр.

Жалпы алғанда, Қазақстан үшін Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу тиімді деп айту қиын. Сауда балансы тұрақты түрде біздің еліміз үшін теріс сипатта қалыптасып отыр, ал ұлттық валютамыз — теңге — іс жүзінде ішкі айналыммен ғана шектелуде.

Алайда, Еуразиялық экономикалық одақтан шығу туралы қорытынды жасау — не экономика мен саясаттан мүлде хабары жоқ адамның, не әдейі арандатуға бейіл пиғылдың ісі болар еді. Өйткені, ЕАЭО тек посткеңестік кеңістікте, әсіресе Майдан оқиғаларының алдында сақталып қалған сауда-экономикалық форматты ресми түрде бекіткен құрылым ғана. Басқаша айтқанда, бұл — жаңа еуразиялық кезеңнің басталуымен тұспа-тұс келген, бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыстардың институционалдық рәсімделуі.

Еуроодақ елдерімен, Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және АҚШ‑пен арадағы қатынастар да — тек сауда емес, инвестициялық тұрғыдан алғанда да — Қазақстан үшін аса қолайлы деп айта алмаймыз. Иә, «экспортқа бағытталған» экономикалық модель белгілі бір кіріс әкеліп отыр. Табиғи ресурстарымыз жеткілікті, пайда компрадорлар мен олигархтарға жетіп жатыр. Бірақ бұл байлық — Қазақстан халқының меншігі. Алайда халықтың еншісі — әзірге тек ресми құжаттарда ғана көрсетілген, қағаз жүзіндегі меншік болып тұр.

Шын мәнінде, Жаңа әрі Әділетті Қазақстанды құру жолына нақты қадам басатын кез келді. Бізге ондай мүмкіндік беріп отырған – дәл сол жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық форматы.

Меморандумнан осыны аңғарғымыз-ақ келеді. Сондықтан интеграцияны тереңдетуде бастаманы өзіміз көтеріп, оны саудадан инвестициялық деңгейге шығару маңызды. Мақсат – айқын болуы тиіс: Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік және валюталық паритетке қол жеткізу.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты келісімнің іске асырылуын талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Венесуэла қауіпсіздік саласындағы тәжірибесімен көршілес елдермен бөлісуге дайын

Венесуэла президенті Николас Мадуро аймақтағы қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізу мақсатында көршілес мемлекеттерге азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен операциялар өткізуге ұсыныс жасады.

АҚШ пен Украина арасындағы екі күндік келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермеді

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатовпен Майамиде өткен екі күндік келіссөздері айтарлықтай нәтиже әкелген жоқ, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

Сеулде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа стратегиясындағы Оңтүстік Кореяның рөліне алаңдаушылық білдірілді

АҚШ-тың жаңартылған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігі мен аймақтық рөлінің жеткілікті түрде ескерілмеуі Сеулде алаңдаушылық туғызуда, деп хабарлайды сенбі күні Ренхап агенттігі.