Евразия24Таңдаулы жаңалықтар25 жыл тұрақтылық уәдесі: Қазақстан инвестициялық климатты қалай өзгертпек?

25 жыл тұрақтылық уәдесі: Қазақстан инвестициялық климатты қалай өзгертпек?

|

|

Қазақстан 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні 450 млрд долларға дейін ұлғайтуды және 150 млрд доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Құжат бірыңғай бизнес-экожүйе қалыптастыруға негізделген. Инвестициялық штаб құрылып, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. «Инвестицияға сұраныс» қағидаты енгізілді – өңірлік және салалық артықшылықтарға сәйкес нақты жобалар ұсынылады. 60 млн доллардан жоғары жобалар үшін 25 жылға заңнамалық тұрақтылықты кепілдендіретін инвестициялық келісімдер жасалуда. 2024 жылы осындай 6 келісім бекітілсе, 2025 жылы тағы 21 жоба қамтылады. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, сондай-ақ ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін және «жасыл», исламдық қаржыны қолдайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығы қарқынды дамуда.

 

Евразия24 пікірі:

Қазақстанда заңнаманың тұрақтылығына кепіл беру – бұл жаңа бастама. Өйткені елде қабылданған кез келген заңнама жыл сайын кемінде бір рет өзгеріске ұшырайды. Мысалы, кәсіпкерлік қызметке, инвестициялық ахуалға қатысты негізгі құжат – 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодекс. Содан бері бұл құжатқа 19 рет өзгеріс енгізілген. Жақында жүзеге асырылған салық реформасы да Президенттің тікелей тапсырмасымен кері қайтарылды. Бұл – заңнаманың нақты стратегиялық негізбен емес, тәжірибе мен қателік әдісімен қалыптасатынын айқын көрсетеді. Әдетте кез келген жаңа кодекс қабылданған соң бір жыл өтпей жатып-ақ шынайы жағдайға бейімдеу мақсатында қайта қаралады. Жақында Қазақстан инвесторлар қауымдастығының жариялаған есебінде инвестициялық климаттағы үрдістер егжей-тегжейлі талданған. Онда негізгі проблема ретінде заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығы аталған. Зерттеуге қатысқан шетелдік компаниялардың 52 пайызы заңдық базаның тұрақсыздығына назар аударса, 38 пайызы реттеуші процестердің сапасын төмен бағалаған. Мұндай жағдай бизнес жүргізуге тікелей әсер етеді – компаниялардың жартысы бюрократия салдарынан іскерлік операциялардың кешіктірілетінін, ал үштен бір бөлігі басқарушы құрамның бизнес дамытуға емес, мемлекеттік органдармен араласуға тым көп уақыт пен ресурс жұмсайтынын айтқан. Осы шындықтың аясында Үкіметтің инвесторларға 25 жыл бойы заңнамалық тұрақтылыққа кепіл береміз деуі – шындыққа жанаса бермейтін уәде. Бұл үшін қандай құқықтық механизмдер қолданылмақ? Бұған дейін жыл сайын өзгеріске ұшырап келген заңдар енді қалай тұрақтанып қалмақ? Жаңа әкімшілік келіп, саяси бағыт өзгерген жағдайда бұл келісімдер өз күшінде қалатынына нақты қандай кепіл бар?

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

ICE агенттері Италиядағы Олимпиада қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатыспайды

АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полициясының (ICE) қызметкерлері Италияда өтетін алдағы қысқы Олимпиада ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыспайды.

Ақ үй Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірледі

АҚШ әкімшілігі Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындауды аяқтаған, бірақ оларды күшіне енгізу жөнінде әзірге нақты нұсқаулар берілмеген.

Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Пәкістан Қазақстан үшін Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес, екі елдің көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге толық мүмкіндігі бар.

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік 50,8 пунктке дейін жақсарды

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік оң аймаққа қайта шығып, 50,8 пунктті құрады. Бұл туралы елдің Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.