Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлайды: «Қазақстанда азаматтық қоғамды нығайтуға 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым үлес қосып отыр. Бүгінде елімізде азаматтық қоғамды дамыту және нығайту үдерісі барған сайын жүйелі әрі қарқынды сипат алуда. Қазақстанның XII Азаматтық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысының құттықтау хатында осы бағыттағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді: “Мемлекет азаматтық қоғамды дамытуға әрдайым ерекше мән береді. Соңғы бес жылда әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы көлемі шамамен екі есеге артты. Бұл қаражат ізгі бастамаларды іске асыруға, әлеуметтік жағынан осал топтар мен жастарды қолдауға бағытталуда. Ортақ мүдделерге негізделген мұндай тиімді әріптестік алдағы уақытта да өз дамуын жалғастыра береді”, – деп атап өтті Президент (…) 2025 жылы азаматтық сектормен бірлесіп өткізілген ауқымды пікір алмасу алаңдары маңызды оқиғалар қатарына енді. Орталық іс-шаралардың бірі ретінде 1000-нан астам үкіметтік емес ұйым өкілін біріктірген Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті. Форумға дейін 20 өңірлік форум және үкіметтік емес ұйымдардың министрліктермен бірлескен 14 салалық кездесуі ұйымдастырылды. Форум қорытындысы бойынша Іс-қимыл жоспарына енгізілген 400 ұсыным әзірленді (…) Сонымен қатар, шамамен 1000 үкіметтік емес ұйым әлеуметтік бастамаларды жобалық басқару қағидаттары негізінде жүзеге асырып келеді. Жалпы, 2025 жылы еліміз бойынша 2292 жоба іске асырылуда, оның ішінде 2185 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, 102 жоба үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру арқылы және 5 жоба стратегиялық әріптестік шеңберінде орындалуда. Үшінші секторды қолдауда облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде жұмыс істейтін 40-тан астам ресурстық орталық маңызды рөл атқарып отыр.
Евразия24 пікірі:
Министрліктің статистикасына сүйенсек, Қазақстанда институционалдық тұрғыдан қалыптасқан, ауқымы кең, алайда экономикалық және саяси жағынан тәуелді үкіметтік емес ұйымдар секторы бар екені анық көрінеді. Жобалар нақты, қызметкерлері де бар, белгілі бір практикалық пайдасы да жоқ емес. Дегенмен, бұл толыққанды азаматтық қоғам деуге келмейді, себебі Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған деректерге қарағанда, жобалық белсенділіктің 95 пайыздан астамы мемлекетке тікелей байланысты. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың экономикалық тұрғыдан мемлекеттік органдарға тәуелді екенін білдіреді, ал мұндай жағдайда күн тәртібі қоғамнан емес, жоғарыдан қалыптасады. Осы тұста «үкіметтік емес ұйым» атауына «квази» деген анықтама қосуды да ойға алуға болады. Біздің ойымызша, үкіметтік емес сектордың шынайы рөлі мемлекеттік тапсырысты орындаушы ретінде емес, мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер ретінде айқындалуы тиіс. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Үкіметтік емес ұйымдардың экономикалық, соның салдарынан саяси тәуелділік жағдайына түсуі азаматтық белсенділіктің әлсіздігінен туындады. Қаржы тарту тетіктері күрделі, ал тәуелсіз демеушілер институты мен жеке қайырымдылық мәдениеті Қазақстанда жеткілікті деңгейде дамымаған. Уақыт өте келе бұл сала өз даму жолын табуы мүмкін, жағдай өзгеріп, өзге көрініс қалыптасуы ықтимал. Алайда бұл — уақыт еншісіндегі мәселе.




