Шетелдіктер Қазақстанның әдемі туында не бейнеленгенін сұрағанда, отандастарымыз оларға әр түрлі жауап береді: біреулері «Күн мен Бүркіт» десе, көзі өткірлеу екіншілері «Күн, Бүркіт және қазақ Оюы» дейді. Шынтуайтында, Күн де, Бүркіт те, Ою да көк туымызда ҚАЗАҚТЫҢ МӘҢГІ КӨК АСПАНЫ бейнеленгенін анық байқатып тұрғаны қазақстандықтардың басым көпшілігінің қаперіне де кірмей ме деп қорқам! Ендеше көшпенділердің КӨКТІ ерекше құрметтеуінің себебін анықтап көрейікші.
КАРТИНКА ҚАЗАҚСТАН ТУЫ
Алдымен басын ашып айтарымыз, халықтардың дүниетанымы, ой-өрісі мен мәдениеті сияқты биік, таза қоғами ұғымдардың мазмұны «негізгі өндіріс тәсілі» деген өте-мөте қарабайыр экономикалық ұғым арқылы ашылады. Малшылар мен егіншілердің осы «өндіру әдіс-тәсілі» әр түрлі болғандықтан, олардың әлеуметтік және рухани өмірлік ұстанымдары да Жер мен Көктей ерекшеленеді.
Егіншілер техникалық шикізат пен азық-түлікке арналған өсімдіктер өсіру үшін, топырағы құнарлы, күн шуағы мен тұщы суы мол жерлерде ғана тапжылмай өмір сүретіні белгілі, сол үшін де оларды «бір жерде тұрақтаған» немесе «отырықшы» халықтар дейді. Олардың тіршілік аймағы климаттық тұрғыдан мейлінше жайлы болып келеді. Өздерінің қоныс-мекенінен тысқары жерлердің барлығын олар «жабайы табиғат» деп атап, оған сақтықпен қарап, бөтен, иен дүниедей, қалай болса, солай, оңды-солды аяусыз пайдаланады.
Жабайы табиғатты өз қажеттіктеріне бейімдеуімен отырықшы халықтар оның нәзік бітімін өрескел бұзады. Олар ормандарды отап, егіс алқаптарына айналдырады, ағаштарды шауып, құрылыс материалдарын, қағаз бен жиһаз жасайды, өзендерді бөгеп, электр станцияларын салады, үлкен аумақтарды суға батырып, су қоймаларын толтырады, алқаптарды суландырып, өзен-көлдерді құртады, улы, химиялық және радиоактивті қалдықтармен ауаға, топырақ пен суға залал келтіреді.
Қысқасы, жер бетіндегі бүкіл экологиялық апаттарды тек отырықшы халықтар жасаған, жасап жатыр және жасай береді.
Бұрынғы заманда малшылар техникалық шикізат материалдары мен азық-түлік өнімдерін алу үшін, жануарларды тек табиғи жайылымдарға еркін жайып баққан, содан да, отырықшыларға жылы шырай танытпаған жабайы табиғат малшылардың жанына жайлы төл мекені болған. Мыңдаған жылдар бойы өмірі ұдайы қозғалыс үстінде өткен олар, бүкіл үй-мүлкімен, отар-отар қойымен, табын-табын жылқысымен көктемде қары аз далалық өңірлердегі қыстаулардан таудағы шөбі шүйгін жайлауларға, ал, күзде кері қарай көшкен, сол үшін де бұл халықтар «көшпелі» я «көшпенді» атанған.
Көшпенділер аптап жазы +50, аязды қысы -50 Цельсий градусқа жететін ауа райы күрт құбылмалы шөл-далалардан орман-тауларға дейінгі – алуан түрлі табиғи аймақтарда тіршілік етіп, өндірістік қызметпен айналысқан. Сол үшін олар жолында кездесетін түрлі-түрлі жер бедерін қапысыз танып, адам өміріне қауіп төндірмей тұрмайтын жергілікті күн райын нақты болжай алуы керек болған.
Ғасырлар бойы жабайы табиғаттың мінезін баққан көшпенділер, оның қадіріне жетіп, табиғатты аялау қағидаларын қалыптастырды, ол қағидалар ұрпақтан ұрпаққа берілді, өйткені, көшпелі халықтың игі өмір сүруі тікелей осыған байланысты еді. Яғни, табиғатты аялау – игілікті өмірдің бірден-бір шарты.
Көшпенді малшылар ешқашан жабайы табиғатты өздеріне бейімдемеген, оның әу бастағы бітіміне қол сұқпаған, қайта өздері оған бейімделіп, табиғи қорды ысырап қылмай, қамқорлық танытқан.
Бүгінде қаптаған «жасылдар» партиялары «қоршаған ортаны қорғау» деген даңғаза ұрандарды жамылып, билікке ұмтылуда. Солар өздерінің кеш туған идеяларының негізінде ежелгі көшпенді түркілердің ғасырлар бойғы дәстүрлері жатқанын біле де қоймас, өйткені, біздің ата-бабаларымыз әу бастан табиғатты сақтауды насихаттаған!
Бір реті келгенде, билік жолында сайлауға түсетін «жасылдарға» былай деп айту керек екен: «Жарнамаға бөлінген қаржыны тиімді жұмсау үшін, әр жолы сайлау алдында бір-ақ рет ілінетін бәлен шақырымдық плакат-билбордтарға қыруар ақша шаша бергенді қойыңдар, әрі-беріден соң, ол билбордтарды жасап, одан соң, қайтадан жоюдың өзі Жер экологиясына орасан зиян келтіреді. Одан да тарихтың әділ бағасын беріп, әлемдегі астаналардың бәрінде аппақ мәрмәрдан ат үстіндегі көшпенді қазақтың мүсінін орнатып, оның тас тұғырына «Заманауи экологиялық қозғалыстың негізін қалаушыларға адамзаттан алғыс!» деп жазып қойыңдар.
Ескерткіштер шырқыраған шыншылдығымен де, қолданылған материалдардың экологиялық тазалығымен де сайлаушыларды таң қалдыратын болады, сөйтіп, «жасылдардың» адалдығына сендіреді. Нәтижесінде, барлық сайлаушылар сіздерге дауыс береді!».
Өзін қоршаған табиғатты жіті бақылай жүріп, көшпенді қурай болсын, ағаш болсын, балық я құс, құрт-құмырсқа я жануар болсын, әйтеуір, Жердегі барша жандық сияқты, адам өмірінің де әлдебір ақылға сыймайтын, құрылымы жүйелі, ештеңеге бағынбайтын, дербес Субстанция – МӘҢГІ КӨК АСПАНның сыйы екенін және тек соған толықтай тәуелді екенін айқын түсінген. Сондықтан, Көшпенділер өздерін КӨК АСПАНның балалары санайды, оның көңіл-қошын мұқият бағады, одан көмек сұрайды, мейірімді әрі қатал Әкесіндей көріп, «Тәңір» деп атайды, сыйлаған өмірі үшін ізетпен алғыс айтады.
АСПАН жұлдызды түні мен арайлы таңынан бастап, күндізгі көгілдір түсі мен кешкі қызыл жалқынына дейін алуан түрлі бояуымен таңқалдырады. Көз қуантар әсемдігімен, тіршілікке қуат беретін жылуымен, жарық нұрымен бірге, көшпенділердің өміріне төнетін күллі зауал, қауіп-қатер, яғни – суық нөсер жауын, қар мен бұршақ, тұман мен бұрқасын, дауыл мен құйын да – АСПАНнан келеді, сол Аспан кәрленгенде, шатыр-шұтыр күркіреп, жер бетіне қорқынышты жай отын жібереді!
Темір-Қазық жұлдызшасын айналған шоқжұлдыздар түнгі салқынмен көшкен далалықтарға бағдар болған, Күн тәулік айналымын нақпа-нақ көрсеткен, ал, пішінін өзгертіп отыратын Айдың арқасында 30 күндік он екі кезеңнің есебі шыққан, ол он екі кезеңнің басталуы мен аяқталуы түркілер «Наурыз» деп атайтын көктемгі күн мен түннің теңелу Күндеріне орай анықталған.
Көк АСПАН кемеліне келтірген табиғат үйлесіміне тамсана жүріп, көшпенділер өз қауымында да адами қатынастарды теңгерімге келтіруге тырысқан. Олар дүниедегі күллі жақсы мен жаманның өзара байланысты екенін, бірінсіз-бірі болмайтынын, өмірдегі барлық оқиғалар оң-теріс, жағымды-жағымсыз болып жіктелмейтінін және жағдайға қарай, кез-келген іс-әрекет біреуге аса қайырлы, енді біреуге тым кесірлі болуы мүмкін екенін терең түйсінген.
Болмыстың осы екідайлығын, Жердегі барша жандықтың бекер жаратылмағанын, мәңгі Көк-Тәңірдің ғаршы күмбезінің астында тіршілік етуге бәрінің де қақысы барын анық түсінген Көшпенділер, сол орайдағы төл рухани ұстанымдарын, өзіндік ойлау сипаты мен өмірлік ережелерін қалыптастырып, бұл жүйе кейін «Тәңіршілдік» деп аталды.
Баршаға белгілі философиялар ішіндегі ең көне осы көшпенділердің диалектикалық философиясына мәдениеттанушы Мұрат Әуезов былай деп қысқа да нұсқа анықтама берді: «Тәңіршілдік — ұланғайыр кеңістіктерде өмір сүретін халықтың дүниетаным жүйесі!».
Мәселенің мәнісінен беймағлұм адамдар Тәңіршілдік философиясын қарабайыр «дін» деңгейіне төмендетіп, онымен қоймай, мүсіркеп, «пұтқа табынушылардың діні» екенін баса атап көрсетіп қояды, енді біреулер оны балаларға арнап шығарылған халық ертегілерімен шатастырып, тіптен кемітіп, «мифология» деп атап жібереді.
Отандастарыма берер кеңесім – егер монотеизмді (бір құдайға сенушілікті) жақтап қоймайтын әлдебіреу сіздердің көздеріңізше болмыстың әу бастағы негіздері мен адамзаттың руханилығы туралы ақылситын болса, заманауи түркітанушы Реми Дордың: «Тәңіршілдік – әлем діндерінің иығындағы жұлдызды шапан!» деген сөздерімен есінен тандырып, пікірсайыс алаңының бұрышына бір-ақ аттандырыңыздар.
Көзінің алды қарауытып, шыр айналған жұлдыздар биін тамашалап жатқан сол қарсыластың әңкі-тәңкі басына біздің таңбалы тастарды көріп, таңдай қаққан французға айтылған археологтардың мына ғылыми түсіндірмесін қоса құйып жіберіңіздер: «Қазақстандағы петроглифтердің – яғни, тәңіршілдікке тән аспани символдар бейнеленген жартастағы суреттерінің жасы – кемінде 6000 жыл!».
Сауаты аз халықты басқарудың ыңғайлы құралы ретіндегі түрлі діндерді ойлап тапқан айлакер байлар мен билеушілер 6000 жыл бұрын бұндайды түсінде де көрмегені анық.