Жуырда Атырауда судья Зарема Хамидуллина 13 жастағы қыздың өміріне қастандық жасаған 16 жастағы оқушыға осындай қатаң үкім кесті.Kazinform агенттігінің хабарлауынша, жасөспірім 2026 жылы 13 наурызда BINOM мектебіне үш пышақ, балға мен тістеуік алып келген. Ол бір сағаттан астам уақыт бойы шабуыл жасайтын адам іздеп, ақыры бейтаныс оқушы қызға пышақ ала ұмтылған. Қыз ауыр жараланып, отадан кейін аман қалған.
Алқабилер қатысқан сот отырысында жасөспірімнің қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Ол шетелдегі мектептерде болған жаппай кісі өлтіру оқиғаларын зерттеп, айналасындағы адамдарды жек көретіні туралы жазбалар қалдырған. Шабуылға шығар күні таңертең «Бүгін кегімді аламын» деп жазған.
БАҚ жазуынша, оқушы 2025 жылғы қазанда психологқа барып, сыныптастарының түр-әлпеті мен ұлтына тиісіп, келеке ететініне шағымданған. Ал 2026 жылғы ақпанда, оқиғадан аз уақыт бұрын, ҰҚК қызметкерлері оның әлеуметтік желідегі парақшаларынан діни-экстремистік мазмұндағы материалдар тапқан. Осыдан кейін онымен теологтың қатысуымен алдын алу мақсатында әңгімелескен.

Сот үкім шығарумен қатар, Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорына жекеше қаулы жолдады.Бұл оқиғада жасөспірімнің қатыгездігі мен оған кесілген ауыр жазадан бөлек, ойландыратын тағы бір жайт бар. Қауіптің алдын ала байқалған белгілеріне мектеп те, құқық қорғау органдары да дер кезінде әрекет етпеген. Алаңдауға негіз болған осы жайттардың бәрі тек сотта толық анықталды. Сондықтан министр мен облыс прокурорына жекеше қаулы жолдануы заңды да.
Жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал алдын алу жұмысының нәтижесіз болғаны үшін кім жауап береді, оған қандай шара қолданылады? Бұл жағы әзірге белгісіз. Мұны анықтау маңызды. Өйткені елімізде жыл сайын ондаған жасөспірім сотталады.
Мәселен, 2025 жылы кәмелетке толмаған 166 адам түрмеге қамалған. Оның 97-сіне 5 жылдан 10 жылға дейін жаза кесілген. Ауырлататын мән-жайларда адам өлтірген бір жасөспірім ғана 10 жылдан астам мерзімге сотталған.
2025 жылы қыркүйекте ҚР Қылмыстық кодексінің 81-бабы 7-бөлігінің жаңа редакциясы күшіне енді. Бұл норма бойынша кәмелетке толмағандарды бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан, ал жекелеген аса ауыр қылмыстар үшін 12 жылдан аспауға тиіс. Бірақ жасалған қылмыс үшін заңда тек өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделсе, кәмелетке толмағандарға 15 жылдан 20 жылға дейін жаза кесіледі. Атыраудағы оқушының 15 жылға сотталуын осы талаппен түсіндіруге болады.
Биыл кәмелетке толмағандарға заңдағы ең қатаң жаза қолданылған басқа істі кездестірмедік.




