Тамыз айында Қазақстанда жаңа Құрылтайды қалыптастыруға қатысты сайлау өтсе, қыркүйекте Ресейде Мемлекеттік Дума сайлауы ұйымдастырылады. Осындай саяси науқан қарсаңында Ресей коммунистерінің көшбасшысы Геннадий Зюганов партияның сайлауалды съезінде сөйлеп, «банктерде жатқан қаражатты дереу экономикадағы нақты секторға бағыттау қажет» деген пікір айтты.
Алайда бұл мәлімдемені бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі қырынан түсіндіріп жатыр. Мәселен, кей басылымдар оның сөзін «банктердегі қаражатты алып, нақты секторға жұмсауға шақырды» деп жеткізсе, енді біреулері «Зюганов ресейліктердің депозиттеріндегі 30 триллион рубльді тәркілеп, оны соғыс шығындарына пайдалануды ұсынды» деген мазмұнда жариялаған.
Іс жүзінде Ресей коммунистерінің жетекшісі «іздестіру» деген мүлдем басқа сөзді қолданған болатын. Алайда үрейге бой алдырған либералды баспасөз үшін мұның еш айырмашылығы болмады — олар бәрібір мұны коммунистерге тән баяғы «тартып алып, бөліске салу» сарынында қабылдады.
РФКП лидері өз сөзінде қазіргі уақытта банктерде азаматтардың 67 триллион рублі және кәсіпорындардың 63 триллион рублі сақтаулы тұрғанын атап өткен еді. Оның айтуынша, бұл қаражат экономиканың игілігіне жұмыс істеудің орнына, тек банкирлерді байытып, бос жатыр. Жиынтық құны 130 триллион рубльді құрайтын бұл қаражат елдің үш жылдық мемлекеттік бюджетіне тең. Сондықтан ол еш кідіріссіз кем дегенде қосымша 30 триллион рубль көлемінде қаржы көзін іздестіру қажеттігін алға тартты. Журналистер өз материалдарын «мүлкінен айыру» және «тәркілеу» деген сесті тақырыптармен бергенімен, саясаткердің нақты айтқан сөздері осыған саяды.
Сөйтіп, арнайы әскери операция, бюджет тапшылығы және экономикадағы қаржы жетіспеушілігі жағдайында, оған қоса 20 қыркүйекке белгіленген Мемлекеттік Дума сайлауы қарсаңында Ресейде либералдық-монетарлық бағытты қолдайтындар да, оған қарсы шығатындар да қызу пікірталасқа кіріскені байқалады. Енді Ресейдегі осы сайлауалды ахуалды Қазақстанның банк жүйесіндегі жағдаймен салыстырып көрейік.
Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан банктеріндегі салымдар көлемі 34,9 триллион теңгені құрады. Бұл шамамен 2026 жылға арналған республикалық бюджеттің бір жарым еселік көрсеткішіне тең (биылғы бюджеттің кірісі 22,9 трлн теңге, ал шығысы 26,3 трлн теңге деңгейінде бекітілген). Аталған соманың ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 11,2 триллион теңгені көрсетсе, жеке тұлғалардың жинақтаған қаражаты 23,7 триллион теңгеге жеткен, бұл — іс жүзінде бүкіл республикалық бюджеттің бір жылдық көлемімен тең деген сөз.
«Тартып алып, қайта бөлу» деген ұранды әзірге қоя тұрып, банк статистикасына назар аударайық. Ең алдымен, банктердегі ағымдағы және өзге де шоттардағы қаражат көлемі бұдан әлдеқайда көп екенін ескерген жөн. Біз қазір тек пайыздық сыйақы есептелетін депозиттер туралы айтып отырмыз. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, заңды тұлғалардың депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме – 16,8%, ал жеке тұлғалардың барлық салымдары бойынша орташа көрсеткіш – 14,8%. Осылайша, артық қаражатын өндірісті дамытуға жұмсамай, табысы жоғары банкке салған жекелеген кәсіпорындар мен күнделікті қажеттілігінен тыс ақша жинай алған кейбір отандастарымыз депозиттерден жылына 11,2×0,168+23,7×0,148=5,4 трлн теңге табыс табады. Жаман емес: бүгінде көлемі республикалық бюджеттің төрттен біріне жуық қаржы ешқандай өндірістік тәуекелсіз-ақ депозит иелерінің табысына айналып отыр.
Бірақ бұл мүмкіндік қолында артық қаражаты барларға ғана бұйырады.
Ал ақша жетпей, банк қаржысына мұқтаж болып отырғандар кімдер? Енді осы сұраққа тоқталайық.
2026 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша, банк секторының экономикаға бағыттаған жалпы несие көлемі 43,8 триллион теңгені құрады. Бұл соманың ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне 21,9%-дық мөлшерлемемен 18,5 триллион теңге несие берілсе, халыққа үлестірілген қарыз көлемі 25,3 триллион теңгеге жеткен. Тұрғындар несиесінің ішінде 9,8%-дық өсіммен берілген ипотекалық қарыздар 7,2 триллион теңгені көрсетсе, қалған 18,1 триллион теңгесі 23%-дық жоғары мөлшерлемемен рәсімделген тұтынушылық және өзге де несиелерге тиесілі. Осылайша, банктердің берілген несиелерден ғана алатын бір жылдық пайыздық табысы келесідей есептеледі: 18,5×0,219+7,2×0,098+18,1×0,23=9 трлн теңге.
Міне, қызық жайт осы жерден басталады. Қаражатқа мұқтаж жандарды несиемен қамтамасыз ету арқылы банктер депозит иелеріне төлейтін сыйақыдан шамамен екі есе көп табыс табады. Ал бұл кірістің көлемі республикалық бюджет шығыстарының жартысына жуығына тең. Тағы бір маңызды мәселе бар. Пайыздық сыйақы есептелетін депозиттері бар қазақстандықтардың нақты саны жөніндегі мәліметтер толық көлемде жариялана бермейді. Дегенмен түрлі бағалауларға қарағанда, мұндай салымшылардың үлесі ересек тұрғындардың жартысынан аспайды. Ал қомақты жинаққа ие азаматтардың саны одан да аз. Сондықтан жеке тұлғалардың депозиттеріндегі 23,7 трлн теңгенің негізгі бөлігі халықтың кең тобына емес, қаржылық мүмкіндігі жоғары азаматтар мен ауқатты отбасыларға тиесілі деуге негіз бар.
Ал несиеге келсек, оған елдегі ересек тұрғындардың басым бөлігі жүгінген. Демек, депозиттер арқылы жиналған қаражат банктердің табысын арттырып қана қоймай, қаржы ресурстарының бір топтан екінші топқа қайта бөлінуіне де ықпал етеді.
Енді Зюгановтың «қаражат экономикаға жұмыс істемей жатыр» деген пікіріне тоқталайық.
Бұл тұрғыдан алғанда, қазақстандық банктердің қызметі көбіне өндірістік секторды қаржыландыруға бағытталмаған деуге болады. Өнеркәсіпке инвестиция салу үшін ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржы қажет. Кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға арналған несиелер қысқа мерзімді болуы мүмкін, бірақ олардың да құны шамадан тыс жоғары болмауы тиіс.
Ал орташа мөлшерлеме 21,9 пайыз деңгейінде болған жағдайда мұндай қарыздардың тиімділігі негізінен сауда операциялары немесе жоғары табыстылыққа негізделген қаржылық мәмілелер үшін ғана сақталады.
Бұған бір ғана мысал жеткілікті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің небәрі 14,2%-ын құрады. Бұл қалыпты деңгейден шамамен екі есе төмен көрсеткіш. Ал биылғы қаңтар-мамыр айларында бұл үлес тіпті 10%-ға дейін түсіп кеткен. Мұндай жағдайды инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай әлсіреуі деп бағалауға болады.
Ең маңыздысы – онсыз да төмен инвестиция көлеміндегі банктердің үлесі бар болғаны 4,5%. Яғни банк секторы ұлттық экономиканы дамытуға бағытталған инвестициялық үдеріске айтарлықтай қатысып отырған жоқ. «Еуразия-24» басылымы бұл мәселеге бұған дейін де бірнеше рет назар аударған.
Ал инвестиция тапшылығын өтеу міндеті барған сайын бюджетке түсіп отыр. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың 21,9%-ы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш әдетте 8–10% деңгейінде болатын.
Тағы бір назар аударарлық жайт: ағымдағы жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша, экономиканы несиелендірудің жалпы көлемі 51,5 триллион теңгені құраған. Яғни, біз жоғарыда атап өткен банктердің 43,8 триллион теңгесіне қоса, шағын қаржы ұйымдары (МФО) тарапынан берілген 3,2 триллион теңге тағы бар. Бұл да қомақты сома және олардың нақты қандай «бизнесті» дөңгелетіп отырғаны бәрімізге белгілі. Сонымен қатар, ең қызығы, қалған 4,6 триллион теңге квазимемлекеттік сектордан, негізінен «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес құрылымы «Қазақстанның даму банкі» арқылы бағытталған. Онда несие пайызы біршама төмен — 12,6%, бірақ бұл қаржының қайдан келіп жатқанына үңілу керек. Даму институттарының бір бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Яғни қосымша жүктеме бюджетке түседі. Сонымен қатар «Бәйтерек» ішкі және сыртқы нарықтардан қарыз тартады. Ал мұндай қаражат кейін пайызымен бірге қайтарылуы тиіс.
Соның салдарынан жеңілдетілген қаржыландырудың едәуір бөлігі жоғары коммерциялық мөлшерлемелердің әсерін жұмсартуға жұмсалып отыр. Басқаша айтқанда, бұл тетік экономиканы қаржыландырумен қатар банк секторындағы қымбат несиенің салдарын өтеу қызметін де атқарып келеді.
Бұған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 25,7 трлн теңге көлеміндегі жинақты да қосуға болады (1 мамырдағы жағдай бойынша). Бұл – тағы бір республикалық бюджетпен шамалас қаржы. Алайда аталған қаражаттың экономикаға ықпалы шектеулі, ал оның тиімділігі жөніндегі пікірталастар зейнетақы жүйесіне қатысты талқылаулардың өзегіне айналып келеді. «Еуразия-24» бұл мәселеге де бірнеше рет назар аударған.
Осылайша, Қазақстанда да көлемі бірнеше республикалық бюджетке тең қаржының қаржы жүйесінде шоғырланып тұрғаны байқалады. Алайда алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға ниет білдіріп отырған саяси күштердің ішінде бұл мәселені ашық көтеріп жүргендері әзірге көзге түсе қоймайды.
Сондықтан мұндай сұрақтарды қоғам атынан қою міндеті бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылардың еншісінде қалып отыр. Атап айтқанда, неге қомақты қаржы ресурстары экономиканың нақты секторына жеткілікті деңгейде бағытталмайды және бұл жағдайға ақша-несие саясаты қаншалықты әсер етіп отыр деген сауалдар Үкімет пен Ұлттық банкке қойылуы заңды.
Өйткені қаржы ресурстарының экономикадағы қозғалысы мен қолжетімділігіне қатысты түйткілдер тек өзекті мәселе ғана емес, экономикалық саясаттың тиімділігіне берілетін маңызды бағаның бір бөлігі болып қала береді.
Сонымен қатар тағы бір сұрақ туындайды: Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет саналатын Қазақстанда азаматтар қолында жинағы болса, неге оны өз мемлекетіне емес, жеке банктерге сеніп тапсырады? Неліктен бұл қаражат қоғам мен экономиканың игілігіне емес, ең алдымен коммерциялық табыс табуға бағытталған қаржы институттарының айналымына түседі?
Ал қаржыға мұқтаж болған жағдайда азаматтар неге мемлекеттен емес, сол жеке банктерден қарыз алуға мәжбүр? Оның үстіне бұл жүйеде қаржы ұйымдарының табысы қарыз алушылар төлейтін сыйақыға негізделеді.
Халықтың жинақтарын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңірек пайдалану мүмкін емес пе? Мүмкін мұндай тетіктерді қарастыру қажет шығар?
Егер осы сауалдарға қазіргі Үкімет пен Ұлттық банк басшылығы нақты жауап берсе, құба-құп болар еді. Ал ондай жауап бүгін болмаса, жаңа Құрылтай сайлауынан кейін қалыптасатын мемлекеттік органдар бұл мәселелерге назар аударады деген үміт бар.
Тегтер: банктер, банкирлер, несиелер, депозиттер, пайыздық мөлшерлемелер, БЖЗҚ, Ұлттық банк, Геннадий Зюганов, КПРФ, Құрылтай сайлауы, Мемлекеттік Дума сайлауы, жоғары табыс, әлеуметтік саясат, инвестициялар, негізгі капитал




