Астана. 14 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның екінші деңгейлі банктері әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің келісімі негізінде банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынатын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
«Шығыстар да ескеріле ме деген сұраққа келсек, иә, олар да есепке алынады. Заңға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер әлеуметтік көмек алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәлімет береді. Осы жұмыс аясында азаматтардың кірістері де, шығыстары да ескеріледі», – деді Ертаев сәрсенбі күні Құрылтай отырысында.
Министрдің айтуынша, отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайы Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер негізінде бағаланады. Бұл жүйе мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат алып, жұмыспен қамту, табыс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кредиттік берешек, білім және басқа да көрсеткіштерді қамтитын сегіз негізгі бағыт бойынша 50-ден астам өлшемді талдайды.
Ертаев отбасының әлеуметтік жағдайын анықтағанда жалақы немесе мүлік сияқты бір ғана көрсеткішке сүйенбейтінін түсіндірді. Жүйе отбасының материалдық және әлеуметтік жағдайына қатысты барлық мәліметті кешенді түрде бағалап, оның қай санатқа жататынын анықтайды.
Отбасының цифрлық картасы 30 дерекқормен біріктірілген. Ондағы мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады, ал отбасының әлеуметтік әл-ауқат санаты ай сайын анықталады.
Министрдің сөзінше, егер отбасының материалдық жағдайы нашарлап, ол көмекке мұқтаждар санатына өтсе, жүйе тиісті мемлекеттік қолдау шараларын азаматтың өтінішін күтпей-ақ тағайындауға мүмкіндік береді.
«Бұл мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып, отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайындағы өзгерістерді ескеруге, оларға дер кезінде қолдау көрсетуге және әл-ауқат деңгейін қайта бағалауға мүмкіндік береді», – деді министр.
Бұған дейін Қазақстан әлеуметтік қолдау жүйесін реформалап, мемлекеттік көмекті азаматтардың нақты мұқтаждығына қарай көрсетуге көшу нәтижесінде 2027 жылы шамамен 700 млрд теңге, ал үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық қаржы үнемдеуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа шарттарын енгізуді көздейтін қаулыға қол қойды.
Өзгерістер мемлекеттік жәрдемақының 10 түріне қатысты болады. Олардың қатарында бала туған кезде берілетін біржолғы төлем, бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы, көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты берілетін жәрдемақылар бар.
Сондай-ақ жаңа талаптар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын азаматтарға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған қамқоршыларға төленетін жәрдемақыларға, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға және жерлеуге берілетін біржолғы төлемге қолданылады.
Құжаттағы басты өзгерістердің бірі – келесі жылдан бастап жәрдемақылар отбасының немесе азаматтың әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай тағайындалады.
Әлеуметтік әл-ауқаты жоғары (А) және ауқатты (В) санаттарына жатқызылған азаматтар жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақыларды ала алмайды.
Қазақстанда 2023 жылы отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесі енгізілген. Бұл әдістеме бойынша азаматтар бес санатқа бөлінеді: әл-ауқаты жақсы (А), қанағаттанарлық (В), қанағаттанарлықсыз (С), дағдарысты (D) және шұғыл көмек қажет ететін (Е).
Әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бірнеше көрсеткіш бойынша жиналған ұпайлардың негізінде есептеледі. Атап айтқанда, азаматтардың табысы мен кредиттік міндеттемелері, жұмыспен қамтылуы, мүлкі, әлеуметтік қорғалуы, денсаулық жағдайы, білімі, тұрғын үй жағдайы мен инфрақұрылымға қолжетімділігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қатысты көрсеткіштер ескеріледі.
14 қазандағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 448,45 теңге.




