Астана. 7 сәуір. Интерфакс-Қазақстан – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Энергетика министрлігіне ағымдағы жылдың шілде айына дейін көмір химиясы саласын мемлекеттік қолдау жөніндегі кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.
«Қазақстанда көмір химиясы саласы әлі қалыптасу кезеңінде болғанымен, оның әлеуеті өте жоғары. Көмірден жоғары қосылған құны бар өнім өндіру экономиканы әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті нығайтуға ықпал етеді. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне 1 шілдеге дейін көмір химиясы саласын мемлекеттік қолдау шараларының кешенін әзірлеуді, сондай-ақ Бәйтерек холдингімен бірлесіп көмір-химия жобаларын қаржыландырудың нақты тетіктерін айқындауды тапсырамын», – деді Бектенов үкімет отырысында.
Сонымен қатар Энергетика министрлігіне Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп бір ай ішінде қолданыстағы энергия көздеріне талдау жүргізіп, әрбір станция бойынша «таза көмір» технологияларын енгізу жөніндегі жол карталарын бекіту тапсырылды.
«Қолданыстағы көмір электр станцияларында, оның ішінде электрсүзгілерді енгізе отырып, заманауи тазарту жүйелерін кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Тазарту жүйелерінің тиімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу бағытындағы зерттеулерді жандандыру керек», – деді ол.
Сондай-ақ көмір өнеркәсібі кәсіпорындарымен бірлесіп, бір ай мерзімде көмір өндіру тиімділігін арттыру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды.




