Дубай. 18 қазан. ИНТЕРФАКС – Жексенбі күні Иран парламенті Мехрдад Ахлагиді елдің қорғаныс министрі қызметіне бекітті. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасы хабарлады.
«Бүгін Ислам консультативтік кеңесінің депутаттары Қорғаныс және Қарулы күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету министрі лауазымына ұсынылған Мехрдад Ахлагидің кандидатурасын қолдап, оған сенім білдірді», – делінген хабарламада.
Дауыс беруге қатысқан 277 депутаттың 237-сі Ахлагидің кандидатурасын қолдады. Ол биыл ақпанда АҚШ-пен арадағы қарулы қақтығыстың алғашқы күні әуе соққыларынан қаза тапқан бұрынғы министрдің орнына тағайындалды.
Жаңадан тағайындалған Иран қорғаныс министрі Вашингтон Иранға қарсы әскери операциясын қайта бастаса, АҚШ пен оның Таяу Шығыстағы одақтастарына орасан зор шығын келтірілетінін ескертті.
«Азаматтарымыз алаңдамаса болады. Олар бізге қайта шабуыл жасауға батылы бара қоймас. Ал АҚШ мұндай қадамға барса, оның өзі де, бүкіл аймақ та орасан зор зардап шегеді», – деді Ахлаги парламент оның кандидатурасын мақұлдағаннан кейін журналистерге берген сұхбатында.
Мехрдад Ахлаги 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе соққысынан қаза тапқан Азиз Насирзаденің орнына келді. Сол күні елдің жоғары басшылығы орналасқан кешенге жасалған шабуыл салдарынан бұрынғы жоғарғы көшбасшы, аятолла Әли Хаменеи мен жоғары шенді әскери қолбасшылар да қаза тапқан болатын.




